Жаңалықтар

Жаңа штамм – кезекті қарбалас

ашық дереккөзі

Жаңа штамм – кезекті қарбалас

Өткен айдың аяғында коронавирустың тағы бір жаңа штамы тарап жатыр деп дүние дүрлікті. Әзірге «омикрон» штамы туралы дерек аз, дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл нұсқа басқа штамдарға қарағанда тез таралатынын алға тартып, «алаңдатарлық» деген баға берді. Қарқыны қатты әрі қауіпті Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары 9 қарашада алынған сынамадан вирустың жаңа штамын анықтады. 24 қарашада ел үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлады. Жаңа штамның әу бастағы техникалық атауы – B.1.1.529. Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас изолят Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Қарашаның аяғында көптеген шетел басылымы коронавирустың жаңа штамы анықталғанын жарыса жазды. Daily Mail басылымы 24 қарашада алғашқылардың бірі болып ақпарат беріп, оның Ботсвана, ОАР мен Гонконгте табылғанын және «де­ль­­­­тадан» да қауіпті екенін хабарлады. 26 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл жиын өткізіп, жаңа штамды «омикрон» (о) әрпімен белгіледі. Оңтүстік Африкада «дельта» шта­мы­на қара­ғанда «омикронды» жұқ­тыру жиі тір­келіп жатыр. Ұлыбританияның вирусолог ма­ман­дары штамның қаупін мутацияға көп ұшырауы­мен байланыстырды. Вирус 60-тан астам му­­тацияға ұшыраған, оның 32-сі – S ақуыз­да. ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкховенің сө­зін­ше, «омикрон» штамы аурудан толық жа­зыл­маған адамнан таралуы мүмкін. Сарап­шылар вирус ұзақ уақыт бойы им­мунитеті әлсіз науқастың ағзасында кө­бейіп, мутацияға ұшыраған деген тоқтамға келіп отыр. 5 желтоқсандағы дерек бойынша, «омик­рон» штамы әлемнің 40-тан ас­там елінен анықталды. Қазақстанда «омикрон» штамын жұқтырғандар жоқ 29 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «омикрон» штамын жаңа жаһандық қауіп деп атады. – ДДСҰ мен денсаулық сақтау жүйесіне мүше барлық мемлекет күрделі дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бүкіл әлемде тез тара­ла бастаған «омикрон» штамы – жаңа жаһан­­­дық қауіп, – деді Президент Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының «омик­рон» штамының таралуы жағдайында пандемияға дайындық мәселелері жөніндегі сессиясында сөйлеген сөзінде. Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «омикрон» қаупі туралы қандай да бір мә­­­лімдеме жасауға әлі ерте екенін айтты. – «Омикрон» басқа штамдарға қара­ған­да қалай таралатыны әлі белгісіз. Иә, Оң­түс­тік Африкада қазір бұл штамды жұқтыру дере­гі көбейген, бірақ эпидемиологиялық зерт­теулер аяқталғанға дейін бұл нұсқаның та­ралу әлеуеті артқаны туралы нақты қоры­тын­ды жасауға болмайды, – деп жазды Цой Facebook парақшасында. Денсаулық сақтау бірінші вице-ми­нистрі Марат Шорановтың айтуынша, COVID-19 таралуын тежеуге қатысты ве­домствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеу шараларын енгізу тура­лы шешім шығарды. – Коронавирус инфекциясының «омик­рон» штамы жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оның республика ау­­­­ма­ғына таралуына жол бермеу мақс­а­тын­да ведомствоаралық комиссия биыл 3 жел­тоқ­саннан бастап мынадай шектеу шара­ларын енгізу туралы шешім қабылдады. Бірінші – Ботсвана, Лесото, Намибия, Зим­бабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Ма­лави, Онтүстік Африка, Танзания және Гон­конгтен шетел азаматтарының Қазақ­станға келуін шектеу, – деді бірінші вице-министр. Одан кейін Израиль, Чехия, Нидер­ланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Египеттен келген адамдардан вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-тест қорытындысы талап етіледі. – Үшіншіден, «омикрон» анықталған ел­­­дерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қара­мастан 7 күн үй карантиніне оқшау­лануы тиіс, – деді Марат Шоранов. Сонымен қатар ол елімізде коро­на­вирус­тың «омикрон» штамын жұқ­тыр­ған­дар жоқ екенін айтты. – Қазақстанда «омикрон» штамы анық­талған жоқ, вирустың секвенциясы бойын­ша жұмыс жалғасып жатыр, біз бұл жұмыс­ты ай сайын тұрақты түрде жүргіземіз. Бүгін Үкі­мет отырысында да жұмысты жалғас­тыру және күшейту туралы қосымша шешім қа­былданды. Нәтижесі желтоқсанның үшін­ші 10 күндігінде белгілі болады, – деді вице-министр Үкімет отырысында. Симптомдары қандай? Жаңа штамм 20-30 жас аралы­ғын­дағы жастарға жұққыш келеді де­ген ақпарат бар. Оңтүстік Африка респуб­ли­касындағы ауруханаларға 20-30 жас ара­лығындағы жастар орташа ауыр жағ­дайда түсіп жатыр, алайда олардың кей­бірі­не қарқынды терапия қажет екен. ДДСҰ өкілдері «омикрон» штамын жұқ­тырғандарда вирус сипмтомдары қан­ша­лықты байқалатыны да белгісіз екенін атап өтті. Коронавирустың ерекше белгілері бар науқастар саны артқан кезде оңтүс­тікаф­рикалық дәрігерлер коронавирустың жаңа мутациясы пайда болды деп күдік­тен­ген. Науқастардың көбі шаршаңқылыққа ша­ғымданған. Оған қоса, тамыр соғысының ша­мадан тыс жиілеуі, дене қызуының кө­терілуі байқалған. Бірақ ешқайсысында иіс немесе дәм сезу қабілеті жоғалмаған. Вакцина қорғай ала ма? Әзірге бұл штамға вакцинаның қауқары же­тетіні, жетпейтінін анықтап көрсеткен зерттеу жоқ. Еурокомиссия мәліметінше, коро­навирустың жаңа нұсқасын зерттеу үшін ғалымдарға шамамен 3 апта уақыт қажет. Алайда Moderna компаниясы жаңа штамға қарсы тұра алатын вакцина әзір­леуді бастап кетті. Pfizer және BioNTech ко­ронавирусқа қарсы Comirnaty вакцинасын 100 күн ішінде «омикронға» бейімдейтінін мәлімдеді. Ал SinoVac компаниясы болса өз ма­мандарының жаңа штамм үлгілерін зерт­теп жатқанын, вакцина әзірлеуге дайын еке­нін хабарлады. Гамалеи атындағы орта­лық та «Спутник V» және «Спутник Лайт» вак­циналарын «омикронға» бейімдеп жа­тыр екен. Ал Оңтүстік Африкадағы науқас­тар­дың көбі толықтай вакцина алмаған немесе мүлдем вакциналанбағандықтан, әзір­ге тұшымды дерек жоқ. Әкім ТҰРСЫН, медицина сарапшысы, QMed ұлттық инновация­лық медицина палатасының директоры: Вакциналар бұл штамға төтеп бере алады – «Омикрон» штамының дәл қазір нақты мынадай клиникалық ерекшелігі бар деп айта алмаймыз. Сол баяғы клиникалық симптомдар: қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесін зақымдайды. Бірақ басқа штамнан ерекшелігі – жұғу коэффициенті жоғары екені айтылып жатыр. Бұл жерде күмән­данатын жағдай – 20 мен 30 жас аралығын­дағы­лар көп ауырады деген мәселе. Нағыз жұмысқа қабілетті, нағыз вакцина салы­натын аудитория болғаннан кейін, еріксіз «неге?» деген сұрақ тудырады. Ал вакцина өндірушілердің біразы бірден жаңа штамға қарсы қауқар таныта алатындай вакцина ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Ал қауіп деңгейіне келер болсақ, жалпы коронавирус бар кезде бүкіл әлемде ортақ иммунитет қалыптаспайынша, вакцина салынып бітпейінше қауіп сақталады. Біздің елдегі вакциналардың бұл штамға қауқары болады деп ойлаймын. Қазір еліміздегі вакцинаның барлығы «дельта» шта­мына негізделіп жасалып жатыр. Ден­саулық сақтау министрлігі «омикрон» шта­мына негіздеп шығаруға тапсырма берсе, онда солай өзгертуге болады. Төрткүл дүние әлі де беймәлімдеу бо­лып тұрған жаңа штамнан қауіптеніп, түрлі шектеу ережесін жариялап жатыр. Ұлыбритания мен Израиль халық­ара­лық рейстерге шектеу қойды. Жапония да шекарасын жауып жатыр. Нью-Йорк губер­наторы Кэти Хочул «омикронға» бай­ланыс­ты өңірде төтенше жағдай жариялады. АҚШ президенті Джо Байден Африканың 8 елі­мен әуе қатынасын шектейтінін мәлімдеді. Оған қоса, «омикрон» АҚШ экономикасына өз әсерін тигізіп үлгеріпті. Вирустың тез таралуынан қауіптенген мамандар бүкіл дүниежүзінде локдаун жариялануы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Ал кей сарапшылар «омикронмен» пандемия аяқталады деп болжап отыр.