«Жастар Рухы» – болашақтың айнасы

«Жастар Рухы» – болашақтың айнасы

«Жастар Рухы» – болашақтың айнасы
ашық дереккөзі

11 шілде күні партияның жастар қана­­тының кезектен тыс VI съезі басталды. Зерен­діде, табиғат аясында 350 делегаттың ба­сын қосқан жиынның форматы да, ба­ғыты да бұрынғыдан өзгеше. Съездің жаңа­лығы жастар қанатының атауы «Жастар Рухы» болып өзгергені болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отыры­сында съезд делегаттарына арнайы үндеу жолдады. Жиынның ашылу салтанатында патриотизмді, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жас қа­зақстандықтардың әлеуетін арттыру мәселелері туралы айтылды. Съездің алғашқы күні «Жаңа Қазақстан: жастар және модернизация бағыты», «Ци­фрлы трансфор­ма­ция, медиа саласын цифр­лан­дыру», «Дені сау ұлт» және «Жасыл ел» ба­ғыттары бойынша тренингтер өткізілді. Ал екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жол­дады. Дәл осы күні жастар қанатын тран­с­фор­мациялаудың жаңа бағдарламасы қа­был­данып, Орталық кеңестің құрамы мен жас­тар ұйымының атауы өзгертілді. Президент үндеуде Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбек­қор­лық және отаншылдық қасиет. Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті циф­р­­лық технология мен инновацияда. Сондық­тан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек. Президент білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алатынын айтты. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жас­тардан тың бастамалар және озық идея­лар күтеді. Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа за­манның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді. Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті. Президент сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, съезд жұмысына табыс тіледі. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын атап өтті. – Бұл реформалардың мәні неде? Сіз­дердің әрқайсыңызға – еліміздің саяси өмі­ріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңыз­ды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүм­кіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарымыз келешекте әділетті де ашық қо­ғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүру­лері керек. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституция­мыз­ға енгізілді, шегеленді, заңдастырылды. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда – алдыңғы қатарда жастар, әрине сіздердің болуларыңыз өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов. «AMANAT» партиясының Төрағасы жас­тар қанатының алдына бірқатар перс­пективалық міндет қойды. Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық кар­таларын енгізу, дарынды жастар үшін жо­балар жәрмеңкесін және басқа да іс-шара­ларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың пробле­ма­ларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойын­ша агенттік құру. Сонымен қатар дәл осы күні «Жаңа Қа­зақстан және әлемдегі заманауи геосаяси ахуал» тақырыбында Jas Talks диалог алаңы­ның алғашқы отырысы өтті. Jas Talks алаңы­ның алғашқы қонағы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева болды. Аида Балаева жастар съезі делегаттары қатысқан пікірсайыс кезінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыруға Жаңа Қазақ­станды құратын жастар қауымы елеулі үлес қосатынын атап өтті. Форумның үшінші күні Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алаң қонағы болды. Қызу пікірталас бары­сында вице-премьер қатысушылардың сұрағына жауап беріп, Үкіметтің жас буын арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Ералы Тоғжанов бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайыз, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқы­майтын жастар 7,2 пайыз екенін атап өтті. – Адам үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керектігін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таң­дау – бұл күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейтін болады. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі, – деді ол. Сонымен қатар вице-премьер «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына егжей-тегжейлі тоқталды. – Ауылдың мәселесін шешіп алмайынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе, қалада білім алған жас­тар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағ­дай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабыл­дайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүретін боламыз, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Ал жастар жасөспірімдер спортын да­мыту, ЖОО-да өндірістік тәжірибені же­тілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау және тағы да сол қатарлы мәселелер жөнінде сұрақ қойып, ұсыныс білдірді. Одан бөлек, партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, республикалық «Egemen Qazaqstan республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де жастармен жүздесті. Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі қатысушылардың сұрағына жауап беріп, форум жұмысы жастарға асқақ рух, жаңа жігер сыйлайтынына сенім білдірді. Ол Жаңа Қа­зақстанды құру ісі осындай жаңа формат­тағы жүздесулерден, жаңаша ойлайтын жастардан, орамды ойталқыдан басталаты­нын жеткізді. – Қазақстанның әр тарапынан келген жастар – еліміздің бүгінгі көңіл күйінің айнасы. Қаңтарда «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазып едім. Сіздер сол буыр­қанған буынсыздар. Кезінде Мағжан Жұма­баев «Мен жастарға сенемін» деді. Кейін Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Сіздерді Мағ­жан айтқан, Қасым айтқан рухты жастар деп білемін, – деді ол. Сонымен қатар форум қонағы бүгінгі ұрпақтың жетістіктеріне тоқталып, жас­тарды жасампаз болуға шақырды. Ұлттық код, бірлік, ынтымақ, ұйысу, ұғымдары тура­лы ой бөлісті. – Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында келеді. Дода­ға түссе дес бермейді. Бауыр-қарындас­тарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуі үшін нақты іске, идеяға табан тіреуі тиіс. Мұн­дай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қа­жет. «Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді деп сенемін, – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі. Съезге қатысушылар өздерін тол­ғандырған сұрақтарды қойып, ұсынысын да жеткізді. Ел тарихына, тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолына, тағдырына қатысты сауалдарын жолдады. Жиында пікірлері мен ұсыныстарын айтқан жалынды жастардың сөздеріне шолу жасап өтсек. Пленарлық отырыс барысында сөз сөй­леген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі фильмдер қазақ және ағылшын тіл­дерінде цифрландырылатын Tarih бірыңғай платформасын әзірлеуді ұсынды. Партия жастар қанатының Алматы қала­лық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қам­титын Волонтерлер академиясын құру­ды ұсынды. Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мыр­забайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Жылқышы, информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ қоғам қайраткері Дәулет Мұқаев съезд делегаттары мен қонақтарын «Ақыл­ды жас Азамат» және AQYL BATTLE жо­балары туралы хабардар етті. ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атан­ған «Қайрат» футзал клубының шабуыл­шысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ұсынды. – Рух – халқымыз үшін киелі құнды­лықтарды білдіретін ұғым. Жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев. Соңғы болып «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мақсат Толықбай партия атауын өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Съездің жұмысы бүгін, 14 шілде күні қорытындыланбақ. Жастар – қай уақытта болмасын қоғамның қозғаушы күші. Олардың хал-ахуалы арқылы елдің ертеңі қандай болатынын бағамдап, болашағы туралы байлам айтуға болады. Сол себепті де олардың білімді, жалынды, бәсекеге қабілетті болуы толғандыруға тиіс. Съезд жұмысы алашапқын ұрансыз, даңғаза дүрмексіз өтіп, жастардың мәселелерін шешуге сеп болса, негізгі ниеттің, маңызды мақсаттың орындалғаны болар еді.