Жаңалықтар

Биржада қалай құнды қағаз сатып алуға болады?

сурет: inbusiness.kz

Брокер сізге биржада операция жасауға көмектескені үшін комиссия алады.

Қазіргі кезде қор нарығы, инвестиция сияқты тақырыптарға қызығатындар саны өсіп келеді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде қор нарығына қатысы жоқ түрлі заңсыз схемалар мен пирамидаларды компаниялардың атынан жарнамалау жиілеп кеткенін байқауға болады. 

Бұған дейін қор нарығы қалай жұмыс істейтіні, соның ішінде еліміздегі қор биржаларының ерекшелігі туралы жазған болатынбыз. Бұл жолы биржада қалай бағалы қағаз сатып алуға болатыны туралы қысқаша мәлімет ала аласыздар.

Биржада кез келген құнды қағаз сатып алу үшін сізге делдал қажет. 

Мұндай делдал – брокерлік қызмет көрсетуге рұқсаты, яғни лицензиясы бар брокерлік компания. Лицензия жалған емес екеніне көз жеткізу керек. Қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензиясы бар-жоғын тексеруге болады. Егер лицензия бар болса, ол нарықтың адал қатысушысы болып табылады және оның тарапынан инвесторлардың құқықтары бұзылған жағдайда реттеуші оған ықпал етудің түрлі шараларын қолдана алады. Қазақстан қор биржасында ресми тіркелген брокерлер мен дилерлердің тізімін сіз сондай-ақ оның сайтының «KASE мүшелерінің тізімі» бөлімінен қарай аласыз.

Келісімшарт жасасу үшін инвесторға сол брокерлік компаниядан брокерлік шот ашу қажет.

Брокер сіздің тапсырмаңыз бойынша операциялар орындайды. Сатып алу үшін ақша брокерлік шоттан алынады. 

Брокер сізге биржада операция жасауға көмектескені үшін комиссия алады.