Тарихшының таланы
Тарихшының таланы
Уақыт топырағының астында көміліп қалған ол жұмбаққа ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп келе жатқанымен, шындықтың түйіні әлі шешіле қойған жоқ. Әлдекімдер Толстойды өлердей жек көрген Швед академиясы атақты сыйлықты ұлы суреткерге бергізбеу үшін осындай таңдау жасады дегенді дәлелдемекке тырысады.
Жарайды, бұл пікірдің де жаны бар деген күннің өзінде даңқы дүркіреген, абырой-беделі де аспандаған, әлем оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленген, үміткерлердің қатарында жүйрігін баптаған тағы бір қаламгер Эмиль Золяның одан құр қалуын қалай түсіндіреміз? Американың ұлы жазушысы Джек Лондонның, ағылшындардың ғажайып ақыны Чарлз Суинберннің немесе жаңа драматургияның негізін қалаған Генрик Ибсен мен мықты сыншы Георг Брандестердің де Нобель сыйлығы тақиясына тар келмес еді-ау! Қалай болған күнде де атақтарынан ат үркетін талай-талай мықты қаламгерлер тұрғанда әдебиет саласына тиесілі беделді марапаттың белгісіз себептермен тарихшының қанжығасына байлануы, расында да ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін – күлкілі жағдай.
Өткен ғасырдың басында болған даулы оқиғаға байланысты әлі күнге дейін сыншылар мен әдебиеттанушылар ой жарыстырып, түрлі пікір айтып келеді. Егер Швед академиясының сарапшылары әділетті бағалағанда, сөз жоқ, атақты сыйлықты әлем оқырмандарын тамсандырған ұлы суреткерлердің бірі иеленері сөзсіз еді. Әрине, ондай жағдайда атағы аспандап кеткен сыйлық төңірегіндегі дау-дамай мен талас-тартыстың да, туындайтын түрлі сұрақтардың аз болатыны айтпаса да түсінікті.
Сөз жоқ, тарихшы Моммзеннің өз заманының білгірі екеніне ешкім де күмән келтірмейді. «Римнің тарихы» атты монументалды ғылыми еңбегінің, жалпы оқырманға түсінікті әдеби тілмен жазылып шыққан ғажайып зерттеу екенін достары түгіл, дұшпандары да мойындайды. Бірақ, аузымыздың суы құрып қанша мақтасақ та ол ірі суреткер де, тіпті, қатардағы қарапайым жазушы да емес, ал Нобель сыйлығын алған «Римнің тарихы» атты еңбекті көркем прозаның талаптарына жауап беретін туынды деп айтуға ары таза оқырманның аузы бармайтыны айдай ақиқат.
Қайталап айтамыз. Моммзен – өз уақытының жақсы ғалымы, танымал тарихшысы. Соған қарамастан бүгінгі күннің талабы тұрғысынан әділ бағалайтын болсақ, ғалымның «Римнің тарихы» кітабы қазір аса құнды дүние болып табылмайтын көп еңбектердің бірі ғана. Тарихшының келтірген көптеген деректерінің шындыққа сәйкес келмейтінін де айта кеткен абзал. ХХ ғасырдың басында үлкен жаңалық ретінде қабылданған көлемді жұмыстың маңызы қазір жойылды. Өз заманында мыңдаған оқырмандардың зор сұранысы мен қатты қызығушылығын туғызған кітаптқа сілтеме жасайтын ғалымдар бүгінгі таңда жоқтың қасы. Бүгінгі буынның сыбағасына бұйырған Римнің тарихына қатысты табылған тың деректер Моммзеннің еңбегін ғылыми басшылыққа ала беруге болмайтынын көрсетті. Сондықтан академиялық ғылым үшін бұл көлемді дүниенің маңызы да жоғалған. Бірақ, өз дәуірінде осы еңбек әлем оқырмандарының зор сұранысы мен қатты қызығушылығын туғызған зерттеу болды.
Бес томнан тұратын монументалды еңбекті жазып шығуға ғалымның ондаған жылы кетті. Алғашқы ежелгі Италияның тарихынан, яғни Римнің негізі қаланған кезең, республиканың құлағанына дейінгі, яғни б.д.д. 46 жылдағы Тапс маңындағы соғысты қамтитын үш том 1854-1857 жылдары жарық көрді. Содан кейінгі бір-екі жылдың ішінде толықтырылып, тағы да екі томы жазылды. Дей тұрсақ та ХХІ ғасыр оқырманының тап осындай бірнеше томнан тұратын, екі мың беттен асатын көлемді дүниені көз майын тауысып, танысып шығуға ниет таныта қоятыны мені аса сендірмейді. Зады, бүгінгі күннің оқырманы шағын еңбектен көл-көсір мәлімет алғысы келеді. Моммзеннің кітабы жарық көргеннен бергі бір ғасырдан астам уақыт ішінде, артық-ауыс деректердің бәрі екшеліп, мейлінше ықшамдалып жазылған Римнің тарихы туралы жүздеген зерттеу жарық көріп, халық игілігіне айналды. Дегенмен, Моммзеннің көзі тірісінде бұл еңбек Германияда ғана тоғыз рет басылып шыққан екен. 1885-1887 жылдары ағылшын және орыс тіліне тәржімаланып Ресей мен Англияда да жарық көрді. Біз мысалға келтірген деректерден-ақ «Римнің тарихы» атты зерттеудің өз заманы үшін қаншалықты маңызды дүние болып саналғаны тайға таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па.
