T-Newspaper

Қал-ағаң шығарған «Түркістан»

turkystan.kz

Сонымен 1994 жылы 12-қаңтарда жаңа газет­тің аты «Түркістан» деп бекітіліп, ал­ғашқы саны 28-қаңтарда жарық көрді. Тұ­тас түркі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түр­кістан» атауын Түркістандағы Тайқазан бей­несінде жазылған Еркін Нұразхановтың таң­балы жазбасымен шықты. Кейін сол таң­ба-жазба «Түркістанның» тұмарындай болып кетті.

Биыл қазақтың көрнекті қаламгері, газетіміздің тұңғыш бас редакторы  Қалтай Мұхамед­жановтың туғанына 95 жыл,  алдағы жылы 28-қаңтарда «TÚRKISTAN» басылымының шыға бастағанына 30 жыл толмақ. Біз осы екі айтулы датаның қарсаңында газетіміздің алғашқы құра­мында жұмыс істеген Көлбай Адырбекұлының материалын жариялағанды жөн көрдік. 

Бас редактор Қалтай Мұхамеджан бізді тосыннан каби­не­тіне шақырды. Төрт көзіміз түгел жиналдық. Соңғы күндері Қал-ағаң көңілсіз жүрген. Сол күні қабағы қату көрінді. 

– Мына түрік ағайындармен келіскеннен гөрі түлкімен шах­мат ойнағаным әлдеқайда оңай екен. Бұлар келісімшартты орын­дамады. Жігіттер, мен «Заман Қазақстан» газетін жабамын. Оның орнына Ақпарат министрлігі қаржыландыратын жаңа ха­лықаралық статусы бар газет ашатын болдым.  Бұл жөнінде бү­гін Президентпен келістім. – Сөзінің түйіні осы болды. Біз әліп­тің артын бағып, үнсіз отырмыз.  Бас редактордың бүгін бұл мәселе жөнінде ақи-тақи ше­шімге келгені түнерген кескінінен көрініп тұрды. Ол ашық тұр­ған есіктен хатшы қыз Сатаеваға дауыстады. – Айнаш, ана Әли Байрам мен Мұстафа Гүрсал маған келсін. 

Екеуі есіктен кіріп, Қалтайдың қарсы ал­дындағы орындықтарға жайғасты. Жал­пы, Қал-ағаңның «Заман-Қазақстан» га­зе­тін жабу жөнінде айтып жүргеніне біраз бол­ған. Факс арқылы Ыстанбұлдағы «Zaman» қо­ғамына өз ойын да жазып жіберген еді. Олар­дың біздегі өкілі Әли Байрам мен Мұс­тафа Гүрсал да хабардар болатын. Қапы қал­­­майық, Қалтайды райынан қайтарайық деп алдын ала қамданса керек. Біздің алдымызда ғана кабинетіне кіріп шығыпты. Ол екеуіне қа­рап, салқын қабақ танытып, газетті жа­ба­ты­нын жеткізді. Содан соң өзінің бірінші орын­басары Әшімхановқа мойнын бұрды. – Дидахмет, мына екеуі әлгінде маған келіп, мы­наны тастап кетті.

– Ол столының тарт­па­сынан бір конвертті алып, Дидағаңның ал­­­дына тастай салды.

– Мынаны аш, ішінде не барын көрейік.  Дидахмет конвертті ашты.

– Қал-аға, доллар екен.  – Сана. – Қал-ағаң қатқыл үнмен сөзін шо­лақ қайырды. Дидахмет тілдей көк қағаз­дар­ды стол үстіне тізіп қойды. – Қал-аға, мың доллар. – Мұны менен басқалардың бәріне бірдей етіп бөліп, таратып бер.  Сол сәтте Әли Байрам орнынан ыршып тұр­ды.  – Қалеке, бұл сіздің үйіңіздегі Фатима жең­гейге тартқан сыйымыз. Оны бұлай та­рат­қаныңыз жөн емес. – Өңі күреңітіп, маң­дайы­нан тер бұрқ ете қалды. Қал-ағаң оған жалт қарады. 

