Жаңалықтар

Ауылдарда жоспарланған 655 медициналық нысанның 85-і ғана салынған

ашық дереккөз

Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық жобалардың дер кезінде жүзеге асырылмауын құр сылтау деп бағалады. 

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді. Іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да – құр сылтау. Басқа себебі жоқ деп ойлаймын. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек, сондай ниет болмай тұр деген сөз», - деп сынға алды Президент.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланған. Мұнда техникалық құжаттар дер кезінде әзірленбеген, жер де уақытылы бөлінбеген.

«Оған қоса, отандық өндірушілердің көбі жаңа мектептердің құрылысына қатыса алмайтынын айтып, шағымданып жүр. Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі болып жатқан барлық мәселені дереу шешуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.