«Nur Otan»: Бағаны тұрақтандыруға байланысты ұсыныстар әзірленді

Азық-түлік бағасын ұстап тұру, отандық тауарды қолжетімді ету мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жоспардан тыс отырысында талқыланды.

– Біздің мемлекеттік органдар елдегі инфляция 7,5 пайыз дейді. Бірақ базарлар мен дүкендерге барсаңыз, мүлдем басқа көрініске куә боласыз. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 17-сінің бағалары аспандап кетті. Атап айтсақ, сәбіз бен картоп 69-73 пайызға, күнбағыс майы 19 пайызға, пияз, қант, қарақұмық жармасы 9-10 пайызға, сүт, ұн  2-3 пайызға қымбаттады, – деп атап өтті Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін факторлардың бірі алыпсатарлардың қызметі екенін айтты.

– Қазір картоп егістікте 150 теңге, ал сауда  орындарында 300-350 теңге тұрады. Яғни алыпсатарлар бағаны көтеріп отыр. Негізі сауда үстемесі сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауы керек.   Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар жағдайды бақылауға алып, жұмыс істеуі керек, – деді А.Сапаров.

Сондай-ақ, Кеңес төрағасы қатты құрғақшылық болуы мүмкін Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек екенін айтты.

Ал  Айдарбек Сапаров Кеңес мүшелеріне бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында екенін мәлімдеді.

Бағаны тұрақтандыру құралы ретінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаларды болжау тетігін енгізуді, жылыту және су тасқыны маусымына дайындық жасаған сияқты, 2-3 ай бұрын жеміс-көкөніс өнімдері тапшылығының алдын-алу үшін дайындық жүргізуді, сондай-ақ әлеуметтік дүкендерде немесе сауда желілерінде арнайы бөлімдер құруды ұсынды.

Кеңес мүшесі, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев өндірушілерге өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік беретін инфляцияны болжау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Кеңес мүшелері өндірушілер мен желі клиенттерінің тікелей байланысы есебінен көліктік, логистикалық және сауда шығындарын азайтуға бағытталған көтерме-тарату орталықтары желісін құру жөніндегі жұмысты талқылады.

whatsapp image 2021 06 23 at 16.02.22

Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша 2021 жылы 5 көтерме-тарату орталығының құрылысын бастау және жұмыс істеп тұрған 2 орталықты жаңғырту жоспарланып отыр.

Аманжан Жамалов 2020 жылғы есеп бойынша құны 413,8 миллиард теңгеге жеткен жоба туралы айтты. Бастапқыда барлық 24 көтерме-тарату орталығын құру 237,5 миллиард теңгеге бағаланған. Оның пікірінше, жобаның құны мен оны іске асырудың ұзақ мерзімі өнім бағасының төмендеуіне, оның ішінде маусымдық бағаның ауысуына кепілдік бермейді.

Отырыс қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыныстар әзірленді. Соның ішінде алыпсатарлардың бағаны жоғарылатуына тосқауыл қою, жеке қосалқы шаруашылықтардың егіс алқаптарын ұлғайтуға жағдай жасау, шекарада жедел режимде азық-түлікті жүк көлігімен тасымалдауды пысықтау, қолда бар қорларды өндіру және азық-түлік тауарларын тұтыну теңгерімін жасау және тағы да басқа мәселелер бар.

Back to top button