– Әй, Әли, бұл менің әйеліме емес, осында га­зеттің ыстық-суығына төзіп жүрген мы­на­лар­ға тиесілі. Осыны алғаннан әйелімнің мүйі­зі шыға қоймас. Әр нәрсенің жөні болуы ке­рек қой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні бар. «Заман-Қазақстан» жабылады.  Өкілдер қандай уәж айтарын білмей, кабинеттен шығып кетті. Ертеңіне Қалтай аға кабинетіне жазушы Ди­­дахмет Әшімханұлы, ақын Әбдіраш Жәмі­шев, аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, сурет­ші Еркін Нұразхан және мені шақыртты. 

– Ал жаңа газеттің атын қалай қоямыз? Кім­де қандай атау бар? – Ол бәрімізді шола қара­ды. Әбілмәжін аға оған аңтарыла қарады.  – Қалтай-ау, газетті ашып жатқан сенсің. Өзің қалай атағанды жөн көріп отырсың? Әуелі біз соны білейік. Қалтай іркілген жоқ.  – Маған салсаңдар «Түркістан тынысы» деп қоймақпын. Ал, сендер бұған қалай қа­рай­­сыңдар?  Біз салған жерден қолдап кетпедік. Ма­қа­лаларға тақырып қоюдың қас шебері Ди­дах­мет не айтар екен дегендей соған қарадық. Ілкім сәттен соң ол сұрақ қойды.  – Қалтай аға, неге «Түркістан тынысы»?  – Ау, Дидахмет, газетті Орталық Азия рес­публикаларына тарай ма деп отырмыз ғой. Географиялық ауқымы кең. Сондықтан «Түр­кістан тынысы» деп атаған жөн болар. – Қал-аға, социализмде аудандық газет­тер­­де «Жаңаарқа тынысы» дегендей атаулар көп еді. Осы «тынысы» деген қажет пе? Неге «Түр­кістан» деп атамаймыз?  Қалтай аға ойланып қалды. Артынша жа­на­рынан қоңырқай өңіне қан жүгіріп, көз­­­дерінен жылу шашып, езу тартты.  – Гениально! – Сұқ саусағын жоғары кө­терді. – Ай, арыстаным-ай! Дөп бастың. Әкел қо­лың­ды. – Салалы саусақты қолын Дидах­мет­ке ұсынды. 

Сонымен 1994 жылы 12-қаңтарда жаңа газет­тің аты «Түркістан» деп бекітіліп, ал­ғашқы саны 28-қаңтарда жарық көрді. Тұ­тас түркі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түр­кістан» атауын Түркістандағы Тайқазан бей­несінде жазылған Еркін Нұразхановтың таң­балы жазбасымен шықты. Кейін сол таң­ба-жазба «Түркістанның» тұмарындай болып кетті.

Үлкен форматтағы төрт беттік газеттің қам­тыған тақырыптары әр алуан. Орталық Азия республикаларының қоғамдық өмірінің ты­ныс-тіршілігінен, түркілерге жататын ұлт­тардың салт-дәстүрінен, өз еліміздің тарихы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлары, дін мәселесі жөніндегі білікті мамандардың ма­қалаларын жариялап отырдық. Әдебиет те назардан тыс қалмады. Газет тілшілері Жұ­ма­гүл Солтиева, Абзал Бөкенов, Нұрқасым Қа­­зы­беков, Сәбит Дүйсенбиевтің ақын-жазу­шы, ғалымдар: Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлей­менов, Зейнолла Қабдолов, Мұхтар Мағауин, Камал Смайлов секілді тұлғалармен сұхбат­та­ры жарияланып, онда өзекті, өткір мәсе­ле­лер қозғалды. Газетте Алаш арыстары мен та­рихи тұлғалар жөнінде «Тұманды жылғы тұл­ғалар», «Ол... және ол туралы» деп аталған тың тақырыптар ашып, Алаш арыстары мен Кеңес өкіметі кезінде халық үшін қызмет ет­кен жандар туралы зерттеу мақалалар жа­рық көре бастады. Ғалым Тұрсын Жұрт­бай­дың «Талқы» сериялық мақалалары бірнеше нө­мірге жарияланып, жұрттың ықыласына бө­ленді. Еркіннің саяси тақырыптарға салған әзіл-оспақ суреттері газеттің бірінші бетінен орын алды. Жаңа жылдан бастап газеттің ти­ра­жы да айтарлықтай өсті.

Қалтай ағаның қоғамдық өмірдің барлық са­лаларынан білім-біліктілігі терең еді. Ол кі­сіні дін мәселесі де ерекше толғандырды. Өйт­кені етек-жеңін әлі жинай алмай жатқан елі­мізге жан-жақтан секталар кіріп, өз ық­пал­дарын жүргізуге кірісіп кеткен. Қал-ағаң бұл тақырыпқа тілшілердің қалай келіп, ұтым­ды қозғауына бағыт-бағдар беріп отыр­ды. Бір жолы ол лездемеде бізді тың жаңа­лы­ғы­мен елең еткізді. 

– Кеше Президент Назарбаев қаланың ин­теллигенция өкілдерін жинап, пікір алыс­ты. Сөз кезегінде мен қаптап келіп жатқан сек­таларды тілге тиек етіп, бұлар елдің ын­ты­мақ-бірлігіне нұқсан келтіретін, бір ұлтты бір­неше наным-сенімге бөліп жіберетінін, сон­дықтан оларға тыйым салып, тек екі дәс­түр­лі дінді қалдыруын ұсындым. Оған Ливан­ды мысалға келтірдім де. Ал бұларға шектеу қоя алмаған жағдайда Дін жөніндегі комитет құ­рып, қатаң бақылау қажет екенін алға тарт­тым. Президент қолдағандай сыңай та­нытты. Секталар аңқау әрі аңғал қазақтарды қи­тұрқы амал-тәсілдерімен алдап-арбап ырық­тарына көндіріп алып, ел ішінің береке-бір­лігін бүлдіре ме деп қорқамын. Газетте бұл мәселе де кеңінен қозғалды. 

«Хабар» телеарнасына Ләйла Бекетова бас­шы болып келгеніне біраз уақыт болған. Бұрын­ғы басшы Шерхан Мұртазаның бағыт бағ­дарын өзгертіп, телеарнаға орыс тіліндегі көр­сетілімдерді көбейтіп жіберді. Ел ішінде на­разылық көбейді. «Түркістан» газетінің тіл­шілері де бұл мәселені бір емес бірнеше рет көтеріп, елге танымал жандардың Ақпа­рат министрлігінен ұлттық мүддеге қайшы ке­летін жағымсыз жайларын айтып, Ләйла Бе­кетованы орнынан босатуды талап ет­кен­дерін батыл жариялады. 

Сондай күндердің бірінде Қалтай аға бө­лім бастықтарын кабинетіне жинап, сөз бас­тады.  – Мен бүгін түске дейін Премьер-Ми­нистр Ұзақбай Қарамановтың жиынына қа­тысып қайттым. Бізде әлі атқарылмай жат­қан шаруалар жетерлік екен. Жиыннан соң Экономика министрі Храпунов деген ма­ған: «Калтай Мұхамеджанович, я от вас это­го не ожидал», – деп бір емес үш рет айтты. – Ол енеңді ұрайынның менде қандай өкпесі барын түсіне алмай-ақ қойдым. Сендердің не білгендерің бар? Дидахмет кеңк-кеңк күлді.  Қал-ағаң аң-таң. – Ау, арыстаным, неге күлдің? Күлкінің ауы­лына мен де атымды байлағанмын. Айт­сайшы, бірге күлейік.  – Қал-аға, Храпунов қазақтың білдей күйеу баласы ғой. Әлгі біз қайта-қайта сынап жүр­ген Ләйла Бекетова қарындасыңыз сол сабаз­дың әйелі. Қалтай аға әдеттегідей жалпақ алақа­ны­мен қоңқақ мұрнын уқалап-уқалап жіберіп жымиды.  – Е, е, солай ма? – Дауысын созып, басын изе­ді. – Ол енеңді ұрайын соны сәдеттеген екен ғой. Маған енді түсінікті болды.  Көп ұзамай газеттер мен ұлт жана­шыр­ларының қысымымен Ләйла Бекетова қызметінен кетті. Біз жеңдік-ау. Бірақ...

