Иран қазақтары

Иран қазақтары

Иран қазақтары
ашық дереккөзі

Иран қазақтарының көбі 1995 жылы мемлекеттің атамекеніне оралды. Олардың елге оралған тобы түгелдей Маңғыстау облысының орталық қаласы Ақтауға орналасты. Сол жылғы көште иран қазақтарының жартысына жуығы елге оралған болатын. Себебі олар Иранның солтүстігіндегі бұрынғы Мазадыран правинциясы кейінгі бөлініп жаңадан құрылған Гүлістан правинциясының Горган, Бәндәр-түркімен, Гүмбәз-кавуыс қалаларының әрқайсысында екі қазақ ауыл болып тұрған. Иранда қалған қазақтар үшін үш жылдық тегін виза беруге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағынан Горган қаласында бас консулдық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қазақ тілі мен мәдениетін үйренуге жаңадан ашылған әл-Фараби – Абай орталығының қызметін пайдалануға мол мүмкіндігі бар. Иран қазақтарының бір артық­шы­лығы – ағайындарының бір бөлігі Ақтау мен Жаңаөзен қаласына орналасқан. Сондықтан олармен той және садақа сынды шараларға қатысуына байланысты жиі қарым-қатынас жасап келеді. Сондай-ақ иран қазақтары елге оралған соң өздерінің ата қонысы Маңғыстау облысында тұратын ағайын, жекжаттарын тауып, олармен туыс­тық қарым-қатынас жасай бастады. Енді бір артықшылығы олар жергілікті қазақтарды жатсынбай құда-құдандалы жақын болып жатыр. Ал иран қазақтарының басты артықшылығы – қазақы салт-дәстүрлерін берік ұстап келе жатқандығы. Мысалға ай­тар болсақ, олар Иран еліне көшкен жы­лы­нан бастап бүгінге дейін ешқашан қолынан дом­быраны тастамаған, ешқашан ұлттық киі­мінен де ажыраған емес. Сонымен бірге иран қазақтары білім мен ғылым, өнер және техника мамандығына аса мән беріп келеді. Бұл жайын кейін кеңірек әңгімеге өзек ете­мін. Сондықтан Иранда қалғандары да Қа­зақ­станға оралғандары да жоғарыдағы ай­тыл­ған салаларда айтарлық жетістіктері бар. Бірақ аталған барлық мүмкіндіктерге қара­ғанда қазақтың әдеби тілін үйренуге, бойы­на сіңіруге құштарлық байқалмайды. Қа­зақ әдебиеті мен тарихына терең үңілу үр­дісі қалыптаспағаны шындық. Мен өз тә­жірибеме сүйенер болсам. Иран елін пана­лаған қазақтардың алғашқы буыны туған еліне деген өздерінің бойындағы са­ғы­­нышты келесі ұрпаққа яғни біздерге сіңі­ріп, аманаттай білді. Өйткені олардың бойын­дағы еліне деген ыстық ықыластың оты үздіксіз күн сайын жанданып тұрғаны үшін келесі ұрпағына дарыды. Сондықтан біз­дің буын көрмеген атамекенге ынтық бо­лып, өз бақытын, келешегін сонымен бай­ланыстырды. Біз сол қиялдағы еліміздің еле­сімен өмір кешіп жүрдік. Сондықтан әдет-ғұрпымызға және тілімізге айрықша ықыласпен көңіл бөлдік. Біздің елге деген іңкәрлік сезіміміз ұдайы күнделікті іс-әрекеттерімізден көрініс тауып тұрды. Мә­се­лен, шағын қазақ ауылымыздан қаланың ор­талық базарына шыққан әрбір қазақ келін­шегі немесе мектепке баратын қазақ қыз­дарымызды екі көзін төрт етіп, жігіттер олар­ға жол бойы көз қырын салып, қамқор­лық танытып жүретін еді. Олар тек қана бұл жайтқа емес, кез келген қазаққа қатысты оқи­ғаларға байланысты істе өз қазағын қо­рғаушы еді. Қазақ көші Иран жеріне қа­дам басқан жылдан бастап, елдің заңна­ма­лық жүйесі орныққанша 1970-1980 жы­л­дарға дейін өзгелердің күнделікті бұзақы, бейбастық әрекетінен аз ғана қазағын қор­ғауға ержүрек, намысшыл топтар болды. Со­ның соңғы тұяқтарын біздің заманда біз­ден екі-үш жас үлкен Сұлтанбек Бәйбіше бас­қарған намысқой ерлер бар тұғын. Олар: Әбдіраһим Жары, Семсер (Шәмшир) Қазақ, Әшім Жеменей, Қадір Жеменей, Әлі Бегей, Тойжан Ескелді, Мәдірей Сәдуұлы, Мергенше Тіней, Дүрді сынды азаматтар күнделікті қа­зақ тіршілігінің алынбас қамалы болды. Ол жылдары дүние бүгінгі көріп жүргендей тек қана мәдениеттілік емес. Бәлки, онымен бір­ге айбарлы болуды қажет ететін қоғам­ның болмысын айқындап тұрған заман болды. Онда сенің айбарлы мінезің болмаса, кез келген жерде біреудің тентегі сені езіп ке­те береді. Өйткені заң мен заң орындары нық аяққа тұрып жұмыс істей қоймаған жыл­дар болды. Жоғарыда аты аталған жан­дар қазақты әртүрлі зорлыққа қарсы қор­ғаушы міндетін атқарып жүріп, өздерінен кейінгі буын мектепте оқып жүрген, оқуға ынталы замандастарына бар ынта-ықыластарымен оқуларын орта жолда тас­тамай жалғастыру керегін айтып жүре­тін. Олар оқып жүрген жастарды топ­тасқан әлгіндей төбелестерге араластырмайтын. Олардың бәрі қарапайым жұмысшы, жүр­гізуші, техник. Бірақ елдік рухы, елдік та­нымы біздің жанымыздың тұңғиық қа­баттарына сіңіп кеткен еді. Содан менің біле­тінім: мен, мен емес, мен бізден тұрады. Ол «біз»-дің ішінде қоғамның барлық мү­шелері бар. Ол жылдары оқымысты, ауқат­ты, кедей, қара жұмысшы, жұмыс беруші болсын, бәрін біріктіретін, достастыратын бір арман болды. Ол қазақ туының желбіреп, тәуелсіз елдің белгісіндей бәрімізді сол тудың астына жинаса деген арман болды. Бізде ақсақалдық институт та бар болды. Соңғы жылдарда ақсақалдар алқасының төрағасы қажы Ақмұрат Рақбайұлы беделі, өткір тілі, парасат-пайымы әлгі жастардың азын-аулақ тентектік жасағандарына қор­ған бола алды. Өйткені қалалық басқару меке­мелерінің басшылары ақсақалымызды сый­лайтын. Оның бір ауыз жылы лебізі мен сөй­леген сөзі тентектеріміздің түрмеге қа­малмауына кепіл бола алатын еді. Біздің оқымысты буында қазақтың қазақы болмысын тілі мен салтын сақ­тап қалуға кіріскен 1980 жылдары да қа­зақ үшін жемісті жылдар болды. Ондаған жас­тар менің ұсынысым бойынша біздің шаңырақ­та қазақ тілінің тазалығын сақтап қалуға, мәдениетін Қазақстандағы жаңа өрі­сімен өркендетуге «Қазақ мәдени қоға­мын» құруға бас қостық. Мұхаммед Ескелді, Қажы-мұхаммед Батырұлы, Қамид Ұзақ­бай­ұлы, Ізжан Көрпе, Сүлеймен Бәйбіше, Нияз Тобыш, Ғапур Бәли, Ғаппар Бәли, Мәнсұр Уәли, Ғаппар Қазақ, Абдолла Қаржу, Құшбек Қазақ, Оразбай Бегей, Әбдіраһим Павиз, Әбубәкір Павиз, Қылыш-мұхаммед Ескелді, Әбдісары Қазақ, Ағали Нұрқожаұлы, Илияс Же­меней, Тойжан Бабық, Әбжан Бабық және мен. Аталған қоғамды мәдени іс-шараларды іске асыру мақсатында құрдық. Содан қо­ғам­ның төрағасын сайлауға жасырын дауыс берілді. Мен 99,99 пайыз дауыспен төрт жылға қоғамның төрағасы болып сайлан­дым. Осы тұста айтарым, әлгі қоғам төрт жыл қазақ тілі мен мәдениеті қызмет атқар­ған соң қалалық әкімшілік тарапынан діни шаруаларға басымдық беріп, жаңаша атпен «Ауылдың исламдық кеңесі» есімімен жұмы­сын жаңа бағытта жалғастырды. Біздің құрған қоғам кейінгі ислами кеңес ретінде де тәуелсіз Қазақстанға қызмет етті. Ол қазақ азаматтарына қазақ екенін куәлан­дыра­тын анықтама беруші қоғамға айнал­ды. Содан жұмыс қарқынымен басталып кетті. Біріншіден Қазақстанның өнер және мәдениетін тану үшін деректі фильмдер, күйтабақтар, түрлі түсті альбомдар тағы бас­қа құралдар қажет болды. Мен мұның бәрін Теһранда оқып жүрген кезде сол кездегі Кеңес Одағының Теһран қаласын­дағы мәдени орталығында бар екенін анық­тап, тауып қойғанмын. Ол кезде әлгі мәдени орталықты Кушев мырза басқаратын. Ол қателеспесем Санкт-Петербург қаласының тұр­ғыны болатын. Оның орынбасары Әзер­байжаннан Әли Иманов (немесе Иман Әлиев) деген кісі болған. Мен сол кісімен жа­қын танысып, достасып жүрдім. 1977-1980 жылдар аралығында, олардан барып қа­зақ жайлы кітап, күйтабақ сұрап, алып тұра­тынмын. Ол үшін Нияз Тобыш, Сүлей­мен Бәйбіше және жастардан Шапур Зайыр­ұлы, Ағали Нұрқожаұлы, Аяз Қараұлы, Жа­мал Нәсенұлы және Ақберді Шәудір­бай­ұлы сынды белсенділер қоғамның көздеген мақсатын жүзеге асыруда ең белсенді аза­мат­тар болатын. Жұмыс бағытында қазақ күй­табақтары сол кездегі ең қолайлы ән тың­дау құралы болған күйтаспаға көшіру жұмыстарын Сүлеймен қарқынды түрде жүр­гізді. Содан көптеген әннің таспалары көп­шіліктің қолына тиді. Ал қазақтың өнері мен Бибігүл, Қапаш, Құрманғазы ор­кестрі тағы басқа деректі фильмдерін Аға­ли басқарған топ тек қана қазақтар үшін емес, тіпті иран жұртшылығына Горган, Гүмбәз-Кавуыс, Бәндәр-Түркімен, Теһран, Рәшт тағы басқа қалаларда көпшілікке ұсынды. Ол фильмдерді көрген жұрт қазақ халқының өне­ріне тәнті болды. Нияз екуіміз қазақ жас­тары үшін қазақша-парсыша 32 беттік оқу құралын дәріс кітапшасы етіп дайын­дадық. Ақберді Шәудірбайұлын мұғалім етіп дайындадық. Содан Ақберді көп жылдар бойы жастарға мешіт жанында ашқан сыныпта қазақ тілін үйретті. Оқу құралы қазақша-парсыша және парсы, крилл, төте жазумен дайындалған еді. Оны дайындау үшін Қазақстандағы «Отан» қағамынан пош­та арқылы келіп тұратын көптеген сөз­діктер, оқу құралдарын пайдаландық. Ең бас­ты құралымыз Сапарғали Мұқаш жазған «қа­зақ тілі» кітабы болды. Сондай-ақ жас­тар­дың денсаулығын қалыпты түрде жақ­сар­тып отыру үшін екі бағдарлама енгіз­дік. Біріншісі – қазақ футбол командасын құру болды. Осылай алғашқы қазақ командасы өз арамызда іс жүзінде пайда болды. Ондағы бастапқы ойын мүшелері: Мұқыш Жеменей, Рақат Бегей, Ағали Нұрқожаұлы, Әуезберді Сәдуұлы, Шалтай Қазақ, Шаһмұрат Қазақ, Ра­мазан Пилтән, Аббас Тобыш, Яһия Қо­сайұлы, Иса Қосайұлы, Шапур Зайырұлы, Уаһаб Түгелбайұлы, Аманбай Ескелді. Кәрім Ақмұратұлы, Әкім Жеменей, Жаппар Бәли, Ғаппар Бәли, Фарһад Ізжанұлы, Қыдыр Қара­балаұлы, Жақып Жари, Бұқай Ескелді, Раһим Ескелді сынды жігіттер футбол алаңы­ның шаңын көтере бастады. Бұл өзара ұйымдастырған алғашқы командамыз болды. Сосын команданы Ресми тіркеуге кіріс­тік. Команданың атын «қазақ» қойдық. Бірақ қаланың қауіпсіздік