Өтіндей-ақ аюдың...
(Атырау экспедициясынан түйген ойлар)
Қабаққа біткен қайыңның Беріші еді, безі еді. Өтіндей-ақ аюдың Әкемнен қалған көз еді. (І. Жансүгіров)
Үзілмесін ұзан жырдың желісі
Атырау өңірі – ертеден жыр құндақтаған өңір. Ақ боз үйді салдырып, ортаға жыршы алдырып, түнді таңға ұрып жыр-терме айтқызатын осы бағзы әдемі дәстүрдің нәтижесінде бұл жақта құлағын домбыра үнімен, жыр мақамымен ашпаған жан бұрын әй болмаған-ау! Ашқанда да төгілтіп, екпіндетіп, түйдек-түйдегімен делебені қоздыра айтатын батырлар жырымен ашқан. Оның ішінде қаһармандық эпос осы Батыс Қазақстан өлкесінде өмірге келіп, тұсауы кесілген. Атырау сол жыршылық өнер тараған атыраптың арасынан орнын ойып тұрып алады. Облысқа шектес Ойыл, Ақтөбе жеріндегі атақты Үкі жыраудан бастау алып, Мақуеттерге жалғасып, Нұрпейіс Байғаниндерге шейін тарқатылып жеткен, Маңғыстау беттен, Абыл, Ақтан, Мұрын жыраулар арқылы тасқындап келген атақты «Қырымның қырық батыры» циклының бағзы отаны, ондағы аламан кейіпкерлердің жасаған жері – Алтын Орда құрылған, Ноғай ұлысы, оның таяғын ұстап қалған атакүлдік Атырау. Сондықтан да бұл жерде Нұрым Шыршығұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы тәрізді жадында миллион жыр шумағын еркін сақтаған ақтаңгер жыршы-жыраулар өткен. Осы өнердің жалғасындай Құмар Жүсіпов секілді күшті жыршылардың арқасында 1970-жылдарға шейін үзілмей келген еді. Енді не қалды екен, сол жүйріктердің орнында? Бірден басын ашып айтайық, өңірде киелі жыршылық өнер үзілген екен. Еліміздің өзге аймақтарының да шекесі бұл жағынан шылқып тұрған жоқ (Сыр бойынан басқасы), десе де, экспедиция барысында өзіміз болған бес ауданнан жыр айтатын, терме айтатын бірде-бір адам таппадық. Бала Ораз шыққан Махамбетте, Мақатта тіпті ауылдың алты ауызын айтатын жан баласын жолықтыра алмадық. Қызылқоға ауданы Ойыл ауылында біз үйінде болған Айтбаев Досбай (75 жаста) қолына көптен қол тимей қаңсып тұрған домбырасын алып, «Ақбөбек», «Жылыой» халық әндерін бастаған шақта жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Индерборда, аудандық газеттің бас редакторы Жанай Амантурлиннің үйінде біз тыңдаған жергілікті әнші Еркін Әубәкіров дәстүрлі әндерді де, қазіргі танымал әндерді де бірдей айтатын танымал өнерпаз болып шықты. 1963 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының Зауральный ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1983 жылы М.Өтемісұлы атындағы мемлекеттік университетін «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті бойынша бітірген. Қ.Бердіғалиевтің шәкірті. Ғ.Құрманғалиев, М.Мерәліұлы, М.Төрешев атындағы байқауларға қатысып, лауреат, дипломат атанып жүр. «Қазақтың дәстүрлі ән-күйлері» антологиясына енген туындыларды орындаушы ретінде «Жетісаз» бағдарламасында өнер көрсеткен.
Дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген өнерпаз. 2002 жылдан бастап жұмыс бабымен Атырау облысында мәдениет саласында қызметте. Соның ішінде репертуарында өзіміз ынта қойып тыңдаған белгілі жергілікті әнші, ақын Қиса Көпжановтың бірнеше әні бар. Ол Қисадан бірнеше ән орындап, бірқатар мәліметтер жеткізді. Сонымен қатар халық әндері «Әдемі қыз», «Ақжайық», «Ақеркені» шырқап, одан әрі кейінгі мелодист композиторлардың әндеріне көшті. «Көпшілік ортада дәстүрлі әндер сұранысқа ие ме?» деген сұрағымызға «Қазір үлкендер ғана халық әндерін, терме-жырларды орындауды сұрайды, соңғы уақытта денсаулығыма байланысты халық әндері, термелер көмейге салып айтылатындықтан әзірге орындамай жүрмін, дегенмен оқуы мен дәстүрлі өнерді қатар алып жүрген шәкірттерім бар» деп жауап берді. Демек, Атырау өңірінде жыршы-жыраулар өнері бағзыдағыдай ауыздықпен алысып тұрмаса да оның арқауын үзіп алмай, дамытуға, жастарды өнердің ежелгі халықтық түріне баулуға мүмкіндік бар деген сөз. Ол үшін Атырау атырабындағы жыршылық-термешілік өнерді жаңғырту, Атырау жеріндегі жыршылық-термешілік өнердің қазіргі жағдайын зерттеп, проблемаларын анықтап, перспективаларын белгілеу, Атырау жыршылық-термешілік өнерінің толық тарихын жасап, ерекшеліктерін ашу, өлкедегі белгілі жыршылардың мұрасын жиыстыру, Ұлттық кітапханадағы грампластинкаларды, ҚР ҒА Қолжазба қорындағы қолжазбаларды, магнитофон жазбаларын тауып, қалпына келтіріп, зерттеу және ғылыми айналымға қосу, Атырау жыршылық-термешілік өнерін облыстық, республикалық БАҚ арқылы насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Сонда ғана жыршылық-термешілік өнерді қалпына келтіріп, дамытып, насихаттаудың осы замандық, интерактивті формаларын талдап жасап, өрістетуге болады. Бұның әсері ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, өскелең ұрпақты ұлттық рух, салт-дәстүр, төл өнер аясында тәрбиелеуге, жастар мен балалардың санасын индустриялық қоғамның жат әсерлерінен аман сақтауға зор пайдасын тигізер еді.
Жер атауы — ел тарихы
Біз экспедиция кезінде назар аударған екінші мәселе – жер-су аттары. Атырау атырабының топонимикасы жергілікті ғалымдар тарапынан бүгінге дейін біршама зерттелген, осы тақырыпта том-том кітаптар шыққан. Экспедиция барысында түйген ой, жер-су аттары атүсті зерттелгенімен, жете зерттелді деп айтуға әлі ерте екен. Осы ойымызды бірер мысалмен дәлелдейік. Жайықтың сол жағалауындағы елдің ортасын төрт жерден айыра ағып жатқан Жем, Қайнар, Сағыз және Ойыл дейтін қасиетті өзендер бар. Сол Жемнің түстік бетінде, Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылымен Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылы аралығындағы кең алқапта шығыстан батысқа қарай ұзына бойы созылған тау тізбегін арнайы барып араладық. Қырқа шығысында атақты Иманқара, Қойқара биігінен бастау алып, одан әрі ақборлы қыратқа дейін келеді де, одан әрі Сарнияздың жалы делінетін қаражон-жоталарға ұласып, Жемге алты-жеті шақырым жетпей аяқталады. Әлгі ақборлы қырқа бүгінге дейін «Ақкегеріш», «Досының ағы» деген екі түрлі атпен аталып келеді. Ақбортауға кіреберіс жолдың бойына қойылған туристік тақташада «Ақкегеріш, Ақкегершін Борлы таулары» деп жазылған. Одан төмен мынадай анықтама берілген: «...Атауының мағынасы» толық толған ай» дегенге келеді. Бұл оның толған айдай болған сұлу келбетіне байланысты туындаған. Бірақ біз болған Ақкегеріш Айға еш ұқсамайды қазақша айтқанда, алты аласы, бес бересі жоқ. Сірә, тақтайшаға мәтінін әзірлегендер сөз болып отырған Борлытауды одан әріректе, Ақтөбенің Байғанин ауданының аумағында жатқан белгілі Ақтолағай борлы үстіртімен шатастырып алған болуы керек, шындығында оның айтуының да «толған Айға» еш қатысы жоқ, қазақ ұғымындағы сойылған малдың ақсөңке бас сүйегінің аты – «толағайдан» шыққан. Біз бұл мәселенің анығын Құлсарыда тұратын белгілі өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаровтан сұрадық. Ол мынадай дерек айтты: «Біздің жақта мезозой дәуірінің жоғарғы бор кезеңіне жататын бірнеше борлы қырат бар –Ақтолағай, Ақұшан, Ақкерегешың. Бәрі бір үстірт-өңірді құрайды.
