__Маңызды__Редакция таңдауыЖаңалықтарСұхбат

Ла-Манш бұғазын 17 сағатта жүзіп өткен қазақ қызы

Ашық суда жүзумен айналысатын әуесқойлар үшін Ұлыбритания мен Фран­цияның арасын бөліп тұрған Ла-Манш бұғазын бағындыру Олимпиадада атой сал­ғанмен тең. Сонау 1875 жылы Ла-Маншты тұңғыш рет жүзіп өткен ағыл­шын азаматы Мэттью Уэбб салған сара жолды жалғастыру, рекордтан рекорд жаңарту үшін суда жүзумен әуестене­тіндер Англияға қарай жыл сайын ағыла­ды. Олардың арасында жасы да, жасамы­сы да бар. 2011 жылы 70 жастағы ұлыбри­та­ниялық Роджер Оллсоп әйгілі бұғазды 17 сағат 51 минутта жүзіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал қазақстан­дықтардың арасынан топ бастаған Әнел Сытдықова бұл межені үшінші мүмкін­дігінде ғана бағындырған. Әнелден кейін өткен қыркүйек айында екінші болып Мадина Құрманбаева Ла-Маншты гидро­костюмсіз жүзіп өтті. Оған қоса, ол Ыс­тық­көлді жүзіп өткен тұңғыш қазақстан­дық ретінде танымал. Франциядан елге оралғанына аз ғана уақыт болған Мади­наға хабарласып, сұхбат құрған едік.

– Ең алдымен білгіміз келетіні – қар­жы саласында табысты еңбек етіп жүр­ген сізді суға жүзумен кәсіби түрде шұ­ғыл­дануға не итермеледі?
– Осыдан он жыл бұрын қызымды Ал­ма­тыда спорт секциясына апарып, оның қа­лай жүзетінін сыртынан бақылап тұрғанымда нұс­қаушы келіп «Бәлкім, сіз де байқап көрер­сіз?» деп қолқа салды. Сол кезде «О не деге­ніңіз, мен – жасым ұлғайған адаммын. Суда мүлде жүзе алмаймын әрі бұл спортты ба­сынан бастай алмаймын» деп сенбеген едім. Алайда уақыт өте келе бұл сенімсіздік пен үрей сейіліп, суда жүзудің көп әдісін үйрене бас­тадым. Ақырында бұл спортқа қызық­қа­ным соншалық, тіпті ішкен асымды жерге қоя­тын болдым. Негізі, жаттықтырушылар әрі бірге жаттыққан топтағы әуесқойларға жо­лығып, жолым болды деп ойлаймын, өйт­кені біз жүзіп қана қоймай, үнемі бірге жү­гіретінбіз. Сөйтіп жүргенде суда жүзу, веложарыс және жеңіл атлетиканы бірік­тірген спорт түрі – триатлонға қызығушылық пайда болды. Уақыт өте келе суда жүзуден түрлі жарысқа қатыса бастадым, әдепкіде қысқа қашықтыққа жүзіп үйрендім, сөйте-сөйте үлкен қашықтыққа жүзіп көргім келді.
– 2019 жылы Ыстықкөлді жүзіп өт­кен тұңғыш қазақстандық атандыңыз. Одан бөлек, Қырғыз Республикасы, Ре­сей және Қазақстаннан келген 22 қа­ты­сушының арасында гидрокостюмсіз жүз­­ген жалғыз спортшы ретінде есте қал­дыңыз. Бұл сіз қатысқан бәсі биік бірін­­ші жарыс па? Ашық суда жүзуге әуес болу дәл осы Ыстықкөлден бастал­ды ма?
