Орынбордан оралған Нұрланның арманы – Олимпиадада қазақ Туын желбірету

Орынбордан оралған Нұрланның арманы – Олимпиадада қазақ Туын желбірету

Орынбордан оралған Нұрланның арманы – Олимпиадада қазақ Туын желбірету
ашық дереккөзі

Сәуір айының ортасында Алматыда жастар мен кадеттер арасындағы Азия кубогінде қазақстандық дзюдошылар 7 алтын, 6 күміс және 14 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Азияның 700-ге жуық кіл мықтысы жиналған бұл сайыста 55 келіде ешкімді шақ келтірмеген Нұрлан Исатаев үшін бұл жарыс бұрынғы жарыстардан өзгерек. Орынборда туып-өскен Нұрлан екі ай бұрын Қазақстан азаматтығын алып, бұдан былай байрақты бәсекелерде атажұрты Қазақстан атынан сынға түспек. Нұрланның Азия кубогі атағынан бөлек, Орынбор облысының он дүркін чемпионы, Ресейдің Приволж федералды округінің он дүркін чемпионы деген атағы тағы бар. Осы уақытқа дейін 120-ға жуық бүкілресейлік және халықаралық жарыстарда топ жарған. Осы апта соңында Грузияның Гори қаласында өтетін Еуропа кубогіне жол жүргелі жатқан Нұрлан мен оның әкесі Серікке хабарласып, әңгімелескен едік.

ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ОН ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ

Бұған дейін Ресей атынан сынға түскен Нұрлан Исатаевты біздің жас дзюдошылар, әсіресе жастар құрамасының бапкерлері жақсы біледі. Тоғыз жасында Орынбор құрамасының қатарына қабылданған ол осы уақытқа дейін 120-ға жуық бүкілресейлік және халықаралық жарыста топ жарған. «Бала кезінен Нұрланның энергиясы асып-тасып тұратын. Бір орында тұрмайтын. Дұрысы, энергиясын пайдасыз істерге емес, спортқа жұмсасын деп, төрт жасында дзюдо секциясына ертіп апардым. Мен бұрын әскери қызметте болғанмын. Самарада жұмыс істегенімде Нұрланды өзіммен бірге жаттығу залына үнемі ертіп алатынмын. Сосын ол жеті жасқа толғанда Орынборға оралып, жұмысымды сонда жалғастырдым. Онда да Нұрланды қасыма ертіп жүретінмін. Ол сарбаздармен бірге белтемірге тартылып, түрлі жаттығу жасайтын. Тек жеңуді ғана ойлайтын. Ал жеңіліп қалса, жылайтын. Жеңілісті әлі де ауыр қабылдайды. Сосын көзінде әлдебір ұшқын пайда болғанын байқаған соң, оған көп уақыт бөліп, бағыт-бағдар көрсете бастадым» деп бастады әңгімесін Серік Исатаев.  width= «Жалпы, басында футбол мен дзюдоға қызыққанмын. Бірте-бірте дзюдо маған бәрінен жақын екенін ұқтым. Бірақ бос уақытымда футбол ойнаймын. Десе де футболда жарақат алу қаупі жоғары болғандықтан, көбіне дзюдошыларға футбол ойнауға тыйым салынады. Дзюдо несімен ұнады десеңіз, күресу – біріншіден сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) күреспен шұғылданған. Сосын дзюдо – басқа спорт түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда таза спорт түрі. Киім үлгісін алсақ, барлығы жабық. Әрі спортшылар жалаңаяқ күреседі. Мысалы, самбода арнайы аяқкиіммен күреседі. Спортшы алаңнан шығып, басқа жерге баруы мүмкін. Таза емес жерді басып, алаңға шығады. Ал бізде татамиге аяқкиіммен шығуға болмайды. Дзюдода қарсыласыңды тістесең немесе ережеге сай емес қылық та­нытсаң, жарыстан шеттетілесің. Дзюдо – бұл философия. Адамды жұмсақ, парасатты қылады. Әрі түзу жүруге баулиды. Тәртіпке үйретеді» дейді Нұрлан әкесінің сөзін жалғастырып. Нұрланның өмірбаянына көз жүгірткенімізде, осы уақытқа дейін қатысқан жарыстардың түгелінде дерлік топ жарғанын аңғардық. Орынбор облысының он дүркін чемпионы, Приволж федералды округінің он дүркін чемпионы деген атағынан-ақ өзі туып-өскен Орынбор өлкесінде оның жас категориясында оған қарсылас танытатын ешкім болмағанын байқауға болады. «Жарыстарға қатысамын деп, бүкіл Ресейді араладым десем артық айтпаймын. Бізде Ресей чемпионатына жолдама алу оңай емес. Алдымен облысты, сосын құрамына 14 субъект кіретін Приволж федералды округінің чемпионатында топ жаруың керек. Мен 13 жасқа дейін, сосын 15 жасқа дейін, одан соң кадеттер арасында 18 жасқа дейін облыс, округ чемпионатында жеңімпаз атандым. Бірақ Ресей біріншілігінде ойдағыдай өнер көрсете алмадым. Десе де ол кезде салмақ қумайтынмын. Ал қазір салмақ қуып, режим сақтап, өз бабыма келдім десем болады» дейді Нұрлан. «РЕСЕЙ АТЫНАН СЫНҒА ТҮССЕМ ДЕ, ҚАЗАҚТАНДА КӨБІ МЕНІ ТАНИТЫН» Жас дзюдошының өмірбаянынан тағы бір аңғарғанымыз, Нұрлан Қазақстанда өткен жарыстарға көп қатысыпты. Онда да ешкімге дес бермеген одан «Аты-жөніңді атаған кезде, жанкүйерлер Орынбордан келген қазақ екеніңді біліп, қолдау көрсеткен болар» деп сұрағанымызда, «Әрине. Байқағаным, қазақстандық жанкүйерлер өте қызуқанды екен. Мықты қолдау көрсетеді. Татамиге аты-жөнімді атап шақырғанда, қолдауларын аямайды. Жалпы, мен тоғыз жасымнан бастап Қазақстанда өтетін турнирлерге қатысып келемін. Мұнда жиі келетінмін» дейді Нұрлан.  width= Әкесі Нұрлан елде өтетін жарыстардан жүлдесіз қайтпайтындықтан, қазақстандық бапкерлер оны жақсы танитынын айтады. Әрі Нұрланның Қазақстанда достары көп екенін, оны жарысқа жетектеп жүріп, өзі де ата­жұрттан біраз дос тапқанын айтады. «Нұрлан Ақтау, Теміртау, Орал, Алматы, Ақсай, Ақтөбе қалаларында өткен жалпы саны он екі жарысқа қатысты. Оның он бірі – алтын, тек біреуі ғана – күміс медаль. Сондықтан оны бәрі таниды. Қай жарысқа бармасын, қолдап, қолпаштап жүреді. Бір қызығы, сол жарыстарда мен секілді баласын сүйреп жүрген әкелермен танысып, жақын араласып кеттік. Ақтауда тұратын Абай мен Алматыда тұратын Жарас Қазақстанға жарыстарға барғанда, бізді күтіп алып, қонақжайлық танытады. Ал олар Орынборға балаларын алып келсе, мен оларды күтіп аламын. «Орынбор қазақтары» автономиясының президенті және «Бәйтерек» қайырымдылық қорының басшысы Жаңабай Балабаевты «Қазақтар келе жатыр. Күтіп алайық» деп қолқалаймын. Сондай-ақ қазақ балаларын Орынборда Нұрланмен бірге жаттықтырып, спортқа баулуға күш саламын. Нұрланның жақын досы Ақтөбеде тұрады. Ол бала менің қолымда бір жыл тұрды. Оның әкесі менімен танысып, Нұрланның қатаң режимде жаттығатынын білген соң, баласын бізге Орынборға жіберді. Бізбен бірге бір жыл тұрған ол баланы дзюдоға баулыған едім. Қазір ол Ақтөбе облысы бойынша мықты спортшы, өз салмағында көшбасшы саналады» дейді Серік Исатаев.  