Соңғы аталған қырат-қырқаны жергілікті жұрт «Досының ағы» дейді. Бұрындары Досы деген кісі осы жерде мал жайып отырыпты. Балалық шағым осы маңда мал бағумен өткендіктен, мен мұны жақсы білемін. Қайбір жылы Құлсарыға шетелдік зерттеушілер келді. Қолдарында ертеректе басылған карта бар екен. Онда Досының ағы «Ақкерегешың» деп белгіленіпті. Сірә, осы сөз үстірттің ежелгі аты болса керек. Кейіндері ұлты орыс геологтармен зерттеушілер тілдері келмей, «Ақкегершін» деп атап кеткен. Палеонтолог, өлкетанушы Юрий Пастухов «Ақкерегешың» деп айтып жазып жүрді. Осы атауды қабылдап, орнықтыру керек. Біз де бұл пікірге қосыламыз. Келешекте Иманқара-Қойқарамен Ақкерегешыңды бір үстірт ретінде қабылдап, ортақ туристік маршрут жасап, «Ақкерегешың» деп біржола қайта атау керек. Ол үшін оларға алып баратын Құлсары-Мұқыр тас жолын қазіргі «Не жаздым, Құдай?» қалпынан арылтып, жөнге келтіру қажет. Сондай-ақ өлкедегі оронимдермен қатар шұрат (урочище) аттары да қайта зерделеуді тілейді. Мысалы, Ақшелек шұраты. Ол Қызылқоға ауданының Мұқыр кентімен Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Ебейті кентінің аралығында, екеуінен бірдей қашықтықта орналасқан. Атырау-Орск магистральды мұнай құбырынан сәл жоғары. Бұрын, совет кезінде ферма орталығы болған. Қазірде бір малшы үйінен өңге ел жоқ. Жергілікті тұрғындардан Ақшелек сөзінің мағынасын сұрағанымызда ешкім мандытып дерек айта алмады. Шауып шыққанда сүйенгендері – түйе малында кездесетін ақшелек ауруы (қазақта «Ақшелек болғыр!» дейтін қарғыс сөз бар). Ал біздің өз бетімізбен ізденуіміз қазақтың құдық қазу өнеріне әкеп тіреді. Соның ішінде бұл ойымызға атыраулық өлкетанушы Мұрат Бектеновтің «Құмаршық» кітабындағы Нарын құмы құдықтары жайлы бір мәлімет түрткі болды: «...Жел үрлеген, ызасы шығып жатқан жерді күрекпен қазып, алақанға салып қысып-сығып, қолына жұққан ылғал топыраққа үлкендер тілін тигізіп, дәмін татып, «суы тұщы, ызасы мол екен, су көзі таусылмайтын жер болса керек, осы жерден құдық қазыңдар» деуші еді. Қарттардың көрсеткен жерінен құдықтың тереңдігі төрт күрек бойы аса су шығатын. Құдық қазғанда тереңдік өлшемі күрек бойы деп есептейтін немесе 80-100 см-ден аспайтын, тайыз жерден шығатын құдық ашық тұрушы еді, оны «Ақшелекқұдық» деп атайды... Сол құдықтардың аумағы үш-төрт метрдей болады, мол су жиналып, қанша мал су ішсе де таусылмай, қыста жылы, жазда салқын болып, малдың мейірі қанып су ішетін... Сонымен, Ақшелек топонимі «шегенделмеген, ашық құдық» атауынан шыққан екен. Сол Ақшелекқұдық әлі де бар, тек бұрынғыдай мол сулы емес, сөйтсе де помпалы насос күшімен айдап шығарып астауға құйған су мұқырлық Ізбасар Отар иелігіндегі шаруа қожалықтың малын суаруға қаптал жетіп тұр. Ақшелектен оңтүстік-батысқа қарай, мұнай құбыр бойында картаға «Тасқұдық» деген атпен түскен ауыл бар. Картада 211-биіктік, 3-мұнай айдау стансасы. Бұл аттың мәнісін сұрағанымызда, жергілікті тұрғындар 4-5 шақырым жердегі осы аттас құдыққа сілтеді. Бірақ ол құдықта тас түгіл дәнеңе жоқ, заманында тал-қураймен ғана шегенделген. Мұның да жауабын кітап ақтарып отырып таптық. Осы жердің перзенті, кезінде Мақат ауданында партия-совет қызметінде болған марқұм Бағыт Демегенов «Ылаң»деген мақаласында Тасқұдықты «Төсқұдық» деп тарқатыпты. Яғни, төскейден (биіктеу жерден) қазылған құдық.