– Иә, 2019 жылы Ыстықкөлде 15 ша­қы­рым­ға созылған сол марафон мен қатысқан ең маңызды сайыстардың бірі болды. 22 қа­тысушы болсақ та, әркім межеленген қа­шық­тықты жекелей жүзіп өтті. Әрбірінің жыл­дам­дығы әртүрлі болғандықтан, қаты­су­шы­лар шама-шарқына қарай өнер көрсетті. Жалпы, ашық суда жүзуге деген сүйіспеншілік бірте-бірте арта түсті. Әдепкіде «Бәрі ай­тып жүрген Ла-Маншты мен де бағын­дыруым керек» деген мақсат болмады. Кім болса да бір орында тұрмай, ілгерілегенді құп көреді. Қатарластарымен иық тіресіп, кәсіби түрде ары қарай жетіле түсуді көздейді. Сол секілді мен де даму үшін ірі жарыстарға қа­тысудың амалын қарастырдым. Жалпы, әлем жұртшылығы тамсанатын ашық суда жүзу спорты елімізде енді танымал бола бастады. Бұрын бізге беймәлім болған бұл спорт түрі туралы енді еститін боласыздар. Себебі бізде де сайыстар жиі өткізіліп жүр. Әсіресе, Бура­байда кейінгі кезде Open Water жарысы тұрақ­ты өтуде. Биыл Қапшағайда ашық суда жүзуден әлемдік деңгейдегі ірі жарыс Oceanman өтпекші болған еді, алайда пандемияға бола бұл іс-шара келесі жылға шегерілді.

dizayn bez nazvaniya 52
Iron Moms KZ-пен бірге Париждегі Триумф аркасының алдында

– Дәл сол жылы Ла-Маншты бағын­дыр­­ған тұңғыш қазақ қызы Әнел Сыт­дықованың жетекшілігімен Iron Moms KZ командасын құрып, әлемдегі ең күрделі саналатын, Лон­дондағы Мәрмәр ар­касынан бастау алып, Па­риждің Триумф аркасына дейін жалға­сатын «Ар­кадан аркаға дейін» (Enduroman Arch to Arc) атты ультратриатлонда бақ сы­нап, эстафетаға қатыстыңыз. Эстафета ере­жесі бойынша командалас­тарыңыз­бен Ла-Маншта кезек-кезек жүзген соң, бо­­ла­шақта бұл бұғазды жалғыз жүзіп өтуді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз ба?
– Дәл солай. Триатлонмен бірге айна­лыса­тын достарым, соның ішінде арамызда Ла-Маншты бірінші болып жүзіп өткен Әнел Сытдықова ультратриатлонға қатысу туралы ұсыныс айтты. Ереже бойынша Лондоннан Дувр портына дейін 140 шақырымды жүгіріп өттік, әр сағат сайын ауысып отырдық, сосын Ла-Манш бұғазын 36 шақырым қашықтықты жүзіп өтуіміз керек болды, онда да кезектесіп жүздік. Ең соңында Франция жағалауынан Париждегі Триумф аркасына дейін 290 ша­қырымды велосипедпен «еңсердік». Негізі, эстафета қызыққа толы болды. Алдын ала бол­жағанымыздай, Ла-Манш бұғазын жүзіп өту қиынға соқты. Дегенмен сол кезде ойым­да «бәлкім, болашақта бұл бұғазды жеке өзім жү­зіп өтермін» деген идея келді. Оның алын­бас қамал екенін, қолымнан келетінін де сездім.
– Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өту үшін екі жыл бұрын тіркеліп қойға­ныңызды естігенде таңғалғанымыз бар. Сонда ашық жүзу спортымен айналы­са­тын мықтылар бұл бұғазды бағындыр­майынша тыным таппайтын болып тұр ғой?