Арада бірер жыл өткен соң Храпунов қа­ла әкімі болып тағайындалды. Біздің редак­ция бұрын Балық министрлігінің Бөгенбай батыр көшесіндегі 150 ғимаратына жайғас­қан бір басқармасының қос қабаттан тұра­тын ғимаратында еді. Кезінде оны қала әкімі Заманбек Нұрқаділов, Қалтайды сыйлағаны сон­шалық, бізге министрліктен тартып алып берген. Ол сол ғимараттан бөлек бір көп орын­ды «Рафик», бір су жаңа «Волга» және «Жи­гу­ли» көлігін сыйға тартты. Оның мұн­дай жақсылығын қалай ұмытарсың. 

Қалада коммерцияның енді-енді жандана бас­таған кезі. Қалтай аға ғимараттың үстіңгі қа­батын редакцияға, астыңғы қабатын ком­мерциялық ұйымдарға арендаға берген. Арен­да ақысын доллар түрінде алып тұрған едік. Сол бойда Дидахмет тілшілерге жетпіс, жүз, ал корректорларға отыз доллардан үлес­тіріп отырды. Арендаға беру мен одан редак­цияға тиесілі қаражатты алудың да өз заңы мен тәртібі барын білсек-ші. Храпуновқа мұ­ны кімнің жеткізгенін кім білсін, бір күні са­лық органдарынан бір топ тексеруші сау ете қалды. Заңға қайшы әрекеттерімізді тү­сін­діріп, үлкен сомада айыппұл төлететін ше­шім шығарды. Ондай қаражат бізде қайдан болс­ын. Оның үстіне өзге редакция қызмет­кер­лері секілді біздің де айлық жалақымызды алмағанымызға бақандай үш ай өткені қа­шан. Арендадан түскенді ғана талғажау етіп жүрген жайымызды несіне жасырайық. «Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші сондай кез­дерде Қалтай ағаның үйіне елде сый­ла­сатын дос-жарандары соғым әкеп беретін. Қал-ағаң мен Фарида апай шара толы піскен етті жүргізушісінен редакцияға беріп жі­беретін. «Кедейдің бір тойғаны шала байы­ға­ны» демекші сол соғымнан біздің де мұр­ты­мыз майланып қалатын. Автобуста басқа га­зет­тің тілшілері Еркін Нұразханнан осы жай­ды естіп, өздерінің жағдайларының бол­май жүргенін айтса керек. Сонда Еркін: «Бас­тығың народный болса, өзің голодный бол­майсың» деген екен. 