Жер-су аттары мәселесінде бірқыдыру проблема советтік кезеңдегі атауларға байланысты орын алып отыр. Айталық, Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылының аты осындағы асылтұқымды қаракөл қой зауыты дәуірлей бастаған шақта, революционер Әліби Жангелдин қайтыс болған 1953 жылы үкімет шешімімен қойылған екен. Бұрынғы қазақы аты ел жадынан шыққан. Кейінде советизация дүмпуімен ол аттан құтылу керек болғанда қайсыбіреулер Жангелдин атауын осы маңдағы Жыңғылды өзенімен (Ойылдың бір саласы) байланыстырған. Яғни, дыбыстық өзгеріске түскен топоним ретінде дәлелдейді. Ал бұл версиямен келіспеген екінші топ жақын маңдағы Қазыбек би бейітінен шығарып, осы кісінің атына өзгертуді ұсынып отыр. Қайталап айтамыз, Жыңғылды өзенінің Жангелдинге қатысы жоқ, Әліби Жангелдин есімін есте қалдыру үшін қойылған, оны дәлелдейтін архивтік деректер бар. Ендеше, ауылдың атын кезінде осы атырапқа мәлім тарихи тұлға Сырым Датұлы қозғалысына қатысқан белгілі би Қазыбектің атымен атаса, тарихи әділеттілік болар еді (Қазыбек – Батыс Алашорданың қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш мұнай барлаушысы Беркінғали Атшыбаевтың бабасы). Махамбет ауданында болғанымызда «Ортақшыл» елді мекеннің атауына назар аудардық. Елді мекен патша заманында №13 ауыл деп белгіленген, ал 1920-1930-жылдары «Ортақшыл» деген атпен құрылған артель (ТОЗ, «Қосшы» одағы кезіндегі) атымен аталып, колхозға айналғанда да осы атты сақтап қалса керек. 1950-жылдары колхоздар бірігіп, іріленіп, совхоз боп құрылғанда Ортақшыл «Зауралье» кеңшарының орталық усадьбасына айналады. Тәуелсіздік кезеңінде одан құтылып, тәубастағы «Ортақшыл» атауына қайтып оралады. Біз бұл елді мекеннің төл, қазақы атын сұрастырғанымызда білетіндер «Қоскөл» деген атауды атады. Кеңес кезінде бұл ат совхоздағы орта мектеп атында сақталған екен, яғни Қоскөл мектебі қазір де солай. Осылай бола тұра, кеңессіздендіру саясаты қызу жүргізіліп жатқан қазіргідей уақытта байырғы Қоскөлді алмай, советтік Ортақшылдың түп етегінен ұстап айырылмау еш санаға сыймайды. Қызылқоға ауданындағы «Жасқайрат» ауылы да осының кебін киіп отыр. Іздесе, ізденсе елді мекендерді жаңадан атауға резерв жетеді. Мәселен, Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылы (бұрынғы 8-ауыл) өз перзенті, Қазан университетінің түлегі, қазақтың алғаш кәсіби мал дәрігерлерінің бірі Бақытжан Қаратаевпен 1905-1906 жылдары Оралда Қазақ конституциялық демократтар кадет партиясын құрысқан Ғұбайдолла Бердиев есімімен белгілі. Осы қайраткерге туған ауылында көше ғана аталған, басқа дым жоқ. Сол сияқты, осы аудандағы 7-ауылда туып-өскен белгілі Батыс Алаш-Орда қайраткері, Сағыз уездік управасы сотының төрағасы болған заңгер Ғабдолла Қожаров есімін есте қалдырып, әлгі ауылды осы қайраткердің есімімен неге атамасқа?! Атырау атырабынан «Кім шықты?» деп емес, «Кім шықпады?» деп сұраңыз...
Ұлттық тағам ұмытылмауға тиіс
Экспедициялық сапарда біз үнемі назарда ұстаған нәрсе – ұлттық тағам әзірлеу, шай құнттау салтанаты болды. Атырау ежелден аузын ақтан үзбеген ел. Біз ес білгенде, күнде таңертең шұбаттың бір шұбар тостағанын (зерен) тауысып ішіп, ыссы таба нанды қарбыта екі-үш асап, содан кейін үй бетін көрмей ойнап, кешкі тамаққа бір-ақ келетінбіз. Ол кезде қай үй болсын күрпітіп түйе сауады. Жалғыз өркеш нар мен аруананың сүтін әрсіздеу болып келеді (майлылығы жазда 3,5 пайыз, қыста 4,5 пайыз шамасында). Қос өркештің майлылығы жоғары – 7-8 пайызды төңіректейді. Шайға қатқанға осы соңғысы әрлі. Атырау жақ «қан сыйдырып құйшы» деп отыратын жоса түстес қызыл күрең шай осы қос өркештің сүтімен демделеді (бүгінде әлемдік стандартқа сай құрғақ сүт, балмұздақ тәрізді таңсық өнімдер осы бактериан сүтінен жасалып жүр). Ал шұбат ашытуда керісінше, малдың маңдайы жалғыз өркеш дромедар. «Шұбат иесінің ықыласымен ашиды» дейтін сөз бар ғой, десе де, әдетте Маңғыстау бетте өсірілетін жалғыз өркештің шұбатының сусындық та, емдік те қасиеті бөлек. Оның және бір себебі, шұбат бұрынырақта арнайы өз ыдысында – күбі шелекте ашытылған. Нарын жақта күбі шелекті темірмен құрсаулап, биіктігін төрт-бес жастағы баланың бойындай етіп жасайды. «Түйемен көшіп-қонғанда, жүктің жанына байлап қойғанда, қақпағына мәрлі орап жауып алғанда ешқандай төгілмей баратын еді. Сол күбінің сыртына киіз қап тігіп, сыртын кенеп шүберекпен қаптап тастағанда, ішіндегі сусын көпке дейін жылып кетпейтін, сол кездің қазіргі мұздатқышы еді. Отырықшы болғанда да, көшкенде де жылып кетпей, ішіндегі ас азбай сақталады» (Мұрат Бектенов). Мұндайды семеннен жасалған, ішін құмды, құмдауыт жерде өсетін құртқашаш дейтін өсімдікпен (шөппен) ыстап, тазалап алып отырған. Дәл қымыз сабасын тіккендегідей. Дегенмен Нарынның шұбат күбішелегі қымыз ашытатын күбіге келіңкіреді (бұл жақта қымызды да, шұбатты да бір ыдысты ашыта береді), оны да жіңішке тақтайларды темірмен құрсаулап, не тұтас қайың дөңбектің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы жасайды. Түп жағынан, ағаштың өзінен үш қысқа аяқ, қақпағы орнықты болу үшін жоғары шетінен үш құлақ шығарады. Және дем шығарып тұратын арнайы тесігі болады.
Экспедиция кезінде біз бірнеше жерден күбішелек ұшыраттық. Миялы кентіндегі аудандық музейде тұрған экспонат күбішелек және Жылыойдың Тұрғызба селолық округі әкімдігі ғимаратындағы музей бөлмеге жергілікті өлкетанушы Бозай Қарамолдиев жинақтаған мүліктердің біреуі. Тағы бірі Қызылқоғаның Жасқайрат ауылының тұрғыны Сая Сейітәлиеваның үйінен шықты (екеуі де облыстық музей қорына алынды). Бұлардың Нарын жақта қолданылатын күбі тектес шұбат ашыту ыдысынан едәуір айырмашылығы бар: нарындықтардікіндей үлкен емес, аласа, жуантық, шамамен 60 см мөлшерлі болып келеді, бірақ дәл Нарындағыдай жіңішкелеу ағаш (емен, қайың) тақтайшалардан жиналып, темір белдеулермен құрсалады. Әлгі белдеулерді алып тастап, ағаш тақтайшаларды шашып (демонтаж жасап), әрқайсысын құртқашалықпен ыстап, шұбат әрім татып кетпес үшін өңезге қалдықтарды кетіріп, тазалап отырған. Жоғары жағынан сүт құйып, ашыған шұбатты қотарып алатын қақпақ шығарылған. Алайда біз ұшыратқан күбішелектерде Нарындағыдай, яки біз бала кезімізде көргендегідей дем шығарып тұратын арнайы тесігі болмай шықты (біз көргенде апаларымыз