– Жалпы, Ла-Маншта топпен бірге жүзу жарыстары өткізілмейді. Жүзушілер жекелей сында бақ сынайды. Ал бұл марафонды ұйымдастыратын Channel Swimming Association (CSA) мен Channel Swimming & Piloting Federation (CS&PF) секілді беделді ұйымдар өкілі сізді алдымен тіркеп, жүзетін күнді бе­кітеді. Жай ғана тіркеле салмайсың, алдымен ұйымдастырушылар өткізетін іріктеуден өтуің керек. Іріктеу ережесіне сәйкес, 16 гра­дустан төмен температурада гидро­костюм­сіз алты сағат бойы тоқтамай жүзуің қажет. Негізі, Ла-Манш жүзудің «Эвересі» саналады. Альпинистер ауа райы құбылмалы болу себебінен Эвересті бірден бағындырмайды, сол секілді Ла-Маншта да ауа райы мың құ­бы­лады әрі суы мұздай суық болады. Мара­фон өтетін күн бекітілсе де, қашан бастайты­ның белгісіз. Сол үшін екі жыл бұрын тір­келген абзал. Дегенмен ауа райының қо­лайсыздығына байланысты тіркелген адамның барлығы бірдей діттегеніне жете бермейді. Мысалы, бір аптаға дейінгі уақыт аралығын таңдауға мүмкіндік беретін слот сатып аласың делік, сосын ұйымдастыру­шылар «осы аптада нөмір екінші боласың» деп ескертеді, бірақ дәл сол күні қатты дауыл соғуы мүмкін немесе келесі күні тағы бір қолайсыз жағдай болуы ықтимал, сондықтан сол жерде күтіп отыруға мәжбүр боласың. Кейде кезегің ең соңына жылжиды. Ал кейде жүзушілер тіпті кезегін күтпей кетіп қалады, сөйт­іп көптен бері дайындалған бұл мара­фон келесі жылға немесе екі жылға шегері­леді. Сол себептен сарыла күту мен болжап білуге болмайтын осындай өзгерістерге бола Ла-Маншта өтетін марафондардың өзіндік «ерекшелігі» бар.

dizayn bez nazvaniya 48
– Ла-Маншта сіз жүзіп өткен қашық­тық БАҚ беттерінде біресе 32 шақырым делінсе, енді бірде 68 шақырым деп жазылып жүр. Анығында…
– Анығында – 68 шақырым. Негізі, Ла-Ман­штың тік бағытта өлшенген қашықтығы – 34 шақырым. Әдетте көпшілік осы қа­шықтыққа жүзгенді жөн көреді. Бірақ түрлі себептермен, әсіресе ауа райына байланысты түрлі қашықтық тіркеледі. Мысалы, маған белгіленген меже 46 шақырым болды. Алайда Ла-Манш Атлант мұхиты мен Солтүстік теңізді жалғап жатқандықтан, онда судың ағысы біресе жиілейді, біресе бәсеңдейді. Осы себептен ағыс әр алты сағат сайын өзгеріп отырады, тиісінше мені жан-жаққа «лақтыра­ды», оның үстіне жолай медузаларға бірнеше рет тап болдым, олардан «құтылуым» керек болды. Сондықтан маған белгіленген бағыт біз күткендей тік емес, S пішіндес бағыт шық­қандықтан, бұл межені 68 шақырымды жүзіп өттім. Бұл 16 сағат 54 минутқа созыл­ды. Ал негізінде техникалық тұрғыдан қара­ған­да «менің қашықтығым» – 46 шақырым.
– Ыстықкөлдегідей Ла-Маншты гид­рокостюмсіз жүзіп өту өз қалауыңыз бо­лар деп ойласам, сөйтсем бұл ашық суда жүзу марафонының бұлжымас та­ла­бы екен. Жүзуші тағы қандай ере­же­лерді естен шығармауы тиіс?
– Негізі, гидрокостюммен жүзуге де бо­лады, бірақ ұйымдастырушылар мұны есепке алмай қояды. Көбіне бейресми марафонда жүзетін жүзушілер гидрокостюм киеді. Ресми бақылаушы алдымен үстіме киген киімді, соның ішінде қандай баскиім кигенімді тексереді, сосын олар мінген қайыққа сүй­кенбеуімді қадағалайды. Одан бөлек, ол қоз­ғалыс траекториясын түзетіп, хронология жүр­гізіп отырады.
– Жүзу кезінде нәр татып алуға рұқ­сат шығар?
