Флешкасын жоғалтып алған азамат банкке 47 млн теңге қарыз

Флешкасын жоғалтып алған азамат банкке 47 млн теңге қарыз

Флешкасын жоғалтып алған азамат банкке 47 млн теңге қарыз
ашық дереккөзі

Кредиттік ұйымдарға барып, өзіне несие рәсімдемегеніне қарамастан, Қызылорданың 50 жастағы тұрғыны Жанабай Махамбетов банктерге 47 миллион теңге қарыз болып қалған деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 2021 жылдың күзінде Жанабай Махамбетов флешкасын жоғалтып алған. Оның ішінде бүкіл жеке құжаты сақталыпты. Атап айтқанда, құрылғыда электронды цифрлық қолтаңба, шот реквизиттері мен жеке куәлігінің көшірмесі болған.

«Флешканың жоғалғанын бірден байқаған жоқпын. Өйткені ол кезде сырқаттанып, әйеліммен ажырасқаннан кейін көңілім құлазып жүрген. Бір күні телефоныма әртүрлі банктен кредитке өтінім бердіңіз деген ондаған хабарлама түсті. Сол кезде «жеке мәліметтер қоймасы» жоғалғанын түсіндім», - дейді Жанабай Қамбарұлы.
Оның алаңсыздығы соншалық, бұл хабарламаларға мән бермеген. Банкке өзі барып, несиеге өтінім бермегендіктен, қателік деп ойлаған.
«Бірақ сол кезде маған біреулер хабарласты. Олар өздерін Қазақстан банктері қауымдастығы киберқауіпсіздік бойынша техникалық бөлім қызметкерлеріміз деп таныстырды. Өтінімді растауға көндіре бастады. Бұл бөтен адамның атынан банктерден кредит алатын алаяқтарды ұстау үшін қажет деп мәлімдеді», - деді ол.
Күтпеген қоңырауға таңырқап қалған Ж. Махамбетов ой үстінде тұрғанда тұтқаның арғы жағынан оны қорқыта бастаған.
«Сен құқық қорғау органдарына көмектесуден бас тартып жатырсың. Өтінімді растаған соң, банктер кредит береді, ал алаяқтар табылғаннан кейін несиенің бәрі жойылады деп уәде берді», - дейді Махамбетов.
Осылайша, «Қылмыскерлермен күресуге» көмектескен қызылордалық алаяқтардың құрбанына айналған.
«Кейін кредиттер менің мойнымда қалғанын түсіндім. Өтінімді растағаннан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан шотыма ақша түсті. Ал содан кейін ақша үшінші тұлғаларға, тіпті шет елге аударылған. Мен мүлде тиіскен жоқпын. Банктер қауымдастығына телефон шалып едім, олар мен жайлы да, арнайы операция туралы да естімеген», - деді алаяққа арбалған азамат.
Қазір Жанабай Махамбетов банктерге 47 миллион теңге қарыз.
«Мен полицияға арыздандым. Кредит төлеуді талап етіп отырған банктерге де мән-жайды түсіндіріп жаздым. Полиция аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша іс қозғады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал банктер үнемі хабарласады. Жалақы картамды бұғаттап тастады, қолымда мүлде ақша жоқ», - деп мұңын шақты амалы таусылған ол.
Қызылорда тұрғыны ірі кәсіпорында қатардағы инженер болып еңбек етеді. Ай сайын алатын жалақысы 200 мың теңге ғана. Ал оның бұл мәселесі қалай шешілетіні әзірге беймәлім. Тағы оқи отырыңыз: Түркістан облысында жоғалған жігіттің 75 миллион теңге қарызы болған