30 жылдық әдебиет − өрлеудің дәлелі
30 жылдық әдебиет − өрлеудің дәлелі
Әдебиет ұлттың рухани әлемін қалыптастыратын күшке ие. Дегенмен онда әрдайым уақыт пен заманның әсері көрініп тұрады. Сондықтан дәуірлер алмасып, қоғам өзгергенде әдебиет те түлеп, жаңа кеңістікке құлаш сермеп, жаңа қоғамның қалауына сай туындылар өмірге келеді.
Әрине, әдебиеттің мәңгілік қағидасы – көркемдік құдіретімен ақиқатты жеткізу. Әділдікті жақтап, шындыққа қамқор болу. Сондықтан ол жұрттың көкейіндегісін тап баса отырып, қоғамдағы өзгерістердің сырына үңіледі және бір қарағанда оқырманмен тең дәрежеде диалог орнатқандай көрінгенімен заманнан озыңқырап, әдебиетсүйер қауымның талғамын көтеруге қызмет етеді. Көркемсөздің осы бір қасиеті біздің ұлттық әдебиетімізге де тән.
Таза ұлттық тұрғыдан қарасақ, бастауын қазақи ұғым-түсінік қалыптасқан ХV ғасырдағы Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген жыраулар поэзиясынан алатын (одан арғысы «Түркілік ортақ дәуір әдебиеті» делінеді) қазақ әдебиеті талай қилы кезеңдерді бастан кешіп, ХХ ғасырдың басында жазба қалыпқа көшті. Сол тұста фольклорлық стильден оншалық ірге ажырата қоймаса да Абай шығармашылығынан кейін мүлде жаңа бағытқа бет алған қазақ көркемсөзі аз ғана уақыттың ішінде әлемдік әдебиет шыққан биікке қол созып, ерен жетістіктерге жетті. Өткен ғасырда 30 жыл ішінде романдарымыздың сапасының дүниежүзілік деңгейге жетуі (алғашқы қазақ романы – Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» 1912 жылы жарық көрсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабы 1942 жылы басылып шықты) әлем тарихындағы сенсациялық құбылыстардың бірі деуге болады. Сол сияқты ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрынғы қазақ поэзиясында лирикалық шығармаларды былай қойғанда Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы», Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» секілді поэмаларының өз жанрында жоғары табысқа жетуі ұлттық әдебиетіміздің қысқа уақыттың ішінде сұрапыл жылдамдықпен өрлегенін танытады. Драматургия саласы да қарыштап дамыды. Соның айқын айғағының бірі − қазақтың кемеңгер қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының сахналық қойылымы үшін оның авторына 1973 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының берілуі. Кезінде
Ж.Шанин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді алыптар негізін салып дамытқан қазақ драматургиясын одан кейінгі кезеңде Тахауи Ахтанов секілді қуатты қаламгерлер биіктетіп әкетсе, өткен ғасырдың ортасынан бері қарай Қ.Мұхамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, А.Сүлейменов, Д.Исабеков, О.Бөкей, С.Балғабаев секілді драматургтер бұл жанрды заманға сай түрлендіріп, кең тыныс берді.
Әдебиетіміздің толысып кемелденуімен оның сыны да күшейе түсті. Кеңестік кезеңде Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Қалжан Нұрмаханов, Айқын Нұрқатов, Рахменқұл Бердібаев, секілді ірі сыншы-теоретиктерден соңғы дәуірде Тәкен Әлімқұлов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшібаев, Бақыт Сарбалаевтардың шығармашылығы қазақ әдебиетінің көркемдігіне деген талапты күшейтіп, қазақ сыны әдебиетсүйгіш қауымның талғамын қалыптастырды.
Тағы бір айта кететін нәрсе, өткен ғасырда шығармаларын орыс тілінде жазып танылған қазақтар − ақын Олжас Сүлейменов пен жазушы Әнуәр Әлімжанов, Роллан Сейсенбаевтар еліміздің аз да болса шетелге танылуына белгілі дәрежеде ықпал жасады.
