Жаңалықтар

Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары алаяқтық фактісі бойынша тергеліп жатыр

ашық дереккөз

Олар мемлекетке аса ірі көлемде – 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінді.

Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшыларына қатысты істі алаяқтық фактісі бойынша ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олар бөтеннің мүлкін жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде – 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінді.

Тергеу барысында ЖЭО жабдықтарының тозуы және жылу энергиясының бірнеше рет істен шығуына жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың ұрланып келгені себеп болғаны анықталған.

2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған.

Тергеу барысында қабылданған шаралар мен ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкімет жанындағы Экономиканы  демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беру арқылы келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті, оның құны – шамамен 5,5 млрд теңге. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректерін жариялауға болмайды. Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі, дейді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.