Жан жадыратар жазғы демалыс

Жан жадыратар жазғы демалыс

Жан жадыратар жазғы демалыс
ашық дереккөзі

Балалардың жазғы демалысының екін­ші айы басталды. Ата-ана үшін «Ба­ламның жазғы демалысын қалай мән­ді, мағыналы өткіземін?» деген мәселе әлі өзекті. Өйткені жазғы демалыс – бала­лардың есінде ерекше сақталатын, олардың бойында жаңа дағдылар қалыптастыратын кезең. Психологтердің айтуынша, дема­лысты қызықты, тиімді әрі үнемді пай­да­лану үшін оны алдын ала жоспарлаған дұрыс және жоспар жасағанда баланың ішкі қалауы мен еркіндігіне мүмкіндік беру керек. Осы орайда TÚRKİSTAN халық­аралық газеті «Жазғы демалыс қалай өту керек?» деген сұраққа жауап іздеген бо­ла­тын. Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы-этнограф, қоғам қайраткері: Баланың демалысы сапалы болуы керек

– Қазір қаланың өмірі ешкімге таңсық емес. Сондықтан балалар жазғы демалысын мүм­кін болса, ауылдағы ата-әжесінің қасын­да, туыстарының ортасында өткізгені жақсы. Ауылдың шынайы өмірі, тұмса табиғаты, адам­дардың емен-жарқын әңгімелесуі, жана­шыр қарым-қатынасы бала дүниетаны­мы­ның қалыптасуына оң әсер етеді. Ауылда де­малуға мүмкіндік болмаса, баланы ата-ана өзімен бірге этноауылдарға апарса болады. Сондай этноауылдардың бірі – Нарынқолда. Қаймағы бұзылмаған шынайы табиғат аясында орналасқан демалыс орны жанды сауық­тырып, денсаулыққа күш береді. Жаз ай­ларында 12 қанатты және 8 қанатты киіз үйлер тігіліп тұрады. Қонақүйі де бар. Мұндай демалыс орындарында таза ауамен ты­ныстап, бойды ширатып, санаңды сер­пілтіп қайтасың. Этноауылда тамақтану тәртібі де өзгеше. Де­малушылар табиғи өнімдерді тұтынып, шөппен емделіп, атқа мініп, саумал ішеді. Ұлдар табиғатты зерттеп, асыр салып ойнап, садақ тартса, қыздар нан илеп, құрт жасап, айран пісіп, қолөнермен айналыса алады. Ба­ла табиғатқа етене жақын болып, оны ая­лауды, өсімдіктер мен жануарлар дүние­сіне қамқор болуды үйренеді.
Алма НҰРҚАСЫМОВА, Нұр-Сұлтан қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Баланың демалысын ұйымдастыруға мемлекет те мүдделі
– Баланың жазғы демалысы оның тұлға ретінде қалыптасуына, дүниетанымының кеңейіп, рухани дамуына, денсаулығы мен дене бітімінің дұрыс жетілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ата-ананы баланың жазғы демалысын қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ мазалауы тиіс. Еліміздегі мектептер балаларға білім беру­мен қатар жазғы демалысты да ұйымдас­тыра­ды. Мұндай лагерьлер саяхат, танымдық ойын түріндегі әртүрлі бағдарламаны іске асырады. Баланың демалысын ұйымдастырғанда тәрбие мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Сондай-ақ еңбекке тартудың да жолдарын қарас­тырған дұрыс. Мұндай кезде баланың қызығушылығын жоғалтпайтын пайдалы еңбек түрін ұйымдастырған дұрыс. Өзім тұра­тын Сарыарқа аудандық әкімдігі бала­лар­дың бос уақытын тиімді өткізу мақсатын­да жас ерекшеліктеріне орай саябақ құры­лы­сын бастағалы отыр. Қалада тұрғын үй астындағы жертөлелер сауда орындарына жалға беріледі. Соның біреуін босатып, балаларға арналған сурет, шах­мат, домбыра үйірмелерін ашуға болады. Мен тұратын үйдің балалары күні бойы көше кезіп жүреді. Өйткені ата-аналар жұ­мыс­басты. Демалысын үйден шықпай өткізіп жатқан балалар қаншама?! Өзім соң­ғы кезде ауламызда мысық көбейіп кеткенін байқадым. Енді күндіз-түні бейсауат жүретін балалар сол мысықтарды өлтіруді әдетке айналдырып алған. Ата-ана баланың дема­лысын дұрыс ұйымдастырмағандықтан, олар осылай қатыгездікті үйреніп жүр. Ал біз керісінше балалардың жазғы демалысын пай­даланып, оларды адамгершілікке, ізгілік­ке үйретуіміз керек. Жалпы, балалардың демалысын ұйым­дас­тыруға мемлекет те мүдделі болуы керек. Оқу­шыларға арналған бағасы қолжетімді ла­герьлер ұйымдастырылса құба-құп. Бала­лар­дың бойында корпоративтік қарым-қаты­нас негізін қалыптастыру маңызды. Өйт­кені қазіргі балалардың бойында өзім­шілдік қасиет басым. Ауыл балаларына әкімдер, меценаттар қолдау білдіріп, қала­ның көрікті жерлерін көрсетіп, музейлерге апарып, таным көкжиегін кеңейтуге атса­лысса дейсің. Өзім 10 жыл үзілістен соң ұстаздық қыз­метке қайта оралдым. Сол сәттен бастап балалардың бос уақытын сапалы өткізуге мән беріп келемін. Оқудан тыс кездерде ба­лалардың туған күндерінде театрға, музейге, киноға, табиғат аясына демалысқа барамыз. Осылайша, балаларға білім берумен қатар ойын дамытып, санасын қалыптастырып, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіміз керек.