Қалай десек те, кеңестік кезеңде қазақ әдебиеті көркемдік деңгейі жағынан сол тұстағы одақтас әдебиеттер арасында жан-жақты жетілген әдебиеттердің қатарында тұрды. Дегенмен ХХ ғасырда 74 жыл бойы билік құрып, қоластында өмір сүрген халықтардың бәрінің жан-дүниесіне мемлекеттік саясат тұрғысынан әсер еткен КСРО дәуірінде әдебиет пен өнердің барлық саласында партиялық көзқарас үстем еді. Соның себебінен әдебиетімізде жабық тақырып көп болды. Мәселен, ұлттық салт-дәстүрді кең насихаттауға, тарихты жазғанда хандар мен би-батырларды дәріптеуге тыйым салынды. Жазыла қалған жағдайда ол кеңестік саясатқа қайшы келмеуі қадағаланды. Сөйтіп, қаншама талантты ақын-жазушыларымыз болса да олар белгіленген шеңберден шықпауға тиіс болды. Ал 1991 жылдың соңында еліміз бір жарым ғасырдан аса уақыт жоғалтқан тәуелсіздігіне қайта қол жеткізгенде әдебиетімізде бұрын рұқсат етілмейтін тақырыптардың бәрі жедел игеріле бастады. Бұрын аттарын атауға тыйым салынған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді алашшыл қайраткер-қаламгерлер саяси жағынан ақталып, шығармалары басылып шығып ел арасына тарай бастады. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Ерімбет Көлдейбекұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Албан Асанұлы секілді ақындардың кітаптары шығып, өмірі мен шығармашылығы кең түрде насихаттала бастады. Бұл − қазақ ұлттық көркемсөзінің азат дәуірінің басталуы болатын.
Қоғамдық формациялар ауысқан тұста саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жақтан да үлкен күйзелістер болды. Яғни, түсініктер өзгеріп, ұғымдар шайқалғанда қалыпты жазу бағыты да бұзылуға мәжбүр болады.
Авторлары қанша азаттық аңсағанымен, айтар ойын қанша астарлы берсе де қалыбы социалистік реализм тәсілімен жасалатын кеңестік дәуірдегі әдебиет жаңа заманда қалай өзгеріп, қай бағытқа бұрылуды білмей дағдарды. Шын мәнінде заманның әдебиетке қойған талабының өзі түсініксіз бір кезең еді. Әйтеуір «шындықты айту керек» деген бір ұстаным бар. Бірақ әдебиетте оны қалай айту керек, қалай көрсету керек? Проблеманың үлкені осы еді.
Иә, 70 жылдан аса тұншыққан қоғамның ашылар ақиқаты, шертілер шындығы көп еді. ХХ ғасырда қазақ басынан өткен ақтар мен қызылдар жасаған қырғын, кәмпеске, аштық, репрессия, ІІ дүниежүзілік соғыс, соғыстан соңғы қудалау секілді сандаған нәубет жайында айтылуы, жазылуы тиіс еді. Сондықтан әлі еліміз толық тәуелсіздікке қол жеткізбеген шақта, КСРО-ның соңғы президенті М. Горбачевтің тұсында басталған қоғамдағы жариялылық пен демократия кезінде-ақ қазақ қаламгерлері кеңес дәуірінде ұлтының басынан өткен қасіреттер жайында ашық айтуға көшті. Мәселен, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы тәуелсіздіктен бұрын жарық көрсе де өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аштықты ашық суреттеп, оның қасіретін жасырмай көрсетті. Қадыр Мырзалиев (кейін Қадыр Мырза Әли) қазақ басынан өткен түрлі нәубеттің