комитетінің бас­шысы полковник Фәрташ менімен Қажы-Мұхаммед екеуімізді кеңсесіне шақырды. Сосын: «Бір ақылдасатын шаруа бар. Біз қазақтарды жақсы көреміз. Қазақтар – өте еңбекқор, адал жандар. Мен өте қуанышты­мын сонша қиындықтан кейін бүгін жоғары оқу орнында оқып, өз қауымыңыздың қамын жеп жүргендеріңізге. Ендігі мәселе біз сіздерді әртүрлі мәдени іс-шараларда қол­даймыз. Бірақ біздің үкіметтің комму­нис­тік кеңес одағына көзқарасын білесіз. Сон­дықтан солардың нышаны болатын бірде-бір атау болмағаны жөн. Оны сіздер дұрыс қабылдаңыздар. Сондықтан қазақ атауымен ойын алаңына шыға беріңіз. Тіпті, ойынға киетін көйлектеріңізде қазақ жазуы бола берсін. Бірақ тіркеу құжатында қазақ емес, қазақтардың ең сүйікті есімін қой­саңыз­дар», – деп пікір білдірді. Полков­ник өте сыпайы, әдепті, өрісті, жүзі жарқын, кел­беті келісті тамаша кісі еді. Әрі әңгіме бары­сында шай мен тәттілер қойып біздерге ілтипат көрсетіп отырды. Біраз әңгімеден кейін екі жақ болып, пікірлесіп қазақтың кең байтақ жерінде жұлдыздарға қарап жол табатын еді. Сол үшін жұлдыз деп команда­ның есімін тіркейік деп келістік. Содан қазақтың тұңғыш тіркелген аты «Сетаре», яғни «жұлдыз» болып бекітуге тура келді. Қа­зақ футбол командасы ресми тіркелген соң оны ұйымдастырып басқаруды ең бел­сенді азаматымыз Рақат Бегейге тапсырдық. Ол басында команда капитаны да болды. Сосын Әуез Сәдуұлына капитандық міндетін жүктедік. Қазақ командасы ұзаққа бармай-ақ қала мен аймақта даңқы аспан­дап кетті. Сол жылы Горган қаласының ко­ман­далар бәсекесінде іріктеліп шыққан сегіз команданың ішінде біздің команда бірінші орын алды. Ол қазақ үшін тарихи күн болды. Егер қателеспесем, сол жеңіс жылы 1980 жылы еді. Сол жылы жарыстарға қатысуға командамыздың бар-жоғы он үш ойын­шысы бар-тұғын. Біздің саны екі мыңнан аспайтын қазақ ауылымыз­дан­шыққан ойыншыларымыздың екеуі қазақ болып жүрген жергілікті Саид сынды аза­мат­тар болды. Олар қазаққа қосылып, қазақ­ша үйреніп, мен қазақпын деп қазақ ко­мандасында ойнап жүрді. Оның біреуі қа­зақ болып, тәуелсіз Қазақстанның аза­маты атанып, осында балалы-шағалы бо­лып, Алматыда дүниеден өтті. Марқұм Саид қазақ руымен үндесіп, ұрпағына қазаққа деген махаббатын аманаттап кетті. Иранның патшалық жүйесі 1979 жылы желтоқсанда жойылып, 1980 жыл­ғы ақпан айынан соң Иран Ислам Республикасы құрылды. 1980-1988 жылдар Иран-Ирак арасындағы соғыс жалпы елдің шырқын бұзды. Қазақ та сол арада эко­номи­калық-әлеуметтік күйзеліске ұшырады. Жастар оқудан мақұрым қала бастады. Елдің жүнжіп кеткені соншалық, қазақтар әйелімен бірге қалта көтеріп, Иран-Түркия арасында ұсақ саудамен күн көруге кірісіп кетті. Содан 1980 жылы Ауғанстаннан бо­сып кетіп Түркияны паналаған қандастар арасындағы байланыс тіршілік жасаудың ортақ одағына айналып, оларды бір-біріне ажыра­мас бауыр етті. Түркия Ауғанстан мен Иран қазақтарының табысқан елі болды. Мен 1986 жылдан бастап Түркияға тұрақ­ты оқуға кеттім. Әрі жолым атаме­кенім­нің тағдырымен ұштасып, 1990 жылы Алма­тыдан бір-ақ шықтым.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы