Қоғам

Сот Qnet қаржы пирамидасының басшысына қатысты үкім шығарды

145 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді.

Астанада қаржы пирамидасын құрған және басқарған, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастырған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Сотта анықталғандай, 2019 жылдың 1 наурызы мен 2023 жылдың 17 наурызы аралығында сотталушы Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында Qnet халықаралық компаниясы өнімдері интернет саудасының мұқабасымен қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Әрі қарай ол тауарды заңды түрде сатып алу мақсатында жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктерден, соның ішінде тауарлық несиелер алуға мәжбүрлеп, олардың ақшаларын заңсыз тартқан.

Оның қызметінің салдарынан 136 жәбірленушіге 145 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.