ащы шындығын жырласа, Мұхтар Мағауин кеңестік дәуірдің келтірген кесапаттары жайында көптеген мақала жазды. Бұл сияқты өзгерістердің бәрі жаңа дәуірдегі ұлттық әдебиеттің болмысының жаңаша қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Шынын айту керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихшылар мен публицистер әдебиеттің алдына түсіп кетті. Өйткені ұзақ уақыт бойы жалған мәліметтермен жазылған тарихтың өзгеруі, тарихи шындықтардың қалпына келуі уақыт, заман талабы болды, ал журналистика ұшқыр жанр ретінде қоғам талап еткен ақиқатты айтып, елдің көкірек көзі ашылып, санасының оянуына қызмет етті. Бұл тұста әдебиетте тек поэзия ғана алда жүрді деп айтуға болады. Дегенмен қазақ прозасы бұрынғы дәуірдегі инерциясынан айыра қойған жоқ. Қазақтың жанына жақын тарихи шығармалар жарық көріп жатты. Мәселен бұрын Қытай қазақтары өмірінен «Соңғы көш» дилогиясын, «Тағдыр» романын жазған Қабдеш Жұмаділов Абылайхан дәуіріндегі қазақтың белгілі батыры «Дарабоз» романын жазып жариялады. (1-кітап 1994 ж. 2-кітап 1996 ж). Жазушы Мұхадес Есламғалиұлы қазақтың атақты төбе биінің бірі туралы «Әйтеке би» (1998) атты кітабын шығарды (кейін ол роман-дилогияға айналды: «Әйтеке би» романы, 2003 жыл). Сол сияқты 2001 жылы белгілі жазушы Молдахмет Қаназ Сыр бойында орыс пен Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы ұлт азаттық көтерілісін басқарған батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы тарихи шындықты паш еткен «Жанқожа» атты кітабын шығарды. Сондай-ақ, жазушы Жанат Ахмадидің «Дүрбелең» (1990), «Шырғалаң» (1997), Ұзақбай Доспамбетовтың «Қызыл жолбарыс» (2000), «Абылайдың ақ туы» (2004) дилогиялары, Софы Сматаевтың атақты «Елім-ай» трилогиясының 3-кітабы (2003), Қалмұқан Исабайдың «Шоң би» (2005) тарихи романдары сол тұстағы оқырманның рухани қажетін өтеген шығармалар болды. Ал Әбіш Кекілбайдың Махамбет Өтемісұлы туралы жазған «Шандоз» атты кітабы ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қозғалысты бастаушы батыр-ақын Махамбет туралы жаңаша көзқараста жазылған тарихи баян болды. Мұхтар Шахановтың үш кітаптан тұратын «Желтоқсан эпопеясы» романы болса, өзінің жазылу ерекшелігімен және ұлттық тарихындағы үлкен бетбұрысқа бастаған оқиға туралы шындықты жеткізуімен құнды. Сонымен бірге «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты өлеңмен жазылған романдары ЮНЕСКО деңгейінде танылып, әлемнің бірнеше тіліне аударылды.
Смағұл Елубайдың ертеректе жазған «Ақ боз үй» романының жалғасы іспетті «Мінәжат», «Жалған дүние», Рамазан Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры», Оразбек Сәрсенбайдың «Шамшырақ», «Шеңбер», Баққожа Мұқайдың «Өмірзая», Тоқтар Бейісқұловтардың «Қаза мен аза», Адам Мекебайдың «Құпия қойма» романдары ашаршылық, кіші қазан зардаптарын суреттеді. Бұлардың бәрі, әрине белгілі бір кезеңде қазақтың бастан кешкен қасіреттерін баяндап, тарихи шындықты ұғындыруға қызмет етті.
