Жаңалықтар

Қазақстандағы үздік туристік ауыл анықталды

inbusiness.kz

«Үздік туристік ауылдар» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған.

UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы қазақстандық Саты ауылын үздік туристік ауыл деп таныды. Бұл туралы turkystan.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. 

Бас  ассамблеяның Best tourism Villages by UNWTO 2023 салтанатты іс-шарасы көршілес Самарқандта өтті.

Айта кетейік, UNWTO-ның «Үздік туристік ауылдар» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Ол туризмді ауылдық аумақтардың дамуы мен әл-ауқатының қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған.

Саты - «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында (Алматы облысы) орналасқан, онда туристік нысандар-аттас көлдер тобы және Қайыңды көлі бар.

Қазіргі уақытта Саты - қонақ үйлер саны бойынша көшбасшы, бұл жергілікті тұрғындардың келелі іске белсенді қатысуының нәтижесі.

Сонымен қатар, соңғы 5 жылда мұнда ыңғайлы маршруттар мен серуен жолдары құрылған, төменгі Көлсайға жол салынған. Аудан көлемінде адамдар тоқтап дем алатын көптеген орындықтар, арбалар мен айлақтар бар. Бақылау нүктесінен көл айдынының панорамалық көрінісін тамашалауға болады.

«Қазақстанда Сатының табысты тәжірибесін тарату мақсатында қазақстандық туроператорлар мен басқа өңірлерден келген қонақүй иелері үшін ақпараттық турлар, оқыту тренингтері мен семинарлар өткізіледі. 2023 жылғы есеп бойынша, Сатыда 90 қонақүй мен 30 орналасу орны жұмыс істейді. Бұл сан  2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі туристік бизнеспен айналысады», - деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Айта кетейік, 2020 жылы Саты ауылы Lonely Planet халықаралық агенттігінің нұсқасы бойынша жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризмнің ең жақсы бағыты ретінде танылып марапатқа ие болған.