Қазақстандық бір азамат зейнетақы қорындағы 5 теңгесін шешіп алмақ болған

1-30 наурыз аралығында enpf-otbasy.kz платформасына түскен өтінімдердің саны 870 мыңға жетті. Бұл – өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 9 есе жоғары. Алайда кейбір өтініште ақылға қонымсыз сомалар болды деп хабарлады turkystan.kz Отбасы банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Банк басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, өтінімдердің басым бөлігі қайталанады. Бірнеше рет өтініш жіберген адамдар да бар.

«Бірақ дәл осы наурыз айында біз қалыпты жағдайға жатпайтын процестерді байқадық. Мысалы, 5 теңге алуға өтінім болды, 40 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі сомаға 161 өтінім жолданды», – дейді Ибрагимова.

Оның айтуынша, адамның компьютерлік сауаттылығы орташа болса, бір өтінімді жіберуге шамамен 15-20 минут кетеді. Сонда кейбір адамдар ақылға қонымсыз өтінімдерді жіберуге де уақыт жұмсайды.

«Мысалы, 200 млн теңгеден 6 млрд теңгеге дейінгі сома көрсетілген 627 өтінім келіп түсті. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің мұндай сомасы ешқашан болмайтыны түсінікті. Мамыр айының басында зейнетақы жинақтарын пайдалану және осы бірегей жобаның ерекшеліктері туралы халыққа толық есеп жариялауды жоспарлап отырмыз», – деп атап көрсетті банк басшысы.

Айта кетерлігі, 1 сәуірден бастап біржолғы зейнетақы жинақтарын пайдалану шегі көтеріледі. Осыған байланысты наурыз айында порталға жіберілген өтінімдердің саны күрт өсті.

Жалпы, Еnpf-otbasy.kz платформасы 732 мыңнан астам қазақстандыққа тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге қажет ресурстарды алуға көмектесті.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button