«Пәкістаннан Түркияға кемемен 3 ай жүріп келдік» – Нұрила Жошқын
«Пәкістаннан Түркияға кемемен 3 ай жүріп келдік» – Нұрила Жошқын
45 күн осы үйдің тұрғыны болдық. Осы үйдегі Нұрабдуллах ағаның әпкесі Нұрила Жошқын апамызбен бірге үш уақыт ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып, өзімізді бөтен сезінбедік. Өзіміздің әжеміз секілді кіріп-шығып жүретін еді. Жүзіндегі нұр, маңдайына біткен әжімдері көп нәрседен сыр шертіп тұратын. Анамның көңілін аулап, арасында ас дайындап, жүгіріп жүрді. Кейін дастархан басында отырып, сыр тарқаттық.
Пәкістанда туып, Түркия асып келген Нұрила Жошқын апамызбен болған сыр-сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Неге ініңіз Нұрабдуллах Жәдік мырза осы үйін шетелден емделуге келген қазақтарға тегін беріп отыр?
- Алланың разылығы үшін. Бұл әке-шешеміз салған үй. Алыстан келген қазақтар емделуге келген кезде бірнеше қиындыққа тап болады: тіл білмейді, көлік қатынасы мен артық шығын және басқа да проблемалар бар. Осы қиындықтарға өзі емделіп келген қазақтар ұрынбасын, қонақүйде жалғызсырап қалмасын деген ниет те бар. осы үйдің айналасы толған қазақтар. Далаға шықса да қазақша сөйлесіп, адамдармен сөйлеседі.
Осы үйге емделуге келген қазақтар қиналмасын, кіріп-шығып, өз үйіндей көріп, тұра берсін дейміз.
Түркия. Ыстамбұл қаласы, Гүнешлі ауданы.[/caption]
- Пәкістанда тудыңыз, Түркияға көшіп келдіңіз... Жалпы, қанша елде болдыңыз және қандай себеппен?
- Германияға үй болған соң, күйеуіммен бірге кеттім. Ол жақта 3 жылдай ауруханада жұмыс істедім. Кейін ата-енеміз қайтып келіңдер деген соң Түркияға оралдық. Алғашқы неке сәтсіз болды. Айырылысып кеттік. Екінші рет күйеуге тидім. Онымен бірге Түркияның Тоқат деген жеріне барып, жұмыс істедік. Бала-шағамызбен бардық. 2 жылдай тұрып, қайта оралдық.
Францияға 1988-1991 жылдары барып қайттым. Сонда тұрақтап қалғымыз келді, бірақ болмады. Құжаттарды ала алмадық. Қашқын секілді қолға түскенше, есен-сауда елге оралайық деп Түркияға қайта келдік. Кейін күйеуім қайтыс болды, соның зейнетақысын алып тұрдым.
- 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алып, жариялаған кезде Түркия бірінші болып мойындап, құттықтады. Сіздер де осында едіңіздер. Қандай сезімде болдыңыздар, елге оралуға деген талпыныс болмады ма?
- Тәуелсіздік алған кезде осындағы біраз қазақ кетті. Кейбірі қайта оралды. Сонда күйеуім «барайық» деген кезде «ой, қойшы, бармаймын» деп қалып қойдым. Неге екенін білмеймін, сонда. Әке-шешем Түркияда жатыр, онда барып не істеймін, не тіл, не елді дұрыстап білмейміз деп қалып қойдым. Сонда күйеуім: «Германияға, Францияға барғанда қиналған жоқсың, Қазақстанға неге баспай тұрсың?» - деді. Көңілім тартпады, соны айттым. Мен бармаған соң, күйеуім де қасымда қалды.
«Қыдырып келіңдер» деп туыстарым шақырады. Әлі бара алмай, нәсіп болмай жүр. Биыл 2023 жылдың маусымына қарай барып қалармын. Оның өзінде той бар, соған барамын.
Қазақстанда әкемнің туған ағаларының немере ағаларының балалары бар. Әкеміз 7 еркек, 2 қыз тоғыз ағайынды екен. Екі ұл, бір қыз ғана осы Түркияға келген. Қалған алтауы Шинжаң өлкесінде, Алтайда, Құмылда, Баркөлде қалған екен. Сол жақта тарыдай шашылған туыстары жиналып, Қазақстанға да келіпті деп естідім.
- Осы Гүнешлі ауданында қазақтар көп секілді. Тіпті бір көшелерде тек қазақтар тұратын да секілді. Солай ма?
- Иә, мұнда қазақтар көп. Жиыны 200-ге тарта отбасы. Бірнеше көшеге қатар-қатар қазақтар қоныстанған. Мәселен: Алтай, Ертіс, Баркөл және Бәйдік деген төрт көше бар.
- Түркиядағы қазақтар туралы айтқан кезде көбіне Зәйтүнбұрын еске түседі. Осы Гүнешлі ауданы туралы көп айта бермейміз. Неге?
- Негізі, қазақтардың ең көбі осы Гүнешліде орналасқан. Менің білуімше, олай айтпауында мынандай бір себеп бар: «70-жылдары келген қытайдың қазақтары сонда жиналған» деп айтады екен Зәйтүнбұрындағы жұрт. Олар өздері де сол Қытай асып келгенін ұмытып кеткен секілді.
Осы Түркияға келген қазақтардың бәрі дерлік түбі Қытайдан ауып Пәкістанға өткендер, содан бері қарай қоныс аударғандар.
[caption id="attachment_223653" align="alignnone" width="1920"] Қазақ жастары жиналатын орын.[/caption]
- Сіздердің үйден шыға бергенде Қазақстан мен Түркияның туы қатар қойылған, қазақы оюлы бедерлермен безендірілген, маңдайшасында «KAZAKKENT ALTAY DERNEGI» деген жазуы бар шай ішетін орынды көрдім. Сол туралы айтыңызшы.
- Осындағы қазақтардың жастары бірігіп ашқаны. Басымыз қосылсын, әңгіме-дүкен құрайық деп ашты. Бұл Зәйтүнбұрында да бар. Алғашында тек сол жақта болған соң, Гүнешлідегі жастар ол жаққа жүгіріп бара алмайды. Арасы 15 шақырым жер. Содан үйдің қасында да біреуі болсын деп ашты.
- Тағы бір сұрақ: Қазақстанда түріктердің бірігіп осылай шай ішетін орын ашып, жиналып тұратын жерлері барын білмейді екенмін. Мұнда дәстүрлі түрде әдетке айналғандай. Осылай ашық әрі еркін отыруларыңызға кедергі не қысым жоқ па?
- Жоқ. Жергілікті халық (түріктер) бізді қатты жақсы көреді. Олармен қоян-қолтық араласып кеттік. Бір-бірімізге қонаққа барамыз, дастархан үстінде шай ішіп, әңгіме айтамыз. Керісінше, аудандағы қазақтарға деген үкіметтің көзқарасы оң әрі жақсы.
Адам болған соң әр ұлттың ішінде көкірек көрсеткісі келетіндері болады ғой. Ондайлар осындағы қазақтардың ішінде де бар, негізі.