Жапониядағы Mitsubishi Fuso-ның Бас кеңсесінде жұмыс істейтін Жасұлан
Жапониядағы Mitsubishi Fuso-ның Бас кеңсесінде жұмыс істейтін Жасұлан
Жасұлан Мамбаев әлемде жүк көліктері мен автобустар өндіруден жетекші компаниялардың бірі саналатын Mitsubishi Fuso компаниясының Токиодағы бас кеңсесінде жұмыс істейді. Онда ол дүниежүзінің бірнеше аймағындағы дистрибьютормен келісімшарт жасасуға жауапты. Жасұлан алдағы уақытта осындай алпауыт концерндер табысының маңызды элементі саналатын корпоративті мәдениетті Қазақстандағы ірі компаниялардың жұмысына енгізгісі келетінін айтады. Арманы асқақ, мұраты биік Жасұланға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Ең алдымен сұрағымыз келетіні: Жапонияға қалай жол түсіп жүр?
– Қызылорда облысында тудым, бірақ Алматыда әжемнің қолында өстім. Ол кісі мені ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп жеткізді. Мектеп бітірген соң, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің лингвисткалық колледжінде аударма ісі (ағылшын тілі) мамандығы, сосын КИМЭП-тің құқық мектебінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Содан кейін әлемдегі ең ірі халықаралық аудиторлық компания – KPMG-дің Алматыдағы кеңсесінде заңгер-консультант болып екі жылдай уақыт жұмыс істедім. Онда ірі жобалардың басы-қасында жүріп, іссапарға жиі шықтым. Жұмыс жайлы болса да, бір орында тұрып қалмай, білімімді шетелде жетілдіруді мақсат еттім. Бірнеше шетелдік университетке өтінім жіберген едім, бірақ оқу құнын толық төлеуге мүмкіндік болмады. Сол кезде MEXT (Жапонияның үкіметтік стипендиялық бағдарламасы) бойынша Күншығыс елінде оқып жатқан группаласымнан аталған бағдарлама туралы мәлімет алып, соған құжат тапсырдым. Ақырында үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, Киото қаласында орналасқан Дошиша университеті Бизнес мектебінің грантын жеңіп алдым. Онда екі жыл оқыдым.
– Mitsubishi Fuso-ға магистратура бітірген соң бірден орналастыңыз ба?
– Иә. Алғаш осында келгенде мен оқыған университетте білім алған бір қазақ жігіттің Mitsubishi Fuso-ға жұмысқа тұрғанын естіп-білдім. Ол мені осында жұмысқа тұруға ынталандырды. Сол кезде талабың таудай болса, осындай ірі корпорацияларда жұмыс істеу мүмкін екенін түсіндім. Атынан ат үркетін алпауыт компанияларда жұмыс істеу бізге орындалмас арман секілді көрінеді ғой. Ал Жапонияда олай емес. Мұнда оқығанның бір жақсы жері – ірі компания басшылары студенттермен жиі кездесу өткізіп, тұрақты байланыс орнатады. Бізде тіпті, семинарға қонақ лектор ретінде шақыртылған компания басшыларының қолына түйіндемелерін ұстатып, ізінше іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданған бірнеше студент бар. Сондай кезде компания басшыларының біз секілді ет пен сүйектен жаралған адам, елдің айтып жүргені аңыз екеніне көзің жетеді. Ал менің Mitsubishi Fuso-ға қалайша жұмысқа тұрғанымды сөз етсем, соңғы семестрге көшкен студенттерге тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі. Мен де осы мүмкіндікті мүлт жібермей, Mitsubishi Fuso-ның жаһандық желілермен жұмыс жөніндегі бөлімінде алты ай тағылымдамадан өтуге келістім. Ондағы ортаға сіңіп кету еш қиын болған жоқ. Қазақстанда жұмыс істегенім бар, халықаралық ортада жинаған тәжірибем бар, жұмыстан тыс түрлі жобаларға атсалысқаным бар, барлығы көмегін тигізді. Менеджердің алдына барып отырғанда оған білікті маман екенімді көзін жеткізетіндей «айтарым» болды. Алғашында тынбай күні-түні, демалыссыз жұмыс істедім. Оңай болған жоқ. Жұмыс істей жүріп, жоғарыда айтып өткен краудфандинг туралы зерттеуімді аяқтауым қажет. Содан не керек, түнде жұмыстан босаған бетте университет орналасқан Киото қаласына автобуспен барып, келесі күні түнделетіп Токиоға қайтып келіп жұмыс істейтінмін. Қанша қиын болса да, алғашқы үш айда кеңседе өзімді жақсы қырынан көрсетуге тырысып бақтым. Сосын басшылық «Сабағың біткен соң, бізде қалып жұмыс істесең қалай болады?» деп ұсыныс айтты. Осылайша, шілде айында келісімшарт жасасып, қазан айында сабағым аяқталған бойда концернге ресми түрде жұмысқа кірістім.
– Ендігі мақсатыңыз не?
– Негізгі мақсат – осындай өндірісі мен білікті қызметкерлері бар, күрделі процесті өткізуге жауапты үлкен команданы немесе ірі компанияны басқаруды үйрену. Үлкен ұжымды дұрыс мәдениет, дұрыс тәсіл арқылы мол табысқа кенелткім келеді. Бізде Қазақстанда атын әлем білетін, шетелде клиенттері бар бірнеше компания бар. Бар білімім мен тәжірибемді сондай компанияларды өркендетуге жұмсағым келеді. Осы ретте айтайын дегенім, қазір көбі «ірі компанияда жұмыс істегісі келетін адам ағылшын тілін білсе болғаны, жұмысты дөңгелетіп әкете алады» деп ойлайды. Ағылшын тілін меңгеру жеткіліксіз, қай елмен, қандай мәдениетпен қалайша байланыс орнату керегін білуің керек. Кеңседегі әріптестерімнен бөлек, әр елдегі дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізу арқылы көп қызық ерекшеліктерге қанық болдық. Біреуін аты-жөнімен атау керек, ал енді бірін атымен атауға болмайды. Өте қызық. Қазақстанға оралғанда ағылшыннан аударып отыратын қана емес, шетелдік клиенттермен тиімді қарым-қатынас орната алатын, барлық процесті өз қолыма алатындай деңгейде жұмыс істегім келеді. Дегенмен елге келіссөз жүргізудің шебері ғана емес, жоғарыда айтып өткендей, үлкен ұжымды басқара алатындай қарым-қабілет жетілдіріп, келуім керек. Қазір Mitsubishi Fuso өз қызметкерлеріне керемет нәрселер үйреткен секілді, мен де елге барғанда осындай мәдениет қалыптастырғым келеді. Айналып келгенде, барлығы адам мен корпоративті мәдениетке келіп тіреледі. KPMG-де жұмыс істеген кезде байқағаным, біздегі компанияларда персоналдың жұмысын жақсартуға бағытталған бағдарламалар жоқ. Ал ондай жерде жұмыс істейтін қызметкер «Ештеңе білмеймін, өз жұмысымды істеймін де қайтамын» деп өз міндетіне немкетті қарайды. Ал ол оның атқарған шаруасы компанияның тұтастай жұмысына әсер ететінін білмейді. Алысқа бармай-ақ компания ішінде жетілуге, жұмысы көңілінен шықпаса, компания ішінде басқа қызметке ауысуға болатынынан да бейхабар. Мен оларды осының барлығына үйреткім келеді. Қайыра айтқанда, болашақта әлемдегі алпауыт компаниялардың жұмысын «алға бастырып отырған» корпоративті мәдениетті біздегі ірі компаниялардың жұмысына енгізгім келеді.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