Ержан МЫРЗАБАЙ, отбасылық психолог: Ең маңыздысы – баланың қауіпсіздігі
– Ата-ана баланың жазғы демалысын ойлағанда олардың қауіпсіздігі мен біркүн­дік уақытын жоспарлауды ұмытпауы ке­рек. Өйткені бала өз уақытын дұрыс ұйым­дас­тыра алмайды. Біркүндік жоспар құрып, оны айлық, жазғы демалыс жоспарына ұластыр­ған дұрыс. Сол кезде бала 9 ай мектепте ал­ған білімі мен отбасындағы тәрбиеден ал­шақ­та­майды, жағымсыз әдеттер жасамайды. Сондық­тан оларды дамытатын арнайы үйірмелерге, секцияларға апарып, жаттығу алаңдарында бірге спортпен айналыссаңыз, на­ғыз өнеге. Оқу жылында баланың сабақ, үй жұмысы, олимпиада деп жүріп басқа үйір­мелерге баруға уақыты бола бермейді. Ал жазғы демалыс – сол олқылықтың орнын толтыруға таптырмас мүмкіндік. Үш айда мы­наны үйренуің керек деп алдына мақсат қой­саңыз, баланың зейіні соған ауады. Мы­салы, бала тіл курсына қатысып, тігін, гитара, домбыра, шахмат үйірмелеріне барса, суда жүзіп, атқа мінуді үйренсе, оның қалауы, бұрын байқамай жүрген қабілеті ашылады. Кей ата-ана баласының жазғы демалы­сын ата-әжесіне тапсырады. Ал үлкендердің бала тәрбиесіндегі рөлі ата-анаға көмекші дәре­жесінде болуы керек. Біз баланы бір жыл бойы жібермей, 3 айға бірден жібергенде ара­да алшақтық басталады. Үш айда бала бө­тен­сіп, ата-анасын тыңдамай, тәртіптің не еке­нін білмей кетуі мүмкін. Үйдің белгілі бір ережелерін ұмытып қалады. Баланың бойын­да жаңа бір әдеттер, қылықтар пайда болады, әке-шешесіз өмір сүруді үйренеді. Ата-ана­ның жайлы жағдайы бұзылады, кішігірім әрекеттері үшін балаға ашуланады, ата-әже тәрбиесінде еркіндікке үйренген балаға «ананы істе, мынаны істе» деп талап қоя бас­тайды. Бір-бірінсіз үйреніп қалған екі жақта келіспеушілік басталады. Осылайша, екі жақ­тың да мазасы қашады. Одан да бір қа­лада тұрса, баланы ай сайын ата-әжесіне жіберіп тұрған дұрыс. Ауылда болса күз, қыс, көктем кезіндегі демалыстарда апарған жөн. Бұл бір жағынан баланы ата-әжеден алыстат­пайды, екінші жағынан ата-ана мен бала арасында алшақтық болмайды. Ал ауыл балаларының демалысы қалай өту керек? Бірнеше ата-ана бірігіп, балаларды лагерьге жіберсе болады. Ал үйде мал ұстап, бақша егетіндер баласын еңбекке баулиды. Бірақ еңбек баланың бүкіл уақытын алмауы керек. Баланы шектен тыс жұмысқа салу оның балалығын жоғалтады, тез есейіп ке­теді, оқуға құлшынысы төмендейді. Баланы жұмыс күші ретінде қарастырған дұрыс емес. Оның ойнауына, демалуына, жаңа бір дағды үйренуіне көмектесу керек. Ауылда бұған жағдай жоқ деп уәж айтатындар да табылар. Бірақ қазір интернет дамыған заманда он­лайн оқу тиімді болып отыр. Мысалы, ауылда отырып-ақ онлайн түрде ағылшын тілін оқуға, ораторлық қабілетті дамытуға болады. Ата-ана өз баласына өзінен артық ешкім қарамайтынын ескеру керек. Біздің қоғамда бір қызық парадокс қалыптасқан. Баланы 1 қыр­күйектен 25 мамырға дейін мектеп тәрбиелейді, оқытады, білім береді. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталып, балаға жауапкершілік тікелей ата-анаға ауған кезде баланы ата-әжесіне жібереді. Сон­да ата-ана қашан баласымен айналысады? Қашан баланың қолынан ұстап, таңғы асты бірге ішіп, әңгімелесіп, сырласып, әр күнін жоспарлап, қалауын тыңдайды? Баланың тәрбиесін балабақша, мектеп, ата-әжеге ар­тып қояды да, кейін балам маған қарсы сөй­­­­лейді, айтқанымды тыңдамайды деп ша­­ғы­на­ды. Ата-ана өзі қалыптастырған алшақ­­тықтың құрбаны болып отырғанын білмейді. Ал баланың қауіпсіздігі қай кезде де бірін­ші орында тұруы тиіс. Бүгінгі заманда балада интернетке қосылған, камерасы бар смартфон болуы керек. Бала қауіпті жағдай туын­даса, тікелей ата-анасына хабарласа­тын­дай болсын. Ең дұрысы, жазғы демалыста ата-әженің немерелерінің қасына келуі. Бала сенімді қолда болады. Ал бала қай кезде қауіп­ке ұшырайды? Қараусыз қалған кезде. Бала жүйелі түрде қараусыз қалатын болса, оп-оңай педофильдердің құрбанына ай­налуы мүмкін. Негізі, балаға ата-анадан артық ешкім дұрыс қарай алмайды. Сондықтан олар жаз­ғы демалысын балаға қарай ыңғайлағаны жөн. Ата-ана еңбек демалысына кезектесіп шықса, баланың жазғы демалысы да сапалы болмақ.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