«Өлгім келмейді» – ауған қызы (2 бөлім)
«Өлгім келмейді» – ауған қызы (2 бөлім)
Бізден басқасына әкелері, ағалары көмектесті – сөмкелерін тасып, сығылған топ ішінен жұлқып, алып шығып жатты. Бәрінің автобусқа бірінші жеткісі келеді. Тек Сара екеуімізден басқасы. Біздің атымызды атап шақырған кезде ғана ақырындап жылжи бастадық. Біз осылай кете салатынымызға сенімді болған жоқпыз.
Автобус қозғалып, жүріп кеткенше кеш батты. Бізге бірнеше маңызды нәрсені білу керек деп ескертті. Бірінші, әуежай жақ қауіпті. Ол жақ қазір қаруланған тәліп пен АҚШ әскерінің бақылауында – төрт күннен кейін, америкалықтар бұл жерден біржола кетеді. Егер әуежайда бізге бір жағдай болса, НКО жауапкершілік алмайды. Екіншіден, автобус жарығын өшіріп жүреді. Үшінші, әйелдер жабық киіммен қалуы керек. Автобус қозғалды. Біз жарты сағат ішінде әуежайда болып, содан кейін аспанға көтерілеміз деп ойладық.
Бірақ бәрі басқаша болды.
Бұл Сара екеуіміздің әуежайға қарай бара жатқан бірінші әрекетіміз емес, бұған дейін екі күн бұрын отбасымызбен қашуға тырыстық.
Үлкен әпкеміздің күйеуі Канадада жұмыс істейді, біз сол арқылы канадалық визаға тапсырмақ болдық. Канада билігі бізге хабарласып, ұшып кетуге көмектесетінін айтты. Біз «Эбби-гейт» әуежайының шыға берісінде ұзақ отырып, күттік. Мыңдаған адам әуежайдағы лас жерде, дәрет толған, түрлі қалдық лақтырған қара жерде жатып, күтуге мәжбүр болды. Ақыры тоғанның ар жағынан канадалық әскерлерді көрдік. Оларға жету үшін бізге ағынды суды кешіп өтуге тура келеді, біз солай істедік те.
Әскерилер менің үлкен әпкемді бес жасар ұлымен бірге өткізді, бірақ басқаларымызда керекті құжаттардың бәрі толық болмай шықты. Әпкем өзін кінәлі сезінгендей артына бұрылды, бірақ мен өзімді күлдіруге тырыстым да, онымен қоштасуға тырыстым. Болмағанда бір әпкем мен жиенім еркіндікте, қауіпсіз жерде өмір сүрсін дедім. Мен тоғаннан бері өттім де, малмандай су күйімде үйге қайттым.
Міне, енді қайтадан әуежайға келген кезде түсінгенім, әпкемнің кетіп бара жатқан кездегі күйінің осы жақта қалғаннан да ауыр екен.
Бұл жолы біз басқа кіреберіс – «Солтүстік қақпаға» жүрдік. Ол жақта бізде мүлде басқа әлем күтіп тұрды. Жарылыс болды, кейін оқ атылды, көкжиек жақтан жанып тұрған отты көрдім. Яғни біз «Эбби-гейтке» келгенше онда 150 адамның өмірін қиған бомба жарылыпты. Жарылыс дәл біз отбасымызбен екі күн түнеген жерде болған.
Жарылысты ДАЙШ террористік ұйымының баскесері жасаған. Ол оған дейін қатаң режимдегі түрмеде отырған, одан кейін «Тәліптер» өздерінің адамдарын босатқан кезде, ол бостандыққа шыққан. Тағы бір дәлел ретінде айтатын нәрсе, тәліптер он шақты жыл соғысты қалай басқаруды білгенімен, елді басқару және халқын қорғау деген нәрсені мүлде білмейді.
Жарылыстан кейін «Тәліптер» адамдардың қауіпсіздігі үшін әуежайға жақындамау керек деген мәлімдеме жасады. Автобустар кері айналып, жолдың жиегіне келіп тоқтады. Біз тыныш қана отырдық. Алайда айналада жүгірген, айғайлаған адамдар. Сол сәтте соғыс туралы кино көріп тұрғандай болдым, бірақ бәрі шынайы еді. Сол айғай салып жүгіріп жүргендердің ішінде таныстарым, туыстарым, мектептегі ұстаздарым бар ма екен деген ойда қалдым.
