Уақытша тіркеудің жыры мен сыры

Уақытша тіркеудің жыры мен сыры

Уақытша тіркеудің жыры мен сыры
ашық дереккөзі

Табалдырықты аттаған жаңа жыл жаңа бастамаларын ала келді. Бұрын Қазақстанның бір жерінде тіркеліп, ел аумағын еркін аралай беретін жұртқа енді мұндай еркіндік те, мүмкіндік те берілмейтін болды. Яғни, өзге қалада немесе облыста бір айдан артық жүретін кез келген адам уақытша тіркеуге тұруы тиіс. Егер талапты орындауға мойынсұнбай, ережені сақтамасаңыз, салынатын айыппұл да қомақты. Мерекелік демалыс күндерінен кейінгі жұмыс аптасы «уақытша тіркеудің» дүрлігуімен басталды. Әп-сәтте әлеуметтік желі беттерінде аталмыш жүйе туралы түрлі мәліметтер жарияланды. Кейбіреулер істің ақ-қарасын ажыратып алмай, даурықпа әңгімелердің жетегінде кетсе, енді бірі бұл шараның қауіпсіздік үшін ауадай қажеттігін алға тартты. Ал бір айдың ішінде тұрғылықты мекен-жайға уақытша тіркеліп үлгермеген азамат 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 23 мың теңге көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Мұны естіген тұрғын үйін жалға берушілер де, жалдап тұрушылар да халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылуда. Жаңа заң күшіне енгелі бері ХҚКО-ның залдары адамға лық толып, қызу жұмысқа кіріскен. Сонымен, жұртқа түрпідей көрінген уақытша тіркеу деген не? Бұның енгізілуіне не түрткі болды? 2016 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңдық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Ол бойынша, үй немесе пәтерді жалға бере алатын адамдар ондағы азаматтарды тіркеуі міндетті. Демек, бұл құжат әрбір тұрғынның қауіпсіздік мәселесіне байланысты қабылданып отырғаны белгілі. Оған себеп те көп. Соңғы кезде Алматы мен Ақтөбеде болған террорлық актілерден кейін бейбіт тұрғындардың жанын шүберекке түйіп жүруі байқалады. Әрине, әрбір жаңа дүние енгізілместен бұрын алдын ала түсіндірме жұмыстары жүргізілуі заңдылық. Олай болмаған күннің өзінде тиісті мекеме өкілдері халықпен кездесу өткізіп, тілші қауымына мән-жайды дұрыс жеткізуі тиіc-тін. Ал бізде жағдай керісінше өрбіген сыңайлы. Жаңа жүйе де, түсіндіру жұмыстары да қатар жүріп жатқан жайы бар. Сондықтан да таңның атысынан күннің батысына дейін ХҚКО халық нөпірінен көз ашпауда. Себебі тіркелу уақыты да шектеулі. ҚР ІІМ Көші-қон полициясы басшысының орынбасары Галина Сәрсенованың айтуынша, тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге тұру әлемдік тәжірибеде бар. «Қазақ­­­­­­станда тұрғылықты мекен-жай бойынша және уақытша тұру бойынша есеп заңнамада бұрыннан қарастырылған. Тіркеу еркін жүріп-тұруды шектемейді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Көпшілік мемлекеттерде халықты есепке алудың белгілі бір формасы бар, себебі осы арқылы экономикалық және әлеуметтік саясат жоспарланады», – деп хабарлады маман. Бүгінде халық нақты ақпаратқа қанық емес. Жан-жақтан жеткен әр түрлі мәліметтің рас-өтірігіне көз жеткізе алмай әлек. Сол себептен біз уақытша тіркелуге қажетті құжаттарға тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Уақытша тіркеуге қандай құжат қажет?

Тіркелу үшін мына құжаттар керек: тұрғын үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және АЕК-тің 10 пайызы (227 теңге) көлеміндегі мемлекеттік салымның төленгені жайлы түбіртек. Тіркелуші азамат та, баспана иесі де тіркелуге бірге келуі тиіс, себебі құжаттың чипіне өзгерістер жазылады. Өзі келе алмаған жағдайда нотариус қол қойған келісімшарт қажет. Электронды сандық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуіне болады және тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығу қажет емес. Сонымен қатар, электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда әр қазақстандық электронды үкімет арқылы тіркеле алады, содан кейін ол тұрғылықты тіркеудің қажет емес екенін жазуы тиіс. Көші-қон полициясының өкілдері тіркеудің тәртібі және құжаттардың рәсімделуі туралы мәліметтерді 2011 жылдың 1 желтоқсанындағы №1427 үкімет бұйрығында немесе «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» ІІМ министрінің №183 бұйрығынан көруге болатынын айтады. Ал бір пәтерге қанша адам тіркеле алады? Қазір жергілікті атқару органдары мәслихаттың шешімімен санитарлық нормаларды анықтауға мүмкіндік алды. Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматы қаласында енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қанша тұрғын жер берілуі керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды. Ал азамат ұзақ уақытқа басқа қаладағы ауруханаға жатқызылатын болса, ол ем алатын жері бойынша тіркелуі тиіс, сол сияқты басқа қалада өмір сүретіндер және қонақүйде өмір сүріп жатқандар тұратын жері немесе сол қонақүй мекен-жайы бойынша тіркеле алады екен. Мамандардың айтуынша, тіркелудің еш қиындығы жоқ. «Біздің қатарымызда ниеті түзу емес адамдар да болуы мүмкін. Бірақ біреуге пара бергенше, 200 теңге беріп, тіркеле салған артық қой. Пара алудың да, берудің қажеті жоқ. Тіпті, интернет арқылы да тіркелуге болады», – дейді ҚР ІІМ Көші-қон полициясы басшысының орынбасары Галина Сәрсенова. Бір айта кетерлігі, жалға берушілер де өз тұрғындарын тіркемесе, айыппұл арқалайды. Жеке тұлғалар 10 АЕК (22,600 теңге), шағын кәсіп иелері – 15 АЕК (34 мың теңге), ал ірі кәсіп субъектілері – 50 АЕК (113,5 мың теңге) төлейді. Айта кетейік, айыппұл «Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру» (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабы) бабы бойынша салынады. «Әкімшілік айыппұл салу үшін дәлелдерді жинау ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 765-бабында қарастырылған («Дәлелдемелер») тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Айыппұл салу үшін дәлелдерді жинау полицейдің міндеті», – дейді мамандар. Ал осы бапты оқып көрсек, көршілердің көрсетпесі дәлел болып саналады екен. Егер азаматтар полицейлерге белгілі бір үйдің тұрғындары жайлы айтқысы келмесе, ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша («Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау») жауапкершілік қарастырылған. «Тіркеусіз тұрғаны үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік бір айдан кейін көбейеді», – дейді ІІМ өкілдері. Алайда заң күшіне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгенмен, айыппұлдар салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі 2017 жылдың 1 ақпанында басталады. Галина Сәрсенованың айтуынша, тіркеусіз адамдарды анықтау ісі бұған дейін де жүріп келді. Мысалы, өткен жылы 13 адам осы талапты орындамағаны үшін жауапқа тартылған.

Уақытша тіркеу мен прописканы шатастырмау керек

Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев уақытша тұратын жері бойынша тіркеуге байланысты көпшіліктің сұрауы бойынша пікір білдірді. «Ауызекі тілде «прописка» деп аталатын нәрсе бар. Ол – азаматтың негізгі тұратын жеріндегі тұрақты тіркеуі. Уақытша тіркеуді онымен шатастыруға болмайды. Бұл – азаматтың уақытша қоныстанған жердегі тіркеуі. Яғни уақытша тіркеу үшін тұрақты тіркеуден шығу қажет емес. Негізгі айырмашылық осы жерден басталады. Тұрғылықты жері бойынша тіркеумен бірге уақытша тұратын жерде тіркеу бар. Уақытша тіркеу кезінде бұрынғы жердегі тіркеу сақталады. Уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге жасалады, оны азаматтың өзі анықтайды, мерзім біткен соң тіркеу автоматты түрде жойылады», – дейді Ерлан Тұрғымбаев. Уақытша тіркеуге тұру үшін ешбір органның рұқсаты талап етілмейді, тек үй иесінің келісімі жеткілікті. Уақытша тұратын жерде тіркелу ішкі көші-қонды бақылау, белгілі бір елді мекенде тұратын азаматтар санын анықтау үшін қажет. Осы мәліметтер негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу, мектеп немесе ауруханалар салу, жол, электр, интернет, телефон желілерін, су және газ құбырларын тарту жұмыстары жоспарланады. Ерлан Тұрғымбаев көші-қон мәселесіне байланысты соңғы жылдары қалыптасқан жағдайға назар аударды. «Пәтер иелері тіркеуге рұқсат бермеуі себепті пәтершілер – студенттер немесе басқа аймақтардан жұмыс іздеп келгендер нақты тұратын жері бойынша тіркеле алмайды. Соның салдарынан олардың мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызметті, басқа да әлеуметтік игіліктерді пайдалану мүмкіндігі жоқ болды. Заңды бұзбау үшін олар жалған тіркелу жолдарын іздеді, яғни өзі тұрмайтын жерде тіркеледі. Кейде ондай мекен-жайларда ондаған, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрады. Ал расында олардың қайда екенін ешкім білмейді. Ақтөбе мен Алматыдағы оқиғалар көрсеткендей, мұндай жағдайды қылмыстық элементтер, экстремистік ағымдағы адамдар пайдаланады», – деді вице-министр. Осы себепті экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңдарға өзгертулер жасалды. Ең әуелі пәтер немесе үйді жалға беретіндердің ондағы адамдарды тіркеу міндеті айқындалды. Бір айдан аса мерзімге уақытша қоныс аударған жағдайда сол жерде міндетті тіркеу енгізілді. Ал уақытша тіркеу пәтер иесінің туыстары мен қонақтарынан талап етілмейді. Вице-министр уақытша қоныс орнында міндетті тіркеуден босатылатын жағдайлар туралы да айтты. Олар – «уақытша тұрғындар» деп аталатын азаматтар. Яғни, үй немесе пәтер иесі азаматтардың уақытша тұрғаны үшін ақы алмайтын болса, олардан уақытша тіркеу талап етілмейді. Бұл азаматтарға үй иесінің туыстары немесе қонақтары жатады. Алайда бұрын пәтерде тіркеусіз тұратын азаматтардың жауапкершілігі олардың өзінде болып келсе, енді олар үшін пәтер иелерінің әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Министрлік өкілінің айтуынша, халыққа еш алаңдаудың қажеті жоқ.«Бұл шаралар азаматтардың өзі тұратын жерде заңға сай әрекет етуін ынталандыру мақсатын көздейді. Алайда біз бірден бәрін жаппай тексеруге кірісіп, қатаң шаралар қолданғалы отырғамыз жоқ. Жұмыс қазіргідей қалыпты режимде жүре береді. 2016 жылы тіркеусіз тұрғаны немесе жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін 22 адам жауапқа тартылды. Оларға ескертулер жасалды», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары. Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, тұрғындарды санаққа алудың әртүрлі формада көптеген шет елдерде қарастырылған. «Мәселен, Ресей, Латвия, Литва, Молдова, Эстония, Грузия сияқты елдерде Тұрғындарды бірыңғай тіркеу деген бар, онда азаматтардың өзі келуі талап етіледі. Германияда тіркеуді муниципалдық қызметтер жүргізеді, ондағы талапқа сәйкес, жаңа жерге келген азамат екі апта ішінде хабар беруі тиіс. Пәтерге кіргені немесе шыққаны жөнінде хабарламағаны немесе бөтен мекенжайды пайдаланғаны үшін 1 мыңнан 50 мың еуроға дейін айыппұл төлетеді. Австрияда полицияда тіркелу үшін жеке куәлік және үйді жалға немесе сатып алу туралы келісімшарт талап етіледі. Израильде полиция азаматтарға мекен-жайы көрсетілген қосымша құжат береді. Бельгияда мекенжай жеке куәлікке енгізіледі, ал қоныс аудару туралы өтінішін ратушаға беріледі», – деді вице-министр. Демек, алдағы уақытта Қазақ­станда әрбір нысанға, пәтерге арналған «электронды үй кітапшасы» жасалатын болады. Бұл «резеңке» пәтерлердің иелерін анықтауға, белгілі бір заңды мекен-жайда тіркелген азаматтардың санын анықтауға мүмкіндік береді. Баспананың меншік иесі де нақты заңды мекен-жай бойынша тіркелген азаматтарды  тексере алатын болады. Сонымен қатар оларды тіркеуден шығару шараларын да қабылдай алады.   P.S. Сейсенбі күні уақытша тіркеуге қатысты істің ел арасында неліктен түсінбеушілік туғызғаны Үкіметте айтылды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік маңызды шаруаға алдын ала дайындалмаған Ішкі істер министрін сынап, уақытша тіркеуге қатысты түсіндіру жұмыстарының уақытында жүргізілмегеніне ашуланды. «Уақытша тіркеуге қатысты заң қабылданған күннен бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізсек бұлай болмас еді. Мәлімет аз, сұрақ көп. Яғни, қосымша орталықтар ашып, уақытша тіркеуге онлайн тұруға да мүмкіндік жасау қажет. Халық заңға бағынып тұр. Тек дұрыс түсінбеген. Үнемі осы қателікті қайталап, маңызды істі құрдымға жібереміз», – деді ол. Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Полицейге есік ашпасаңыздар, тексерудің басқа жолын табамыз» дей келе, «Таяуда басталған тексеріс Алматыда өтетін Универсиадаға байланысты және бұл басқа қалаларда жүргізілмеген. Қазір қалада жоспарлы түрде тексеріс басталды. Бірінші айда уақытша тіркеу бойынша тек ескерту жасаймыз. Ал кейін тәртіпке келтіру үшін шара қолданамыз. Уақытша тіркеу – бұл ең тиімді жолы, – деп мәлімдеді. Ал уақытша тіркеуге қатысты құжаттың қабылданғанына 3 аптадан асса да, ел бойынша қаңтардың 7-сі мен 9-ы арасында 40 мың адам ғана тіркеуге тұрыпты. Мәнсия Сапарғалиқызы, социология ғылымдарының докторы:  – Уақытша тіркелуге бір ай уақыт берілді. Жаңа заңнаманың мақсаты – Қазақстандағы көші-қонды реттеу, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, экстремизм, терроризм мәселесін қадағалау. Сол сияқты еліміздің аймақтарынан қалаға ағылған жұрттың санын білу. Ауылдан қалаға келіп тіркеусіз жұмыс істеп жатқандар көп. Бұрын жабық қалаға айналған Алматы қаласына жан-жақтан келеді. Ал мына заңнан кейін көп жағдайды реттеуге тура келеді. Бұл әуелі ішкі миграцияны шектеуі мүмкін. Кез келген елде заңсыз көші-қонның болуы заңдылық. Ал оны тіркеу арқылы ғана анықтай аламыз. Мәселен, бұрын Алматыда қанша халық бар, қанша адам көшіп келіп немесе кетіп жатыр, сондай-ақ қанша жұмыс күші бар екенін нақты білу қиын еді. Сол жағынан келгенде тіркеудің пайдасы бар. Қазір адамдардың жоғалып кету дерегі көп. Егер тіркеуде тұрса, адамның жеке қауіпсіздігі қорғалады.  Ал уақытша тіркеу мен прописка бір емес. Тіркеу көбінесе шетелден келген адамдарға жүргізілді. Кез келген бизнесі бар немесе тұрғын үйі бар азамат әлеуметтік жағдаймен қамтылуын қаласа, міндетті түрде заңдастырылады. Және ол төлемақыны есепшот арқылы жүргізеді. Бұл арқылы үкімет кімнің қайда тұратынын біледі. Әрине, қазір уақытша тіркеу баспанасын жалға беріп отырғандар үшін ыңғайсыздық туындатуы мүмкін. Себебі үй қожайыны пәтер жалдап тұрушыны тіркеу үшін өзінің құжаты арқылы тіркейді. Кейде үй иесі пәтерінен айрылып қалмауына алаңдап немесе сол құжатпен жалдап тұрушы несие ала ма деп қауіптенеді. Бұл жөнінде құзырлы органдар түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек. Бүгінде Ресейде «жасырын» тіркеу белең алыпты. Мұндайлар қазір заңдық тұрғыдан жауапқа тартылуда. Ал бізде ақшаға пропискаға тұрғызу жоқ деуге бола ма? Әрине, көп. Сол сияқты бір емес, бірнеше баспанасын жалға беруші көлеңкелі бизнес өкілдері анықталады. Бәлкім, олар салық төлемейтін шығар.