Жаңалықтар

"Кітап-AMANAT": Ақтөбеде кітап орталығы ашылды

Сурет: "AMANAT"

Орталықтың ашылу салтанатына "AMANAT" партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

"Кітап-AMANAT" партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында кітап орталығы ашылды. Мұнда жалпы оқырманға арналған 500-ден аса жаңа кітап жинақталған.

Орталықтың ашылу салтанатына "AMANAT" партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл жобаның мақсаты – оқырмандар санын арттыру. "AMANAT" партиясының орталық ғимараттарына тұрғындар мұң-мұқтажын айтып, құқықтық көмек алуға келеді. Өзге сұрақпен келгеннің өзінде олар кітаптарды көреді. Кітаптар көз алдында болса, адамдар оқиды.

Биылғы жылы "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" ұлттық құрылтайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық міндеттер қойып, идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап шығару ісі екенін айтты.

"AMANAT" партиясы Президенттің тірегі ретінде "Кітап – AMANAT" жобасын іске қосты. Біз еліміздің барлық жиырма өңірінде кітап орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мақсат – қазақстандық әдебиет пен мерзімді басылымдар әрбір тұрғынға жетуі үшін отандық кітап, газет және журнал баспагерлерін қолдау, – деді "AMANAT" партиясының Хатшысы Шолпан Каринова.

Орталықтың ашылуында партияның Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов оның мән-маңызын айтты.

 Партияның орталық аппараты мен "AMANAT" партиясы Төрағасының тапсырмасы бойынша біз халыққа қажетті тағы бір жобаны аштық. Сұранысқа сәйкес біз әдебиеттерді жаңартып отырамыз. Жергілікті жазушылар да өз кітаптарын мемлекеттік тілде ұсынады. Біз орталықта жаңа кітаптардың тұсаукесерлері мен талқылауларын өткіземіз, отандық жазушыларды, авторларды, баспагерлердің басын қосамыз. "Кітап-AMANAT" нағыз мәдени-ағарту орталығына айналады. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, рухани байлығымызды арттыру - басты мақсатымыз, – деді Ербол Данағұлов.

Ақын, Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бижан Қалмағанбетов өскелең ұрпақты кітап оқуға шақырып, өз ұсынысын ортаға салды.

С.Мұқановтың – «Ботагөз», «Өмір мектебі», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сынды бірегей  туындыларын замандастарымыз жата жастана оқыды. Бас қоса қалса, соңғы оқыған кітаптары жайлы ойларын  ортаға салып, талқылайтын еді. Ал қазіргі жастардың кітап оқуға құлшынысы төмен. Ендеше кітап орталығы жастардың оқуға деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Жазушы Шархан Қазығұл "Күлпет" романын 191 бетке сыйдырған. Жастарды қызықтыратын,  қалтаға салып жүріп оқитын кітаптар  көбірек болса деген ұсынысым бар, – деді ол.

Ақын, аудармашы,  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы «Кітап-AMANAT» жобасын жастардың рухани, тіл байлығын дамытуға үлкен мүмкіндік деп бағалады.  Ақынның пікірінше, танымдық бағыттағы кітаптарды көбірек шығару керек.        

Өзім поэзия жанрына қалам тербеп, Маргарет Митчелл, Джек Лондон, Айзек Азимов, Рэй Брэдбери, Уилки Коллинз секілді әлемдік классиктерін қазақшаға аударумен айналыссам да, қазіргі күннің талабына сай, болашақ ел әлеуеті мен саясатына,  экономикасына ие болар ұрпақты тәрбиелейтін дамытушылық,  танымдық бағыттағы кітаптарды шығаруға басымдық берілсе деймін, – деді ол.

«Ақтөбе облысы Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығы»  қоғамдық  бірлестігінің  жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Ақтөбе облысы филиалының төрағасы, мәдениет саласының үздігі Марат Ахметов, айтыскер ақын, «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшесі Жұлдыз Қожабекова, жас қаламгер, партияның «Ұлы Дала» байқауының бас жүлдегері  Жақсылық  Әлихан және тағы басқа қатысушылар партияның тың бастамасын қолдап, сөз сөйледі.