Кеден кодексіне қол қойылды

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырыстарына қатысты. Бұл басқосуларға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Респуб­ли­касының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Ал­мазбек Атамбаев қатысты. Жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырды деп хабарлады «Егемен Қазақстан».

Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Бұған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің басшылары қатысуы тиіс еді. Бірақ жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко келмеді. Сөйтіп, тек төрт президент – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Респуб­ли­касының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Ал­мазбек Атамбаев қатысты.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның Кеден кодексі әзірленгенін атап өтіп, оны дайындау барысында қа­ты­сушы елдер азаматтарының мүд­десін сақтауға, сондай-ақ бизнес жүр­гі­зудің ашық әрі тұрақты ережесін қалып­тастыруға басымдық берілгенін айтты. «Күрделі сыртқы экономикалық жағ­дайларға қарамастан, күш-жігері­мізді жұмылдыру арқасында біз жыл басында Қазақстан ұсынған басым­дығы бар негізгі бағыттарды іске асыру барысында ілгерілей түстік. Ин­теграциямыздың негізгі құжатта­ры­ның бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қол қоюға дайын болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның төрағалығы кезінде халық­аралық ын­ты­мақтастық нығай­ғанын атап өтті. «Біз бұл бағытта айтарлықтай ілгері­ледік. Қазан айында Вьетнаммен ара­дағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді. Иран, Үндіс­тан, Сингапур және Мысыр елдері­мен осындай аймақтар құру жөнін­де келіссөздер бастау туралы мәсе­ле қарастырылып жатыр. Түрлі мем­лекеттермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы 25-тей меморандумға қол қойылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» осы одақпен ұштастыру ісі бағдарға алынды. Еуропалық одақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен әріптестік жолдары қарастырылуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қытаймен және Израильмен сауда келісімдері жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, Одаққа Оңтүстік Америка елдері де мүдделілік танытып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі қағидалары көрініс табатын сауда саясатын дамыту туралы мәлімдеме ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық байланыстарын дамыту жөніндегі қызметтің заңды жалғасы болып табылатынын айтты.

«Сонымен бірге, біз сауда келісімдері жөніндегі жұмыстың жүйелілікті, мейлінше тиімділікті, одағымыздың барлық мүшелерінің мүддесін ескеруді талап ететінін ұмытпағанымыз жөн. Тарифтік міндеттемелер құрылымына, біздің мүмкіндіктеріміз бен шектеулерді ескере отырып ықтимал алымдардың тізіміне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл орайда барлық қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді де ескерген жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ЕАЭО аясын­дағы жұмысқа ықпал ететін бірқатар факторларды, соның қатарында әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлай түскенін және бірлестіктің өз ішіндегі мәселелер шешімін таппай отырғанын атап көрсетті. «Өзекті мәселелерді шешудегі ерекше рөлді ең алдымен Еуразиялық экономикалық комиссия атқаруға тиіс. Бүгінгі таңда дағдарыстан кейінгі жағдайды пайымдау, Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың одан арғы стратегия­сын түзуге мүмкіндік беретін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу маңызды болып отыр. Осыған орай дағдарысқа қарсы кеңес құру қажет. Егер мемлекеттер басшылары мұны қолдаса, комиссияға бұл мәселені біздің үкіметтермен бірлесе отырып қарастыру және тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қыр­ғызстан басшылығының ЕАЭО төраға­лығын табысты атқаруына тілектестік  білдірді.

Жиында басшылар одақтың екі жыл­ғы жұмысын қорытындылап, атал­ған ықпалдастық ұйымының одан әрі даму бағыттарын айқындады. Мем­лекеттер басшылары одақтың 2017 жыл­ғы халықаралық қызметінің негізгі ба­ғыттарын бекітіп, ЕАЭО-ның басты сауда-экономикалық серіктестерімен ықпалдастығының түрлі аспектілерін тал­қылады. Бұған дейін тізгіні бізде болған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағалығы кезек бойынша Қыр­ғызстанға тапсырылды.

Кеден кодексіне қол қойылды

Саммиттен күтілген басты жаңалық ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылуы болатын. Алайда, оған жиынға қатысқан елдердің  басшылары ғана қол қойды. Бастапқыда Қырғыз Республикасы да бұл құжатқа қол қою­дан бас тартып еді. Біраз талқы­лаудан кейін, жиын соңында қол қойыл­ғаны мәлімделді.

Үш жыл көлемінде әзірленген жаңа кодексте кедендік жұмыстарды ақпараттандыруға жаңа тәсілдемелер, қағаз түріндегі құжат айналымын және сыртқы экономикалық қызмет­ке қатысушылардың лауазымды тұл­ға­лармен  байланысын азайту мақсатында  бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлы алгоритмі енгізілген болатын. Сондай-ақ, онда Одаққа мүше елдердің барлығына арнап кедендік операцияларды барынша бірдейлендіру қарастырылған. Жаңа құжат күшіне енген соң ЕЭК барлық елдер үшін бірыңғай  баж салығынсыз сауданың жоғары өзіндік құнын және салмақтық шекті айқындамақ. Тараптар өздерінің қалауы бойынша  халықаралық пошта жөнелтілімдері, сондай-ақ, экспресс-тасымалдаушылар арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты ұлт­тық деңгейде бажсыз тасымалдаудың барын­ша төмен нормаларын бекіте алуы керек болатын. Сондай-ақ, Кеден кодек­сі күшіне енсе, 2018 жылдан ЕАЭО елдеріне шетелдік интернет-дүкен­дер­ден бажсыз тасымалдаудың шегін бір­тіндеп төмендетуді енгізу қарасты­рылған. Кодексті алдағы жылдың шілде айынан бастап заңды күшіне енгізу жоспарланған.

Сондай-ақ, үш ел ЕАЭО сауда саясатын дамыту туралы мәлімдемеге қол қой­ды, Қырғызстан бұл құжатқа қол қой­ған жоқ.

Қауіпсіздік мәселелері қаралды

Ал келесі алқалы жиын Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы отыры­сының шеңберінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары Ұйым аясындағы одақтық өзара әрекеттестіктің өзекті салаларын, оның ағымдағы қызметін қам­тамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз әлемнің көптеген өңіріндегі қа­рым-қатынастардың қалыптасуы қаншалықты қиынға соғып отырғанын білеміз. Проблемаларға толы шиеленісті ай­мақтар саны азаяр емес», – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Ресей басшысы.

Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады.

Жиын негізінен жабық есік жағда­йын­да өтті. Отырыс барысында қатысу­шылар күн тәртібіндегі өзекті мәселе­лерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды тал­қы­лады. Бұған қоса, есірткі мен қару-жа­рақ­тың заңсыз айналымымен күрес та­қы­рыптары қарастырылды.

Бұл – екі ел президенттерінің осы жыл­дың ішіндегі төртінші ресми кезде­суі. Мұның өзі бұл көршіміздің анау-мынау емес, барлық салада да байланысы бекем, алыс-берісі ауқымды, өзара келісімі кемел сенімді серіктес екенін дәлелдейтіндей. Соңғысы, қазан айында ғана біздің елге сапарлаған Ресей Президенті Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумына қатысып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға уағдаласқан еді. Енді, міне, араға екі ай салмай, әріп­тес­тер тағы бір әңгімелесіп, келісімдерді кеңейтуді кеңесіп,  елдердің ынтымағын нығайтуға ымыраласты. Әрине, қазіргі әлемдік жағдайдың беймаза шағында қай елдің де сыртқы саудада «шекесі қызып» отырған жоқ.

Соған қарамастан, Ресей Федерациясы бұрынғыдай Қазақстанның сауда серіктестерінің ішінде басты позицияны ұстап отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, Ресейдің еліміздің тауар айналымындағы үлесі 19,1 пайызды құрайды. Оның ішінде экспорт көлемі бойынша 4-орында, импорт бойынша 1-орында. Ресей Федерациясының сыртқы сауда бойынша 2015 жылғы қорытындысында Қазақстан үлесі  3,1 пайызды құрады. Осылайша, Ресейдің негізгі сауда серіктестерінің ішінде Қазақстан 10-орын алған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 12-орын, ал одан арғы 2013 жылы 9-орын болған.

Мамандардың айтуынша, қазір жалпы елдер арасындағы тауар айналымының төмендеуі байқалады. Биылғы жылдың қаңтар-қазан аралығында тауар айналымы 8,7 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. Оның ішінде экспорт 30,3 пайызға, импорт  22,8 пайызға қысқарған.

Қазір Қазақстанда 5,8 мыңнан астам ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді. Ал тіркелгендерінің саны 10 мыңнан асады.

Back to top button