Сонымен Храпунов жіберген тек­серу­шілер келіп, арендаға берудің заңы мен тәр­тібін айтып басымызды қатырып, ақыры үлкен мөлшерде айыппұл салатын болып, үш бет хаттама толтырды. Солай Храпунов тал­мау жерден соққы жасады. Бәріміздің сол алмаған үш айлық жалақымызды берсек те айып­пұлға жетпейді екен. Оның үстіне тек­серушілер айдың соңына дейін төлемесек ғимаратты алап қоятындарын ескертіп сес көр­сетті. Қатты састық. Не істеу керек? Біз Қал­тай ағаға қараймыз. Ал ол селт етіп, сасар емес. – Айдың соңына дейін әлі біраз күн бар. Ойланып көрейік. Храпунов бізден алған айып­пұлмен қай жыртығын жамайды екен. Бір мәнісі болып қалар, арыстандарым. – Жұ­мысқа асықпай келіп, кештетіп қайтады.  Бір аптадан соң күтпеген жай болды. Ел Пре­зиденті Біріккен Араб Әмірлігіне іс­сапармен шығатын болып, жанына Қалтай ағаны қосып алды. Ұшақта қасына отыр­ғы­зып, арабтардың ұлттық ерек­шеліктері, әдет-ғұрыптары жөнінде сұрап, кеңес құрған. Сөз арасында ел басшысын күлкіге қарық қылған. Сол делегация құрамында Храпунов та бар екен. Ол ұшақта Президенттің Қалтайға құр­мет көрсеткенін көреді. Сапардан оралған соң көмекшісін редакцияға жіберіп, аптаның соңын­да қонаққа келетінін ескертті. Ол сол күні түс әлетінде келді. Қасында бір топ нө­кер­лері бар. Қал-ағаңмен бұрыннан жақын адам­дардай айқара құшақтасып амандасты да ашық-жарқын отырып сөйлесті. Қалтайда кез келген жанның қыбын тауып, юмормен сөй­лейтін қасиет барын жұрт жақсы біледі. Ол сөйлей бастағаннан Храпуновтың екі езуі жиыл­мады.  – Ой, Калтай ага!.. Ой, Калтай ага!.. Мені әб­ден күлкіге тойдырдыңыз-ау! Көптен бері көңіл­ күйім дәл бүгінгідей көтерілмеп еді. – Со­лай таңданумен болды. Кетер кезінде Қал­тайдың қолын ұстап, кездескеніне риза­шы­лығын білдірді.  – Калтай Мұхамеджанович, маған ай­тарыңыз бар ма? Құлағым сізде. – Виктор Вячеславович, әрине, айтарым бар. Мына біздің редакция жайғасқан ғи­марат­ты көріп тұрсыз. Сталиннің тірі кезінде са­лынған екен. Қабырғаларының сылағы тү­сіп, кірпіштері мүжіліп, әбден тозығы жет­кен. Ең астыңғы қабатына түссеңіз сізге өті­рік, маған шын үлкендігі торайдай болған тыш­қандарды көресіз. Бір күрделі жөндеу жұ­мысы қажет-ақ.  – Калтай Мұхамеджанович, ертең сме­тасын жасайтын мамандарды жіберем. Келесі жы­лы күрделі жөнделетін ғимараттың қа­та­ры­на қосайын.  Сол кездесуден кейін аренданың айып­п­ұлы жайына қалды. Ақпарат министрі болып Алтынбек Сәрсенбаев тағайындалған соң әлеу­меттік жағдайымыз мүлде өзгерді. Айлық жа­лақымызды уақытында алып тұрдық. Ав­торларға аз да болса қаламақыларын беретін хал­ге жеттік. Аренданың заң талабына сәй­кес, ай сайынғы салық төлемін қаланың тиіс­ті мекемесіне аударып отырдық.

Редакцияға ақын-жазушылар күн құр­ғат­пай келіп тұрды. Күздің жауынды кү­­ні еді. Ағаштардың сарғайған жапырық­тары түсіп, жалаңаштанып қалған. Абайтану­шы ғалым Қайым Мұхамедханов ақсақал да есіктен енді. Үстінде сұр түсті ұзын етек плащы бар. Өңі солғын, жабырқау тартқаны кө­рініп тұр. Алдынан шығып сәлемдесіп, Қал­тай ағаның кабинетіне алып бардық. Қал­тай орнынан тұрып амандасты. Оры­н­дыққа жайғасқан соң жағдайын сұрады. Семейден келгеніне үш күндей болыпты. Осын­дағы бір баспадан кітабы шыққан. Бас­пагерлер қаламақының орнына бірнеше кі­тап берумен шектелгеніне ренішін, енді Се­мейге қайтарға қаражат та таппай отырғанын жа­сырмай, ағынан жарылды. Үлкен ғалым­ның осынша күйге түскеніне біз де қатты күйіндік. Қалтай аға хатшы қыз Айнашты бух­галтерге жұмсады. Есепші орыс тілді әйел.  – Рая, кассада қанша теңге бар? – Қалтай сұрақ­ты төтесінен бір-ақ қойды.  Ол қыбыжықтап, салған жерден ашып ай­та қоймады. Бірдеңе дей бергенде Қалтай киіп кетіп, қатқыл үнмен бұйыра сөйледі.  – Қанша болса, маған соншасын алып кел. Бухгалтер белінен жіңішке резіңке жіп­пен буылған кілең он теңгелік қомақты ақ­ша­ны әкеп Қалтайға берді.  – Қайым аға, мына қаражатты қажетіңізге жа­ратарсыз. Біздің сізге берер көмегіміз осы ға­на.  Ақсақал мұны күтпесе керек. Жұқалтаң өңі алабұртып, ыңғайсызданып қалды.  – Қалтай-ау, мына ақша маған көптік қы­лады. Қарызға шамалысын алайын. Семей­ге барған соң зейнетақымнан қайтарамын.  – Жоқ, Қайым аға, сіз бізге қарыз емессіз. Қай­та астыңызға ат мінгізіп жіберер едік. Әт­тең, қолдың қысқалығы! Енді барымызбен ба­зар етуге тура келіп тұр. Осы мезіретімізге ри­за болыңыз. Қайым ақсақал әлгіндегідей емес Қалтай­дың кабинетінен жайдары жүзбен шықты. 