Кеңестік дәуірде жарық көрген С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу». С.Мұқановтың «Өмір мектебі» секілді бірен-саран шығармалар болмаса, бізде мемуарлық әдебиет өте аз еді. Ал осы олқылықтың орнын тәуелсіздік дәуірінде М.Мағауиннің «Мен», Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Қ.Ысқақтың «Келмес күндер елесі», Қ.Мырза Әлидің «Иірім» секілді кітаптары толтырды деуге болады. Бұлардан қаламгерлердің өмірі туралы біле отырып, олардың қоғамға деген көзқарасынан да хабардар боламыз.
ХХІ ғасырда роман оқылмайды, өйткені қазіргі заман тездікті, ықшамдықты, қысқалықты қалайды деген түсінік бар. Бірақ ол көзқарастың әдебиет әлеміне жүрмейтіні дәлелденіп жатыр. Күллі әлем бойынша мыңдаған романдар жазылып жатыр, олар және оқылып, бағасын алып жатыр. Демек, тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиетінде романдардың көптеп жазылуында да заңдылық бар. Сондықтан кейінгі дәуірде туған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ә.Сараевтың «Еділ-Жайық», Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» «Кесік бас тірі тұлұп хикаяты», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Жұмабай Шаштайұлының «Жаңғырық», Әкім Таразидың «Мұстафа Шоқай», Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең», Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» (трилогия), Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Жер үстінде де жұмақ бар», «Ән салуға әлі ерте», Рахымжан Отарбаевтың «Бас», Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдек», Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай», Тұрысбек Сәукетаевтың «Айқараңғысы», «Мен – жындымын», Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелердің өлімі» секілді романдары, сөз жоқ, қазақ көркемсөзінің жетістігі саналады.
Дегенмен бір айта кететін нәрсе, кейінгі дәуірде, яғни тәуелсіздіктен бергі жерде әдебиетке келген қазақ қаламгерлерінің арасында проза саласында еңбек етіп жүргендері аз көрінеді. Дегенмен Думан Рамазан, Әділбек Ыбырайымов, Дидар Амантай, Бегабат Ұзақов, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат, Айгүл Кемелбай, Мақсат Мәлік, Мәдина Омарова, Қанағат Әбілқайыр т.б. прозашылардың шығармашылығы бүгінгі қазақ прозасының сан түрлі бағыттағы ізденісінен хабар береді.
Поэзия − қай заманда да біздің әдебиетіміздің фавориті. Қай дәуірде де қазақ ақындары ұлтына танымал және сүйікті болып келді. Өйткені ел басына күн туғанда немесе қоғам шындықты талап еткенде ақындарымыз үндемей қалған кезі жоқ. Қазақ жырында әрқайсысы өз дәуірінде шындықты қорғаған Махамбет, Абай, Мағжан, Қуандық Шаңғытбаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Шаханов секілді ақындардың үлгісі тәуелсіздік дәуірі келгенде қайта жаңғырғаны шындық.
Тәуелсіздік қазақ жырына да кең тыныс, шалқар шабыт сыйлады. Кеңестік дәуірде шығармашылығын бастаған аға ақындар жаңа бағытқа бет бұрса, әдебиетімізге өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасы мен 80-жылдардың басында және 90-жылдарда келген ақындар азат ойдың желкенін көтеріп, бостан елдің бағын жырлады. Сондықтан соңғы 30 жыл қазақ жырына ерекше серпін берген дәуір деуге болады.
Жаңа ғасырда қазақ жырының классиктері Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиевтің көптеген жаңа кітаптары және алдын 12, кейін 18 томдықтары, Фариза Оңғарсынованың 10 томдығы басылып шықты. Бұл бұрын-соңды қазақ ақындары үшін қол жете қоймаған арман еді. Ал Жұмекен Нәжімеденовтің 7 томдық, Мұқағали Мақатаевтың 5 томдық, Төлеген Айбергеновтің 4 томдық шығармаларының, Өмірзақ Қожамұратовтың «Күн астында − құдірет», «Сезім сәттері» кітаптарының жарық көруі де жаңа ғасырдағы қазақ поэзиясының мерейі.
Жаңа дәуірдегі қазақ поэзиясы Жарасқан Әбдірашевтің «Құлпытас», Байбота Қошым-Ноғайдың «Тәңір таразысы», «Жұмақ нұры», Есенғали Раушановтың «Ғайша бибі», «Періштелер мен құстар», Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны», Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап», Аманхан Әлімнің «Атақоныс», Мейірхан Ақдәулетұлының «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінәжат», Шаһизада Әбдікәрімовтің «Гладиатор», «Сүлейдария», Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Ырауан», Светқали Нұржанның «Таң қауызын жарғанда» (3 томдық), «Ай таранған түн», Сабыр Адайдың «Әр қазақ − менің жалғызым», «Қазақстан жалғыз ұлы қазақтың», «Серттесу», Есенқұл Жақыпбековтің «Жанқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Тазқара құстың тағдыры», Гүлнәр Салықбайдың «Аспандағы аңсарым», «Кешіріңдер, келгенімді өмірге» секілді жаңаша ізденістен туған жыр кітаптарымен байыды.
30 жылдық кезеңде, жоғарыда көрсеткеніміздей, проза мен поэзияда көзге көрінетіндей елеулі жетістіктерге ие болдық, олардың деңгейіне жете қоймаса да драматургиямызда даму бар, соңғы жылдарда балалар әдебиетіне де қамқорлық көрсетіліп жатыр. Тек бізде тұралап қалған сын жанры болды. Әдебиетіміздің жетістігі дерлік шығармаларды талдап түсіндіретін әділ сын жоқтың қасы...
Тәуелсіздік дәуірінде қазақ мемлекеті ұлттық әдебиетіне зор қамқорлық көрсетті деуге болады. Өтпелі дәуірдің қиыншылығын еңсергеннен бергі жерде ақын-жазушылардың шығармаларының жарық көруіне, авторларға қаламақы төленуге жағдай жасалып жатыр. 2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Отырар кітапханасы» сериясымен 110 кітап жарық көрсе, одан бергі жерде «Сырдария кітапханасымен» 200 том кітап басылып шықты. Сондай-ақ, «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы», «Атырау қаламгерлері», «Алтай-Ертіс кітапханасы», «Ақтөбе кітапханасы» серияларымен де көптомдықтар жарық көрді. Бұдан басқа қазақтың 100 романы, 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясы, 6 томдық қазақ поэмалары баспадан шықты. Біраз жылдан бері мемлекет тарапынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында еліміздегі қаламгерлердің кітаптары тегін басып шығарылып, кітапханаларға тегін таратылып, авторларға азды-көпті қаламақы тағайындалып келеді.
Қазақ жазушыларын әлемге таныту жолында мемлекет тарапынан көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Мәселен, 2019 жылдың 4-6 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Президенті Әкімшілігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өткізілді. Сондай-ақ, әлемнің 6 тіліне 60 қаламгердің шығармалары аударылып басылып, шетелдерге таратылып, насихатталды. Ал 1993 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің басшылығымен құрылған Қазақ ПЕН-клубы да жыл сайын қазақ авторларының кітаптарын шет тілдерге аударып, әлем оқырмандарына жеткізуге септігі тиді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ екі жыл сайын қазақ қаламгерлері жазған үздік шығармаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы тағайындалған болатын. Атап айтсақ:
1992 жылы Дулат Исабековке («Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жинағы үшін), Қалихан Ысқаққа («Ақсу – жер жаннаты» романы үшін), Сейіт Қасқабасовқа («Ертегіден тыс қазақ прозасы» монографиясы үшін), Әнес Сарайға («Еділ-Жайық» романы үшін);
1996 жылы Асқар Сүлейменовке (қайтыс болған соң, «Ситуациялар» үштағаны − «Жетінші палата», «Қыздай жесір штат қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» драма-диалогтары үшін), Дүкенбай Досжановқа («Құм кітабы» романы үшін), Қойшығара Салғаринге («Қазақтар» трилогиясы үшін), авторлар тобына − Зәки Ахметовке, Серік Қирабаевқа, Жұмағали Ысмағұловқа, Қайым Мұхамедхановқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Мекемтас Мырзахметовке (Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу және бастырып шығару жөніндегі жұмыстары үшін);
1998 жылы Зейнолла Қабдоловқа («Менің Әуезовым» романы үшін), Шерияздан Елеукеновке («Мағжан» монографиясы үшін);
1999 жылы Мұқағали Мақатаевқа (қайтыс болған соң, «Аманат» кітабы үшін);
2000 жылы Темірхан Медетбекке («Тағдырлы жылдар жырлары» өлеңдер жинағы үшін), Баққожа Мұқайға («Өмірзая» романы үшін), Оразбек Сәрсенбаевқа («Шеңбер» романы үшін), Рамазан Тоқтаровқа («Абайдың жұмбағы» романы үшін), Әшірбек Сығайға («Сахна саңлақтары» еңбегі үшін);
2001 жылы Әлібек Асқаровқа («31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер сериалы» үшін);
2002 жылы Нұрлан Оразалинге («Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін), Ұлықбек Есдәулетке («Киіз кітап» өлеңдер жинағы үшін), Иран-Ғайыпқа («Қорқыттың көрі» өлеңдер жинағы үшін), Марфуға Айтхожинаға («Аңсау» өлеңдер жинағы үшін), Әкім Таразиге («Жаза» романы үшін), Зейнолла Серікқалиға («Алтын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін);
2004 жылы Т.Әбдіковке («Парасат майданы» повесі үшін);
2006 жылы Күләш Ахметоваға («Құт» өлеңдер жинағы үшін), Сайын Мұратбековке («Жусан иісі» шығармалар жинағы үшін), Есенғали Раушановқа («Періштелер мен құстар» жинағы үшін), Алдан Смайылға («Тамұқтан келген адам» романы үшін);
2010 жылы Жұмекен Нәжімеденовке (қайтыс болған соң, «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін);
2012 жылы Несіпбек Айтұлына («Арқатірек» поэмалар жинағы үшін), Сәбит Досановқа («ХХ ғасыр» трилогиясы үшін);
2014 жылы Қажығали Мұқанбетқалиұлына («Тар кезең» романы үшін), Гүлнәр Салықбаеваға («Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін);
2016 жылы Бексұлтан Нұржекеұлына («Әй, дүние-ай» романы үшін);
2018 жылы Ақұштап Бақтыгерееваға («Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін), Өтеген Оралбаевқа («Шуақты шақ» өлеңдер жинағы үшін), Тыныштықбек Әбдікәкімовке («Алқоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін);
2020 жылы Сауытбек Абдрахманұлына («Абыз Әбіш» зерттеуі үшін), Серік Ақсұңқарұлына («Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін), Ғарифолла Есімге («Ғұлама-наме» трилогиясы үшін), Мырзатай Жолдасбековке («Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін), Бақытжан Қанапияновқа («Достояние души» өлеңдер жинағы үшін), Роза Мұқановаға («Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін), Тынымбай Нұрмағанбетовке («Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сонымен бірге тәуелсіздіктен бергі жерде Әбіш Кекілбай, Олжас Сүлейменов, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болса, Әбіш Кекілбайға, Олжас Сүлейменовке, Әбдіжәміл Нұрпейісовке мемлекеттің ең жоғарғы Қазақстанның Еңбек Ері атағы беріліп, өңірлеріне «Алтын жұлдыз» және Отан ордені тағылды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы қазақ әдебиеті үшін де жетістіктер кезеңі деп айтуға болады. Өйткені бұл дәуірде жаңа деңгейге көтерілген тәуелсіз қазақ әдебиеті мемлекет тарапынан қолдау тауып, әлемдік көркемсөзден өз орнын иеленуге бет бұрды.