– Әрине. Мен әр 45 минут бойы әлденіп отыр­дым. Қолдаушылар тобы маған спорт­шы­лар үшін ең тиімді энергия көзі санала­тын көмірсуы бар сусынды жіпке байлап лақ­тырады. Мен оны 40 секундтың ішінде ішіп үлгеруім керек, әйтпесе көп тұрып қал­саң, денең мұздап тоңады немесе ағыс сені басқа жаққа ағызып әкетеді. Айта кетерлігі, жүзушіге денесін қыздыру үшін ланолин жағып алуға болады. Бірақ мен күннен қор­ғайтын крем мен мойын тұсыма киім қа­жамау үшін вазелин жақтым.

dizayn bez nazvaniya 55
Франция жағалауына жеткен кезде

– Ресми бақылаушыдан бөлек, мара­фон бойы сізді қолдағысы келетін жа­қындарыңызға да соңыңыздан жүріп отыруға рұқсат етілген бе сонда?
–Иә. Пандемияға байланысты құрбы­ла­рым келе алмағандықтан, ашық суда жүзуден түрлі қауымдастықтарда танысып, жақсы бай­ланыс орнатқан Рейчел мен Люси есімді ағылшын достарыма мені қолдауын өтіндім. Олар сусын лақтырып отырудан бөлек, менің жай-күйімді бақылап отырды. Жол бойы жі­герлендіріп, қолдау көрсетті. Айта кетерлігі, қол­даушы топқа маған дем беру үшін 45 минут бойы менің соңымнан жүзуге рұқсат беріледі. Бұғаздың дәл ортасына келгенде Люси досым 45 минуттай соңымнан жүзіп, рухымды көтеріп тастады. Мұның көмегі көп тие­ді, себебі бұғаз бетінде тек жалғыз жүзе­сің, бәленбай сағат бойы түпсіз тұңғиық пен қайықты ғана көресің, мұндай бір сарынды көріністен шаршайтының айтпаса да тү­сі­нікті.
dizayn bez nazvaniya 53– Франция жағалауына қарай түнгі уақытта жүзуге әркімнің батылы жете бер­мейтін секілді…
– Ал мен үйреніп алғанмын. Дегенмен бас­тапқы уақытта қорыққаным бар, бірақ осы марафонға дайындық жүргізу барысында үрейімді жеңу үшін кешқұрым немесе түнде арнайы дайындалатынмын. Десек те, түнгі уақытта жүзудің пайдасы шамалы, себебі күн­нің көзі жоқ әрі су суық болады. Бірақ мара­фон уақыты ұзаққа созылатындықтан бұған да етіміз үйреніп алды.
– Мәре сызығын кескен кезде қандай сезімде болғаныңызды сұраудың өзі артық болар. Әйтсе де, сол сәтте қандай күй кештіңіз?
– Әдетте, мұндай кезде үйреншікті көрі­ніс­ті бақылауға болады: көп жағдайда жүзу­шілер құмды жағалауға мәреге жетеді, ал жаға­лауда күтіп тұрған француздар ерекше қар­сы алып, құттықтап жатады. Ал менде бар­лығы басқаша болды: біріншіден, мен бел­гіленген межеге түнгі уақытта жеттім, екіншіден, мәре сызығы құмды жағалауда емес, француздық Кале портының қасында ор­наласқан тас қабырғаға белгіленген. Тағы бір ескерер жайт, соңғы үш-төрт сағатта жыл­дам жүзуге мәжбүр болдым, себебі ағыс­тың бағыты өзгере бастағандықтан, бізді Сол­түстік теңізге қарай айдап әкету қаупі туын­дады. Оның үстіне, ағзаң да «шаршай» бас­тайды, одан бөлек, қолдаушылар мен бақы­лаушылар да «Алға!» деп сенің діттеген жерге тезірек жеткеніңді қалайды. Осылай­ша, соңында абдырап қалған мен тез жүземін деп қарсы алдымда тұрған әлгі тас қабыр­ғаны ең соңғы секундта ғана көрдім. Сол қабырғаға жеткен кезде ресми бақылаушы уақытты тіркеп алды, ал маған оларға қарай кері жүзу керек болды. Оған қоса, түнде тол­қын тулап соғады, қайықтағылар мені соғы­лып қала ма деп қорықты. Сөйтіп, ашық суда жүзуге ең қолайлы кроль стилімен жүзуге шамам жетпей, қайыққа дейін брасс әдісімен жүзіп, әрең жеттім.