Әбілмәжін аға өте парасатты кісі еді. Лез­де­меде газетке жарияланған мақалаларға өз ойын орынды айтатын. Сыны да сыпайы шы­ғатын. Александр Дюманың «Үш ноян» кіта­бын тәржімалаған тамаша аудармашы. Біз ол кісіні бекзат болмысына қарап «Алтын шал» деп атап кеттік.  Кезекті лездеменің соңында Әбілмәжін аға Қалтайға сабырмен үн қатты.  – Қалтай-ау, сен менен оқып беремін деп Бу­ниннің кітабын алып едің. Содан бері үш жыл өтті ғой. Енді қайтарсайшы. Қал-ағаң қабағының астынан тесіле қа­рап, біраз үнсіз отырды.  – Әй, Әбілмәжін, басқалар білмесе де сен қо­жалардың алғанын қайтармайтынын жақ­сы білуші едің ғой. Кітабың енді менікі. Сөзін анық естімей қалған Әбілмәжін құ­ла­ғын қолымен қалқалап, оған ұмсына қа­ра­ды.  – Не дейсің, қайталап айтшы.  Қалтай аға: «Құлағыңа болайын сенің». – Үні естілер-естілмес шықты. Іле қатты дауыс­тады.  – Әбілмәжін, енді ол кітаптан күдеріңді үз. Оның менікі болғаны қашан.  Әбілмәжін аға ренжи ме деп едік. Олай бол­мады. Тек езу тартты.  – Ой, Қалтай, саған дауа жоқ екен ғой. – Қолын сілтей салды.  Үлкендердің арасындағы осы бір жай да біз­ге жарасымды көрінді. 

Газеттің бар ауыртпалығын көтерген қа­ра нары Дидахмет еді. Қалтай оған мейлінше се­­нетін. Ол күмән тудыратын мақалаларды ғана Қал-ағаңның өзіне оқытып алатын. Ал ол оқудан жалықпайтын. Өзі әрдайым: «Ме­нің хоббиім оқу» деп айтатын. Ара-тұра өзі де мақала жазып тұратын. Жазғанда қалам­мен емес хатшы қызға диктовкамен бірден мәшінкіге бастыратын. Ұшқыр ойын жүйелі жеткізгеніне тәнті едік. Әсіресе, ұлт мүддесіне келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ойын ащы мысқылмен жазып, айды аспанға бір-ақ шығаратын. Оның дәлелі мынау.

Тіл білімінің үлкен ғалымы, академик Іс­мет Кеңесбаев Қазақ тілін мемлекеттік тіл жасау жөнінде ел ішінде айтыс-тартыс жүріп жат­қан кезде одақтық «Красная звезда» газе­тіне орыс тілін қорғап сұхбат берген. Қалтай аға қатты ашынып академикке «Ақиқатқа жүгінейік, аға» деп аталған ашықхатын га­зет­ке жариялатты. Сол мақаласында оны аға­лап отырып, тірідей іреп, бітеу күйінде «сой­ған». Мақаласының соңын «Сізден шын­дық табу­дан гөрі, маған піскен жұмыртқадан ба­лапан алған әлдеқайда оңай екен» деп аяқ­тайды. Қал­тай осы ұстанымынан ешқа­шан танған жоқ. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің ар­найы тапсырмасымен де кең көлемде, тағы­лым­ды мақалалар жазды. 

Уақыттан жүйрік не бар? Газеттің жұ­мы­сымен қарбаласып жүргенімізде Қалтай Мұ­хамеджанның 70 жылдық мерекесі де жа­қындап қалыпты. Шерхан Мұртазаның, Әбіш Кекілбаевтың және тағы басқалардың ма­қалаларын республикалық газеттер жария­лап жатты. Біз де дайындық үстіндеміз. Соны алдын ала сезген Қалтай аға лездемеде «Мен тура­лы мақала жарияланбасын» деп қатаң ес­керту жасады. Бізге бұл тоғыз қабат тос­қауыл­дан да бетер болды. Ойымыз сан-саққа ке­тіп, Қал-ағаңды қалай көндірсек екен деу­мен жүрдік. Дидахметтің кабинетінде жаңа нө­мірге берілетін материалдарды талқылап жат­тық. Кенет ол ортаға тосын ой тастады.  – Қалтай аға ескертті деп қарап отыра бер­геніміз жарамас. Қалайда ол туралы ма­қа­ла беруіміз керек. Мақаланы мен өзімнің атым­нан дайындаймын. Абзал, сен өлең арна. Бір­ақ мұны Қалтай ағамның туған күніне дейін құпия ұстайық. Біз келістік.  Алдын ала есептеп қарасақ газеттің жаңа са­ны туған күнінен екі күн бұрын шығады екен. Қалтай аға жайшылықта жаңа санды ер­теңіне газет болып шыққан соң бір-ақ көруші еді. Дәл сол күні түстен кейін мені кабинетіне шақырды.  – Қане, газетке қандай материалдар бер­ге­лі жатырсыңдар. Маған дайын беттерді көр­сет.  ­Мен бірінші, екінші, төртінші беттерді ал­дына жайып салдым. Көзілдірігімен үңіле қа­рап, шолып шықты.  – Үшінші бет қашан дайын болады? Үлкен кісіні алдаған қандай қиын.  – Қал-аға, компьютерден ақау шығып, үшін­ші бет беттелмей жатыр. Жөндейтін ше­бер әне-міне келіп қалар. – Тілім күрмеліп, тұ­тығып әрең айттым.    – Жарайды, мен күте тұрайын.  Кабинетінен шыққан бойда Дидағаңа барып, болған жайды жеткіздім. Ал шын­дығында үшінші бет те дайын болатын. Онда Қалтай ағаның мерейлі жасына арнал­ған Дидахметтің «Ассалаумағалейкум, мерген сөз­дің атасы» деген көлемді мақаласы мен ақын Абзал Бөкеннің «Қабылан жүрек Қала­ғаң» деп аталған бірнеше шымыр шумақтан тұратын өлеңі бар. Дидахмет әрі-сәрі күйге түсіп, ойланып қалды. Әлден соң зіл тартқан басын көтерді.  – Жүр Қал-ағаңа барайық.  Мен құпиямызды ашатын болды-ау деп ой­ладым. Қал-ағаңның кабинетіне бірге кір­дік.  – Қалаға, үш беттің материалдарын көріп шық­тыңыз ба? Бізге қандай ескертпеңіз бар?  – Ия, көріп, шолып шықтым. Көкейге қо­­­нымды материалдар беріп жатыр екен­сің­дер. Қойған тақырыптарың да ұнады. – Ендеше, үшінші беттегі де осы та­қы­леттес мақалалар. Шебер келіп компьютердің ақауын жөндегенше іңір қараңғысы да түсіп қалар. Бекер босқа күтіп қайтесіз. Бізге сенім артсаңыз, үйіңізге қайта беріңіз.  – Арыстандарым, сендерге сенбесем, га­зет шығарып нем бар. «Түркістанды» түр­лен­діріп отырған сендерсіңдер. Ұзақ уақыт күт­пей үйге қайта бергенім де жөн шығар. – Қалтай аға, орнынан тұрып жинала бастады.  Ертеңіне газеттің жаңа саны Қалтай аға­ның столында жатты. Кабинетінің есі­гі қарыстай ашық екен. Содан Дидахмет іш­ке көз тастады.  – Қа-ағаң шұқшиып оқып отыр. Енді ашу­ланса да мейлі. Біз өз ісімізді бітірдік. Қал-ағаң қашан шақырғанша демімізді іш­ке тартып, шыдамсыздана күттік. Бір кезде Ай­наштың: «Редактордың кабинетіне лез­демеге кіріңіздер» деген дауысы естілді. Алаң көңіл­мен жүрексіне басып ішке ендік. Аға­ның қоңырқай жүзінде ашудың табы жоқ. Қай­та мейірімнің шуағы шашып тұрды.  – Газеттің үшінші бетіне мен туралы ма­қала мен өлең берген екенсіңдер. Оқып шық­тым. Айналайын арыстандарым, сендерге ри­за­мын! Біздің көңілімізден күдік қашып, мерейі­міз тасыды. 