width= Алматыда өткен Азия кубогі – Нұрланның Қазақстан атынан қатысқан алғашқы жа­рысы. Қазақстан азаматтығын екі ай бұрын ғана алса да, қазақстандық бапкерлердің оны бірден құрама тізіміне қосып, құрлықтық жарысқа қатыстырғаны бекер емес екен. 700-ге жуық жас спортшы бас қосқан ірі додада азиялықтармен иық тірестіріп, оқ бойы озып шыққан Нұрлан бапкерлердің сенімін ақтап, Қазақстан атынан қатысқан алғашқы жарысында-ақ алтын жүлдені қанжығасына байлады. Сөйтті де, Ресейде басталған жеңісті жолын атажұртында жалғастырды. Негізі, Азия кубогіне қатысу үшін Қазақстан чемпионатында топ жарған алғашқы бестікке кіруі керек екен. Бірақ ол уақытта төлқұжаты дайын болмаған Нұрлан Қазақстан чемпионатына қатыса алмағанын айтады. Десе де жастайынан Қазақстанда өткен жарыстарда ешкімге дес бермей жүрген Нұрланды біздің бапкерлер жақсы танитындықтан, азаматтық алған бойда бірден Азия кубогінде бақ сынауға мүмкіндік берсе керек. «Маған сенім артқаны үшін бапкерлерге алғыс айтқым келеді. Азия кубогінде жеңіс тұғырына көтерілгенімде бойымды сөзбен си­паттай алмайтын мақтаныш сезімі кернеді. Әсіресе, Қазақстанның Көк байрағы желбіреп тұрғанын көргенде ерекше күй кештім. Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүргеніме қатты қуанамын» дейді Нұрлан Азия кубогінде жеңімпаз атанған кезін еске алып.                              ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН СЫНҒА ТҮСКЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН! Орынбор – Ресейдегі ең көп қазақ шоғырланған екінші аймақ. Онда бүгінде 120 мыңға жуық қандас тұрады. Олар Орынбормен шекаралас жатқан Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына көп қа­тынайды. Нұрлан да Орал қаласына тұрақтауды жөн санапты. «Мұнда әкемнің қарындасы тұрады. Одан бөлек туыстарым жетерлік. Әрі мұнда әкемнің достары да баршылық. Жекпе-жек шебері Дамир Смағұловтың бірінші бапкері, Орынбор қазағы Алмат ағай да осында жастар құрамасының аға бапкері қызметін атқарады. Оған қоса, қазір мені жаттықтыратын Алтынбек ағай да осында еңбек етеді. Жалпы, әкем Алтынбек ағаймен бұрыннан дос. Мен де ол кісіні Қазақстанға түрлі жарыстарға келгенде жиі көретінмін. Ол кісімен жұмыс істеген ұнайды. Бәрін таразылай келе, Орал қаласына тұрақтауды жөн санадық» дейді Нұрлан.  width= Десе де ол Оралда ғана емес, өзі барған бірнеше қалада уақыт өткізген ұнайтынын айтады. Әсіресе, тауы мен табиғаты, суы мен бауы келіскен Алматыға жасаған сапарынан ерекше әсер алса керек. Бұрында Қазақстанның қалаларында бір апта ғана болып, жарыс біткесін ертесі Орынборға қайтатын ол алдағы уақытта ел ішін асықпай аралап көргім келеді дейді. Сондай-ақ ол Ресейде жүріп-ақ елдегі спорттың күй-жайын, әсіресе, дзюдошыларымыздың аяқ алысын жіті бақылайтынын айтып қалды. Әсіресе, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің күресу стилін ерекше ұнатса керек. Екеуі бір-бірін сырттай таниды екен. Елдос жарыс алдында видео арқылы Нұрланға жеңіс тілеп, арнайы хабарлама жіберіпті. «Маған Қазақстанда бәрі ұнайды. Ел қарқынды дамып жатыр. Білімді жастар өсіп келеді. Спортта да елеулі жетістіктер бар. Ұл­тым, қаным қазақ болғандықтан тарихи Отаныма оралу туралы шешім қабылдадым. Қазақ болғасын, Қазақстан атынан сынға түскенге не жетсін! Жалпы, осындай шешім қабылдағаныма қуаныштымын!» дейді Нұрлан іштегі қуанышын жасыра алмай. Серік Исатаев баласының «Бұдан былай Қазақстан намысын қорғаймын» деп өзі бірінші бастама көтергенін