бұрандалы болтпен бұрап, жауып-ашып отыратын). Осының өзі бізді мынадай ойға жетеледі: әдетте, дем шығарар тесікті шұбат қатты ашыған кезде ыдысты іштегі газ жарып жібермес үшін қалдырады, ал біз көрген күбішелектерде ол жоқ. Демек, кейінгі шұбатта ыдысты жарып жіберерлік күш-қуат болмаған. Мұның мәнісі, қазіргі шұбат негізінен қос өркеш түйенің сүтінен ашытылатын болса керек. Яғни, бактерианның сүті әрлі болғанымен, одан ашытылған сүт дромеодардікіндей кеңсірігіңді жарып жіберетін ашулы болып, шырт-шыртсынып, быршып тұрмайды, жуастау келеді. Сәл ашқылтым, көбінесе айран, қымыран дәмдес. Бұл өңірде шұбат ашытудың үш түрлі әдісі бар: пісіріп ыстап және шикілей ашыту. Сірә, біз бала кезімізде көре қалған «ақырған» шұбат осының үшіншісі, яғни шикілей ашытылғаны да, шикілей ашытылғаны да бүгінде қызылқоғалықтар мен жылыойлықтар ашытатын тәсіл пісіру арқылы жасалса керек (Жылыойдың Қарағай ауылының тұрғындары шұбаттың бұл түрін «шие татыған шұбат» деп әліптейді). Күбішелек жөніндегі деректерді қорытындылай келе айтарымыз, шұбат ашытуда қазіргідей эмальшелек, кәстрөлде шұбат ашытудың орнына күбішелекте шикілей ашыту тәсілін жаңғырту керек. Неге десеңіз, әлгіндей әдіс пен ыдысы келіскен шұбат оншақты күнге дейін тағамдық, емдік қасиетін жоғалтпай тұрады. Дүние жүзінде қазір де шұбатқа сұраныс артып келеді, әсіресе, Израиль, Қытай сияқты алып нарығы бар елдерде. Әлі де шауыттап түйе айдап отырған Атырау аймағы осы ұлы мұсабиқа-жарысқа қосылса кәнеки?! Атырау жерінің шай құнттау өнері (чайная церемония) ерекше деген ілгерідегі сөзімізді тағы да көз көргендерімізбен тірілтейік. 1960-1970-жылдары қырдағы ауылдардағы бүткіл үй шәйді былайша демдейтін: құдықтың, бәлки қақтың суын (көктемде, жазда, күзде селдетіп өтетін жаңбырдың ойпаңдау жерде тұрып қалатын суы) немесе саздың бетіне жиналған саф таза суды әкеп, қаңылтырмен құрсаған үлкендеу ескі шәйнекке (шәйгөн) қайнатып алады да, үш аяқты шоқаяққа (кейде подносқа) жалыны будақтап тұрған тезектің шоғын салады. Оған қаңылтыр құрсаумен әбден жамалған, қабырғасына шәйдің түсі сіңіп, қызылкүрең түске әбден боялған тасқұманды әкеп ернектеп қояды. Сосын оған шайкебежеден алып, қаңылтыр қалбырдағы үнді шәйін (ол болмаса №36 аралас шайды) мол қылып салады. Шоқаяқтағы тасқұман ызыңдап, бір мезгілде саған қарап түкіріп-түкіріп қояды. Болды, енді кірісе беруге болады! Қызылкүрең шайдан әжеңмен жарыса сораптайсың, бір сағат өткенде о кісі де, сен де бүкіл арысыңнан, жүйке-жүйеңнен бұршақтап тер кетіп, әбден босайсың: қаңылтыр қалбырдағы шайдың ішінде арагідік жүретін ақтүйіршіктер – жеңіл наркотик қалампырдың күшіне шайдың өз таниндері қосылып, тонус көтеріле бастады деген сөз. Бір-бір бас шақпақ секер тістеп ішсең шай, ал сарсу секер тістеп ішсең, ол шайдың аты сарысу шай болады. Сарсуды дайындаудың жолы мынадай: әзірленген ірімшікті, қатық не сүзбені дорбаға салып, жоғарырақ іледі де, астына ыдыс қояды. Дорбадан тамшылаған сарсудың (сондай-ақ сүтті піскеннен соңғы қойылған мәйегін) әбден қойылып, қоймалжың қорабаға айналғанша қазанға салып, бәсең отта қайнатады. Сонан соң әлгі қорабаны бөлек-бөлек жұмыршықтап, күн астына (өреге) жайып, не желдеп тұратын бөлмеде кептіреді. Кепкесін қатырма түрінде өзін де жей бересің, не құрт сияқты тұздық етіп етке, ет тағамдарына қосуға болады. Ал қоймалжың қорабаны