...2001 жылы 7 мамырда Қалтай Мұха­мед­жан Мәскеу ауруханасында кенеттен өмірден оз­ды. Республиканың мерзімдік басылым­дары көз көрген қаламдастарының аза тұт­қан мақалаларын жариялады. Арада бірнеше күн өткен соң бас редактор Шәмшиддин Пат­теев мені кабинетіне шақырды.  – Иран республикасындағы Ислам уни­вер­ситетінің профессоры Мұхаммед Хасан За­мани осында келіпті. Жаңа ғана аудар­ма­шы­сы маған телефон шалып, оның Фарида апа­мызға көңіл айтқысы келетінін жеткізді. Соған алып баратын журналист қажет екен. Сіз апайды жақсы білесіз. Қонақтарды үйіне ертіп баруды сізге тапсырғалы отырмын. Профессор Замани бурыл шашты, ал­пыс­тың үстіндегі кісі екен. Тал түс ке­зінде Қалтайдың үйінде болдық. Ол Фари­да апама көңіл айтты. Қал-ағаның кітапха­на­сын көріп, қайран қалды. Аруағына дұға бағыш­тады.  – Мен Қалтаймен осыдан үш жыл бұрын осында келгенде кездескенмін. – Профессор сө­зін осылай бастады. – Әзіл-қалжыңның, күл­кінің кені ме деп қалдым. Астары әзіл­дерін әдемі, мәдениетті түрде жеткізе біледі екен. Бәрінен де оның діни сауаттылығын айтсаңызшы. Өз басым тәнті болған едім. Шынымды айтсам, коммунистік қоғамнан осындай білімді, білікті жан шығады деп ойлаған жоқпын. Қалтай тек қазақтың ғана емес, дін исламның тұлғасы еді. Ол кісінің өмір­ден өткенін кеше Алматыға Тегераннан кел­генімде естідім. Дін исламның тағы бір жа­рық жұлдызы сөнді деп қатты қайғырып, кө­зіме еріксіз жас алдым. Бірақ ол кісінің жазғандары мен ұлағатты сөздері өлмейді. – Ол сөзін Қалтай ағаға осылай үлкен баға беру­мен аяқтады. 

Ал Қал-ағаның қадір-қасиетін өзінің өмір­де барында біз бағалап, құрметтей алдық па? Баз біреулер «Халық жазушысы» деген ата­ғы бар ғой дер. Әлемнің көптеген елдері театр сахналарында қойылған «Көктөбедегі кез­десу» драмасы үшін Мемлекеттік сый­лық­ты да беруге болар еді ғой. Көптік қылады деп тартынып қалдық. Әттең...

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