Қоғам

Атыраулық қария қаржы пирамидасын құрып, 108 млн теңге пайда тапқан

medicalbusinesschool.com

Сотталушының компаниясына 19 адам алданған

Атырауда қаржы пирамидасын ұйымдастырған қарт кісі 5 жыл  арқалады. Зейнет жасындағы қылмыскер жазасын шартты түрде өтейтін боллды, деп хабарлады turkystan.kz Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржы пирамидасын құрған, оған басшылық жасаған адамға ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.

«Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д-ның The Finiko компаниясын құрғанын біліп, бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында әрекетінің заңсыздығын біле тұра ақпараттық механизмді іске қосқан. Әлеуметтік желі арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартуға бағытталған әрекетін жүзеге асырған. Ол Қазақстан   аумағында The Finiko компаниясының халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияның құрылымдық бөлімшесін басқаруға шешім қабылдаған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сотталушы компанияға 19 жәбірленушіні тартқан.

Жәбірленушілерге 108 млн теңгеден асқан қаржылық залал келтірген.

Алайда күдікті тергеу сатысында 93 млн теңге залалдың орнын толтырған. Өтелмеген залал сомасы шамамен 15 млн теңге.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптама қорытындысымен, маман қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толық дәлелденген.

Прокурор сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.