кептіруге қоймай, сүт қосып, қызылқоңыр болғанша ұзақ қайнатса, сарсу секер болады. Дәмі грильяж кәмпитке келіңкірейді, бірақ грильяж сарсудың садағасы кетсін – сарсудың ерекше тәтті болатыны, оған аздап секер, болмаса жылқының, түйенің сүтін қосып қайнатады. Секердің орнына тістеп, шай іше бересің. Біз аралаған ауылдың көбінде сарысу әлі де дайындалады, тек бір байқағанымыз, кейбір үйлер қазан орнына эмаль ыдыс пайдаланады екен. Бүгінде сирек әзірленетін жеңсік тағамның бір түрі – майқұрт. Оны дайындау тәсілін бізге Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылының тұрғыны Сейітәлиева Сая көрсетті. Бүгінде ұмытылыңқырап бара жатқан таңсық тағам – пысылақ та қазіргі ауылдарда өше қоймаған. Қазақ «ірімшік», өзгелер «брынза» дейтін бұл тағамның біздегі әзірлеу технологиясының еуропалық брынзадан айырмашылығы сонда – Еуропа (Балқан елдерінде) брынзаны төрт түлік малдың сүтінен бірдей жасай береді, тек осы тағамның отаны саналатын Словакияда ғана шылғи қой сүтінен әзірленеді. Кейін келе оны еуропалық өзге елдердің сиыр сүтінен жасаған ірімшігі (сыр) ығыстырып шығарғандықтан, бүгінде славян брынзасы өз аймағында ғана сақталған. Және де қой сүтінен әзірленетін ірімшіктің бұл түрі түркі халықтарында (қазақта, ноғайда) қалып отыр. Ноғай жұрты оны «пыслақ» дейді, сірә ол шикізатты (ірімшік, қатық, сүзбе) соңына дейін «пысықтау» ұғымымен байланысты болса керек. Сондықтан бізге де бұл тағамды «ірімшік» (ол ірімшік емес), не «брынза» деп тілімізді бұрап жатпай, көнеден келе жатқан төл түркілік атаумен атаған абзал. Қышқыл сүт тағамы ретінде пысылақтың денсаулыққа пайдасы мол. Бүгінгі қазақ (Атырау) ауылдары бағзыдан таңдайына татып келген төрт түлігінен айырылмаса да, бауырын жалын жалаған қаспақты қара қазанынан қол үзе қоймаса да, кейінгі кездері көп өзгеріске түсіп қалған екен. Неге бұлай болып отыр? Қазіргі ғылымға айтқызсаңыз, ғасырлар бойы қырлап-жонылған этномәдениет жоғалуға айналып, одан этнография ғана қалулы. Біз бүгінде әлеуметтік-мәдени организм – халық ретінде, ұжымдық тұлға ретінде қатты өзгеріске түсу үстінде екенбіз. Біз жол айрықта – не жаңару (модерн) жолын, болмаса азу, кері кету таңдауының алдында тұрмыз. Шілде экспедициясынан соң асылымыздан айрылғандай пұшайман күйге түстім. Қателесіппін. Дәуір көшіп бара жатқан жоқ екен, дәуір шынымен де көшіп кеткен екен. Ауыл, осы кеткеннің – кеткен болар... Десе де, бұл сапарға белді бекем буып шыққаныма еш өкінбедім. Бір күнді пештің түбінде, қазандықтың бұрмасында жатып та өткеруге болады, сол сияқты бір күнде талай жерді қарыштап, жаныңа жақын адамдармен жүздесіп, әңгімелерін тыңдап, мөлдір суы құла болып көрмеген өзен-көлдеріне шомылып, кіндік қаның тамған өңірде аунап-қунап, жан дүниең жаңғырып, дүниеге қайта келгендегі бір сезімдерді бастан өткеруге де болады екен. Бір сөзбен айтқанда, жан дүнием жаңарып, жүректің жаңбыры себездеп оралдым. Атырау әлемнің назары мен базарын тоғыстырып отырған жер ғой. «Қазан аузы жоғары». Ендігі үлкен міндет, «Атаның аздырмай берген мүлкінің быт-шытын шығарсақ, ұнамды іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатын бағдаршам етіп ұстанып, қолда қалған жәдігерліктер мен көнеліктерді шашау шығармай жинап алып, зерттеу нысанына айналдыру.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, филология ғылымдарының кандидаты