Жаңалықтар

Бірнеше қала ауыл мәртебесіне көшіріледі

Степняк, Темір, Жем қалаларына ауыл мәртебесі беріледі.

Ұлттық экономика министрлігі енді Степняк, Темір, Жем қалалары ауыл мәртебесіне көшірілетінін мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Ашық құқықтық нормалар» порталындағы қаулы жобасында халқы 10 мың адамнан аз қалалар ауыл мәртебесіне көшірілетіні, 2025 жылға қарай әкімшілік-аумақтық заңнама талаптарына сай келмейтін қазақстандық қалалардың әкімшілік мәртебесі өзгеретіні айтылған.

Атап айтқанда құжатта көрсетілгендей енді Степняк, Темір, Жем қалалары ауыл мәртебесіне көшіріледі.

Степняк қаласының орталығы Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілігіне бағынады. Халқы – 3800 адам.

Темір – Ақтөбе облысы Темір ауданындағы қала. Халқы – 2100 адам. Ал Жем — Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы қала. Халқы – 1500 адам.

Қаулыда тұрғындары көп ауылдың мәртебесі де қаралатыны атап өтілген. Еліміздегі 17 ірі ауыл енді бұл мәртебеге сай емес. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында 54 мың, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында 50 мың, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың адам тұрады. Халық санының көптігіне байланысты енді олар қалалардың құрамдас бөлігіне айналады.