айтады. «Біз жақта көп нәрсені бағаламайды. Орынбордың өзінде де кейде дұрыс төрелік етпейді. Сырт көзге көрінбейді, бірақ шектеу бар екеніне көзім жетті. Кейде біреуге ұнамай қаласың. Кейде басқаның әмірі жүреді. Біз мұның бәрінен өттік. Мұндай кедергілер бізді тек шыңдамаса, осал етпейтіні анық. Ресейліктерге халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салынған соң баламның Орынбордағы ұлты грузин бапкері Шота Гаситашвилли маған келіп: «Нұрланға Қазақстанның немесе Грузияның азаматтығын алу керек. Қаласаң, Грузия азаматтығын алуға көмектесейін» деді. Грузияда дзюдо мектебі мықты қалыптасқанын білетін боларсыз. Бірақ маған Грузияның не керегі бар? Мен – қазақпын. Қажет болса, тарихи Отаным Қазақстанның азаматтығын ала аламын ғой. Бапкер сонда да «Қарап көр. Болмай жатса Грузияны көрейік» деп ұсыныс айтты. «Жоқ, Грузия азаматтығын алмаймыз» деп үзілді-кесілді қарсы болдым. Содан соң ұлым өзі шешім қабылдады. Жоғарыда айтқанымдай, кішкентай күнінен Қазақстанды аралаған ол осында тұрғысы келді. Осында тұруды қатты қалады» дейді әкесі. ОРЫНБОРДАҒЫ «БӘЙТЕРЕК» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ КӨМЕГІ КӨП «Орынбор қазақтары» автономиясының президенті және «Бәйтерек» қайырымдылық қорының басшысы Жаңабай Балабаев жасындай жарқырап тұрған жас дзюдошыға көмегін аямаса керек. Серік Исатаев бала күнінен бастап ол қатысқан жарыстардың түгеліне дерлік қаржылай көмек көрсеткен Жаңабай Айтқалиұлы тек Нұрланға емес, жалпы Орынбор қазақтарынан аянып қалмайтынын айтады. «Жаңабай Айтқалиұлы жасаған жақсылығын жария қылғанды ұнатпайды. Көп шаруаны жарияға жар салмай-ақ тындырып жүр. Көп игі іс атқарып жүр. Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған ол жұмысы шаш-етектен асып жатса да, бізге үнемі уақыт табады. Оның Нұрланға кішкентай кезінен бастап бүгінге дейін қанша ақша жұмсағанын арнайы дәптерге жазып отырамын. Есептеп қарасам, бір миллион рубльден астам қаржылай көмек көрсетіпті. Жол ақысынан бөлек, жаттығу жиыны бар, киім-кешегі бар. Ол кісінің арқасында бүкіл Ресейді жүріп өттік. Сондықтан Нұрлан қай аймақта қан­дай қарсылас бар екенін біледі. Меніңше, оның жас категориясында олай Ресейді аралап, жаттығу жиынын өткізіп, күш сынасып, тәжірибе жинаған одан басқа ешкім жоқ секілді. «Нальчик дейсің бе, Мәскеу дейсің бе, Санкт-Петербург дейсің бе, Алматы дейсің бе, қалаған қалаңа барып қатыс. Жаттық. Үнемі қолдаймын» деп баламды жігерлендіріп отырады. 146 млн халық тұратын алып аумақты аралау оңай емес. Сонда да мен Нұрланды бала кезінен Кавказ, Дағыстан, Шешенстанға арнайы апаратынмын. Ондағы мақсат – бойындағы қорқынышын сейілту. «Қарсыласының ұлты шешен болса, оны жеңу мүмкін емес деп ойлама. Оның қол-аяғы да сенікіндей. Ол жеңе алса, сен де жеңе аласың» деп спорт десе, ішер асын жерге қоятын сол аймақтарға жиі ертіп апаратынмын. Сөйтіп, ол онда жаттыққанда дағыстандықтарды, ингуштарды жеңетін. Үнемі бәрінен бір бас жоғары болатын. Мұның бәрін төлеуге жалғыз өзімнің шамам жетпес еді. Сондықтан оған бізді бауырындай көріп, орасан зор көмек көрсеткені үшін алғыс айтудан шаршамаймын. Нұрланның спортта дамуына әуелі Алла, сосын Жаңабай Айтқалиұлының себепкер деп білемін» дейді Серік Исатаев.  Жаңабай Балабаев Нұрланға азаматтық алу мәселесін шешуде де қолұ­шын созған екен. Қандастармен тығыз байланыста жүретін ол «Отандастар» қоры қызметкерлерінің көмегіне жүгініп, Нұрлан жарысқа үлгерсін деп тез арада азаматтық алуына белсене атсалысыпты.                                                 «МАҚСАТЫМ – 2028 ЖЫЛЫ ЛОС-АНДЖЕЛЕСТЕ ӨТЕТІН ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА ТОП ЖАРУ» Нұрланның қазіргі мақсаты – осы сенбіде Грузияның Гори қаласында өтетін Еуропа кубогінде топ жару. Бұған дейін Орынбордағы грузин бапкерімен Гориде талай рет жаттығу жиындарын өткізген ол онда алтыннан алқа тағынуды мақсат етіп отыр. Сосын бапкерлер оны Польшада өтетін кезекті кубок жарысына апармақ. Бұл екі жарыста жеңіс тұғырына көтерілген, арнайы рейтингтегі ұпайы көбейген жас атлет қана тамыз айында өтетін әлем чемпионатына бару құқығын иеленеді. Ал Нұрланның салмағында бір орынға бес спортшы таласатынын ескерсек, оның жеңісті қолдан бере қоймайтыны айтпаса да түсінікті. Нұрланның екінші мақсаты – қазақ тілін жетілдіру. Тамыз айынан бастап қазақ тілін те­реңдетіп оқитын мектеп-интернатта білімін жалғастыратын ол қосымша репетитор жалдайтынын айтады. «Ал басты мұратым – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында топ жару. Сол Олимипиадада ел намысын қорғауға бар күшімді саламын. Сосын барып қана қандай мамандыққа оқуға тапсыратынымды бағдарлап, жоспарлайтын боламын. Оған дейін тек спортқа ден қоямын» дейді Нұрлан алдағы жоспарымен бөлісе отырып.  width= Сұхбат соңында сөз алған әкесі Серік «Ұрпағымның тарихи Отанға оралғанына қуаныштымын» дейді. «Мен Орынбор облысы Красногвардейский ауданына қарасты Нижняя Кристалка ауылына тудым. Әкемнің айтуынша, арғы атам – Орал облысы Бөрлі ауданына қарасты Димитрово ауылының тумасы. Кеңес үкіметі кезінде Орынбор жеріне табан тіреп, сонда қалып қойған екен. Біздің 14 қана қазақ үй болды. Қалғаны – орыстар, башқұрттар, чуваштар және тағы басқа ұлттар. Балабақшада, мектепте, әскер қатарында қазақтардан жалғыз болдым. Сол себептен қазақшам онша емес екенін байқап тұрған боларсыз. Орынборда білім алдым.  Сосын әскери қызметкер атандым. Кейін Самарада қызмет еттім. Сол кезде ауырып қалған әкеме қарайласу үшін Орынборға қайта көшіп келдім. Әкем қайтыс болған соң, әскери жұмыстан қуылып, «қайтсем де чемпион боламын» деп жұлқынып тұрған балама көңіл бөле бастадым. Қазір мұнай өндіретін компанияда вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Баламның Қазақстанды таңдағанына мен де қуаныштымын. Осында отбасын құрып, жапырағын жайып, саясы кең бәйтерекке айналса деймін. Қазақстанның дамуына үлесін қосып, елдің атын шығарса деймін. Көк байрақты көкте самғатып, жүрегіңді шымырлататын Әнұран шырқалса екен деймін. Балам осын­да үйлі болған соң, одан тарайтын балалары біз секілді емес, қазақ балабақшаға барып, қазақтілді мектепке барады. Біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә!» дейді Серік.                                                                                                                           Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