Жаңалықтар

Игорь Сон ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

ашық дереккөзі

Игорь Сон ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан ерлер арасында 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы Игорь Сон қола жүлдені иеленді. 22 жастағы қазақстандық жұлқып көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеру жаттығуында 163 келіні еңсерді. Осылайша, Игорь 294 (131+163) келі көрсеткішімен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін ұтып алды. Аталған салмақ дәрежесінде алтын жүлдені қытайлық Ли Фабин ұтып алса, ал күміс медальды Юли Ираван (Индонезия) иеленді. Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Токио Олимпиадасының қола жүлдесін иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын.