БҚО-да полицей саусақ іздері арқылы пәтер ұрлығын ашты
Іздерді жедел тексеру барысында криминалистикалық есеп базасы бойынша күдіктінің кім екені анықталды.
БҚО-да полицей саусақ іздері арқылы ірі пәтер ұрлығының бетін ашты, деп хабарлады turkystan.kz.
Криминалистердің жұмысындағы басты қағида – ол дәлелдемелер мен мәліметтерді жинақтау. Қылмыскерлер іздерін қанша жасырғысы келсе де, тәжірибесі мол кәсіби маманның өзі түкке тұрғысыз зат арқылы қылмыскердің құйтырқы амалын шешіп, қылмыскерлерді әшкерелеп жатады.
Сондай кәсіби мамандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал қалалық ПБ Шаған ПБ жедел-криминалистикалық тобының криминалисті Руслан Дускалиев күдіктілердің терезеге қалдырып кеткен саусақ іздері арқылы пәтер ұрлығын ашты. 2023 жылы қыркүйек айында «102» операторына жергілікті тұрғын хабарласып, сейфтен миллиондаған доллар ұрланғанын хабарлады. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы жіберілді.
«Анықталғанындай, белгісіз біреу Орал қаласындағы тұрғылықты үйлердің біріне терезесін сындыру арқылы кіріп, сейфтен 10 мың АҚШ долларын және 3млн 700 мың теңге (шамамен 8 млн теңге көлеміндегі) ақшалай қаражатын құпия түрде ұрлап кеткен», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.
Уақытын жоғалтпай Руслан Дускалиев оқиға орнын, қылмыскердің келіп-кету жолын жан-жақты тексеріп шығады. Нәтижесінде ұры кірген терезеден қолдың іздерін табады. Іздерді жедел тексеру барысында криминалистикалық есеп базасы бойынша күдіктінің кім екені анықталды.
«Ол 33 жастағы облыс орталығының тұрғыны екені анықталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тәулікке жетпейтін уақыт ішінде қылмыскер ұсталды. Бағына орай, күдікті ұрланған ақшаны түгел жұмсап үлгермеген. Ол тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды», – делінген хабарламада.
Орал қаласы қылмыстық сотының шешімімен күдікті сотталып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне жақын арада енеді.