dizayn bez nazvaniya 54– Әлеуметтік желілерде «Мен осы жасымда спортпен айналысқан ұят болар деп жүрсем, Мадина туралы естіп бұл ойымнан айнып қалдым. Ертеңнен бастап спортзалға барамын!» деген пікірді оқып қалдым. Осы жетістігіңіз арқылы өзгелерді ынталандырып, олар­ға спортпен айналысудың ерте-кеші жоқ екенін ұғындырамын деп күтпеген боларсыз, сірә?
– Шынымды айтсам, осыншалықты резо­нанс болады деп күтпедім. Әдепкіде «Бара­мын да, тыныш қана жүзіп келемін» деп ой­ла­ған едім, бірақ сіз айтқандай әлеуметтік желілерден қазақстандықтардың жағымды пікір жазғанын көріп, таңғалғаным бар. Же­кеме хат жазғандардың арасында ересек жас­та спортпен айналысу тым кеш деп, мұны енді қолға алған ұят болар деп санағандар көп болды. Сондай-ақ олар менің жүзуім ар­қы­лы рухтанып, анығында ересек жаста тау мен тасты қопаруға болатынына көз жет­кіз­генін айтып жазады. Әлбетте, мұның бәрі қуаныш сыйламай қоймайды.
– Тағы сол әлеуметтік желілерде сіз­дің бұл ерлігіңізге таңғалған көп­ші­лік­тің «енді Каспий, Балқашты жүзіп өтсе екен» деген ұсынысын оқыған боларсыз. Ла-Манштан кейін келесі жоспар құрып үлгердіңіз бе?
dizayn bez nazvaniya 56– Әлбетте, Каспий, Балқашты жүзіп өткің ке­леді, бұл өзіме де қызық. Бірақ әзірше еш­қан­дай жоспар құрмадым, үйде демалып жат­қан жайым бар. Одан бөлек, айналысатын өзге жұмыстарым баршылық. Негізі, мен бұрын қаржы саласында жұмыс істегенмін, сон­дай-ақ өндіріс компаниясында қаржы ди­ректоры қызметін атқардым. Қазір кон­салтинг компанияның жұмысын ілгерілетуге атсалысып жүрмін. Сосын жергілікті клубта балаларды суда жүзуге үйретемін. Жалпы, алдағы уақытта өзіме де көп нәрсені, әсіресе жүзу техникамды жетілдіру әрі жылдам­дықты арттыру бойынша жұмыс істеу керек. Маған хлор қоспасы себілетін бассейннен гөрі, табиғи ортада екеніңді сезіндіретін ашық суда жүзген қатты ұнайды. Оған қоса, ашық судың температурасы да жағымды әсер етеді. Тіпті, ашық суда жүзу арқылы психи­калық аурудан емделіп жүргендерді білемін. Алайда ашық суда жүзетін адам менталды тұрғыда мықты болуы керек. Біздің спортта 20 пайыз физикалық, 80 пайыз менталды дайындық қажет. Суық суда көп уақыт өткі­зетіндіктен әрі жоғарыда айтып өткендей бір сарынды көріністі көп көретіндіктен, миың орта жолдан тайдыру үшін кез келген нәрсені ойлап табады. Мысалы, бұғаздың бел ортасына келгенде басым айналып, жүрегім айныды, сондай-ақ толқын көтерілген кезде көп су жұттым, егер рухың мықты, сана-сезімің жоғары болмаса, әлгі жайттың барлығынан қорқып, жүзуді тоқтата салуың әбден мүмкін. Сол себепті жүзуші менталды түрде толысып отыруы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Back to top button