Етегі жасқа толған анам хабарласты. Ол жарылыстан кейін жүрегі жарылып кете жаздағанын айтты. Бұл жерді тастап, тезірек үйге қайту керек деді анам. Бірақ мен елден кетіп қалуға болатын мүмкіндікті жіберіп алғым келіп тұрған жоқ. Одан бөлек, автобустың ішінде отырғаннан, сыртқа шығудың мүлде қауіпті екенін түсіндім.
Екінші күн. Таң атты. Атыс тоқтаған, жүгіріп жүрген ешкім жоқ. Тамақ бітті. Сара басын тіземе қойып, ұйықтап жатыр. Мен онымен мақтанам – бір рет болсын қиналдым деген жоқ. Түнде бізді эвакуациялауға көмектесіп, тізімге қосқан құрбыма жаздым, одан қандайда бір ақпарат алғым келді. «Өлгім келмейді», - деп жаздым оған.
Белдері мен тізелерін құшақтап ыңырсыған жолаушылар ақырын ояна бастады. Автобуста әжетхана болмаған соң, жолаушылар қауіпсіз бір жерге апаруды талап етті. Ұйымдастырушылар өзара ақылдасты да, жақын маңдағы университеттің ғимаратына апаратын болды. Онда ешкім болған жоқ, тек бізде бір-бірден, кезек-кезек өткізіп тұрған күзетші ғана болды. Кейін жүргізушісі бәрімізді автобусқа тездетіп отыруға шақырды. Құрбым маған: «Өлі аймақтан өттік» деп жауап жазып жіберді.
Біз әуежайға оралдық, ақырын басып, көліктер мен автобустардың, қаптаған топтың ортасынан өттік. Міне кіреберіске келдік. Біз не болып жатқанын көру үшін терезеге көз салдық. Негізі бізге ішке кіруге рұқсат берілген, бірақ тәліп күзетшілері бізді жібермеді. Олар жаңа теракт болады деп қорықты немесе бізді қорғағысы келді не керісінше, басқа бір нәрседен алаңдаған секілді.
Ақыры үкіммен командир де келді: америкалықтар бізді қабылдауға дайын екенін расталмайынша, бізді жібере алмайтынын айтты. Тәліптер сыртқы өту бекеттерін күзетсе, америкалықтар – әуежайдың ішкі бөлігін күзетті. Біз, олардың тәліптердің территориясына өтпейтінін білдік.
Біз тағы төрт мүмкіндікті пайдаландық, бірақ әр кез қиындыққа тап болдық. Күзетшілер біздің құжаттарымызды бірде тексерсе, бірде тексермеді. Бұл кезде тамақ та, су да біткен еді. «Бушра – деп жаздым құрбым, – қалың қалай? Қанша уақыт өтті!».
Мен автобустан түсіп қаламын деп жаздым, ал ол: «Мен сен үшін таңдау жасай алмаймын, Бушра. Бірақ менің сенің өмір сүргеніңді... Сенің бақытты әрі қауіпсіз әрі өзің қалаған жерде тұрғаныңды қалаймын».
Автобустағы үшінші күн өтті. Біз тағы бір рет әуежайға кірмек болмағанда, екі тәліп келіп автобусты тоқтатып, ішке кірді. Олардың үстінде дәстүрлі васкат болды, бірақ астарында – Ауған ұлттық армиясы бұрын киген ботинка мен камуфялж болды. Олардың беттері жабық еді, бірақ менің түсінгенім: бұлар жай ғана қатардағы әскер емес, яғни командирлер. Олар өте ірі денелі еді, олардың қарулары да ірі еді. «Бітті, Бушра», - дедім мен.
«Неге елден кетіп бара жатырсыздар? – деді олар. – қалыңыздар, бірге ислам мемлекетін құрамыз».
Кейін біз «Тәліптердің» әуежайға баратын бүкіл жолды жапқанын естідік. Джордан ештеңе істей алмайтынымызды айтты. берілу керек.
«Бітті?» – деп жаздым құрбыма. «Бітті», – деді ол.
Жалғасы бар...
Бірінші бөлім: «Сіздерге осы оқиғаны баяндау үшін тәліптерден ноутбугімді жасырдым» – ауған қызы