Енді «Римнің тарихы» атты кітаптың жазылуына қандай жағдайлардың себеп болғаны туралы білетін деректерімізді де ортаға салып, оқырманмен ой бөлісе отырайын. Жалпы, ежелгі Римнің тарихы Батыс Рим империясы құлағаннан бері ғалымдардың, жазушылардың, философтар мен ойшылдардың қатты қызығушылығын туғызып келгені құпия емес. Батыс әлеміндегі көне ескерткіштерді зерттеу ісі ХІV–ХV ғасырдағы Қайта Өрлеу дәуірінде гүлдене бастады. Алдымен италиялық, кейіннен ағылшын, неміс және француз гуманистері көне ескерткіштер мен ежелгі авторлардың алғашқы жарияланымдарын жинауға білек сыбана кірісіп кетті. Бұл үдеріс ХVІ-ХVІІ ғасырда да жалғасын тауып ХVІІІ ғасырда жаңа белеске көтерілді. Батыстың Джанбатисто Вико, Шарль Монтескье, Иоганн Винкельман, Готхольд Лессинг сияқты ғұламаларының ғылыми-сыни еңбектері тарих ғылымының өркендеуіне игі әсерін тигізіп, ал ХІХ ғасыр нағыз тарих, оның ішінде көне заман туралы ғылымның пайда болған дәуіріне айналды. Жаңа деректердің жиналуы, археологиядағы прогресс, қосымша тарихи пәндердің түзілуі, жаңа тарихи-философиялық концепциялар мен ғылыми-сыни тәсілдердің айналымға енуі ХІХ ғасырды батысеуропалық тарих ғылымының гүлдену дәуіріне айналдырды. Міне осы тұрғыдан алғанда, маңыздылығы жағынан ХІХ ғасырдағы тарих ғылымын дамытуға қосылған үлестің ХХ және ХХІ ғасырдан да асып түскенін мойындамасқа амал кем. Ақиқатында, бүгінгі заманғы тарих ғылымының негізінің сонау ХІХ ғасырда Батыста қаланғанын мойындауға тиіспіз.
ХІХ ғасырда Батыс Еуропада көне дәуір туралы неміс ғылымы алдыңғы орынға шықты. Германия әлемдік көне заман ғылымының орталығына айналып, жүздеген жылдар бойы осы орынды ешкімге бермей келеді. Грек және латын жазуларының толық жинағын құрастыру әрекетінің де ең алғаш рет неміс жерінде басталғанын осы жерде айта кетуді парызым санаймын. Сол уақыттары
10 000 грек жазбасынан құралған «Грек жазбаларының корпусы» атты төрт томдық жарыққа шықты. 1863 жылы Теодор Моммзеннің бастамасымен «Латын жазбаларының корпусы» атты тағы бір ірі еңбек дүниеге келді. Көне дәуір әлемінің басқа да құжаттары сол жылдары жаппай жариялана бастады.
ХІХ ғасырда ежелгі Римнің ғылыми-сыни тарихнамасының негізін қалаған Бартольд Георг Нибур, Вильгельм Друман, Альберт Швеглер, эллинизм тарихын зерттеудің негізін қалаған Иоган Густав Дройзен, грек мәдениетінің тарихшысы Эрнст Роберт Курциус, Рим тарихы бойынша мамандар Вильгельм Ине мен Карл Вильгельм Нич сынды ғалымдардың еңбектері Теодор Моммзеннің «Римнің тарихы» атты монументалды еңбегін жазуға зор ықпалын тигізді. ХІХ ғасырдың соңында Эдуард Мейер, Ульрих фон Виламовиц-Меллендорф, Георг Бузольт, Карл Юлиус Белох және тағы да басқа неміс ғалымдарының еңбектері жарияланды. Әдебиет саласына арналған Нобель сыйлығын иеленген Теодор Моммзен жоғарыда есімдері аталған өз заманының жақсы тарихшыларының бірі ғана болды.
Немістің атақты ғалымы 1817 жылы Гардингте, лютеран пасторы Йенс Моммзеннің отбасында дүниеге келді. Әкесі қызмет еткен Бад-Ольдесло қаласында өсті. Бастапқы білімді үйінен алды, бірақ кейін төрт жыл Альтондағы гимназияға барды. Болашақ ғалым ол жерде грек және латын тілдерін зерттеп, 1837 жылы диплом алып шықты. Кильск университетінің заң факультетіне түсіп, 1843 жылы рим заңнамасы жөніндегі докторлық диссертациясын өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Ғылыми іссапар жасауға рұқсат алып, төрт жыл бойы Моммзен Италияны саяхаттап, біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңыншы жылдардағы тарихи деректерді зерттеп, көшірмесін жасаумен шұғылданды. Зерттеу нәтижелерінің негізінде бірнеше мақала жазып, ғылыми ортада зор беделге ие болып, танымалдылығының арқасында тарихшы ғылыми жұмысын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды. Бірнеше сапар барысында Моммзен ең алдымен өзі, кейіннен достарымен және ғалымдармен бірге ежелгі Римнің тарихына қатысты жүз мыңнан астам құжаттарды жинап, өңдеп, жүйеге түсірді. Оларды басу ісі 1863 жылы қолға алынып, 20 том болды.
Осыған орай Моммзеннің ғылыми-педагогикалық қызметінің маңыздылығын айтпай кетуге болмайды. ХІХ ғасырдағы ең ірі неміс ғалымы бола отырып ол көне заман тарихының дамуына зор ықпалын тигізді. Ірі тарихшылар, құқықтанушылар, эпиграфистер оның шәкірттері болды. Ол орыс ғылымының дамуына да қатты әсер етті. Белгілі ғалымдар В.Герье мен Э.Гримм оның еңбегін кеңінен пайдаланды.
«Римнің тарихы» атты еңбектің алғашқы үш томы 1854-1856 жылдары жарық көрді. Онда Римнің құрылған кезінен бастап Юлий Цезарьға дейінгі кезең баяндалады. Іргелі зерттеу іргелі ғылыми-көпшілік еңбек ретінде ойластырылған еді. Сондықтан да автор өз еңбегінде аса көп сілтеме жасамайды. Соған қарамастан оқиғаның баяндалуынан автордың білімінің жан-жақты, танымының терең болғанын анық аңғарамыз.
«Рим тарихының» төртінші томы жарық көрген жоқ. Бір жағынан ол кездейсоқ жағдайларға байланысты. Дегенмен, тарихшы Юлий Цезарьдың бейнесі мен оның құрған жүйесі арқылы көрсеткісі келген орталықтандырылған күшті демократиялық монархия туралы идеясынан көңілі қалғандықтан да тарихшының оны жазудан айнып қалуы ықтимал. Моммзеннің өзі болса бесінші томға жазған кіріспесінде монархияға қарсы республикалықтар күресінің қайнарларда және әдебиеттерде өте жақсы баяндалғандығынан бәріне белгілі деректерді қайталауды жөн көрмегенін айтады. Моммзен «Римнің тарихы» тақырыбына отыз жылдан кейін ғана қайтып оралып, бесінші томын жарыққа шығарды.
«Римнің тарихы» кітабы жарық көре салысымен, ғалымның жақтастары да, қарсыластары да пайда болды. Осыған орай К.Петера, В.Ине, К.Нича және басқа да авторлардың іргелі тарихи шығармалары жазылып, олар Моммзеннің кейбір қағидаларын жоққа шығарды. Айталық, неміс тарихшысы өз еңбегінде Римнің өркендеуі мен оның материалдық және рухани мәдениетіндегі этрусктардың рөлін елемей қойса, бүгінгі заманның тарихнамасы бұл халықтың ықпалына өте зор мән береді. Бүгінгі таңдағы этрускологтар мен ежелгі Римнің тарихшылары М.Паллотино, Э.Гьерстад және т.б. кеңінен тараған пікіріне сүйенсек, VІ ғасырда Рим тұтастай алғанда этрусктардың қаласы болған. Римдік полис пен римдік қалалардың қалыптасуы, патшалық Рим мәдениетінің гүлденуі де осы кезеңге сай келеді. Римге грек өркениетінің көптеген жетістіктері этрусктар арқылы келген.
Зады Моммзен тарихшы ғана емес, саясатқа белсене араласқан қоғам қайраткері де болды. 1848 жылы Кильге қайтып оралған ғалым дат билігіне қарсы көтеріліске қатысып, көшедегі шайқастардың бірінде жараланады. Төңкеріс жанышталған соң Кильеде қалу қауіпті болып, Момзенге Лейпциг университетінің шақыруын қабыл алуына тура келеді. 1851 жылы тағы да саяси шараларға қатысып, сөз сөйлегені үшін кафедрадағы жұмысынан босатылып, оған Цюрих, кейін Бреслау университетінде дәріс оқуға тиым салынады. 1858 жылы ол біржола Берлинге қоныс аударып, Фридрих Виль-
гельм университетінің ежелгі тарих факультетін басқарады. Бірақ Момзен қанша таяқ жесе де, ғылыммен бірге саясатпен айналысуын тоқтатпайды. 1861-1863 жылдары прус ландтагының, 1873-1879 жылдары герман рейхстагының депутаты болып сайланады. Сонымен бірге Моммзен біраз жыл бойы Берлин академия ғылымының хатшысы, шет ел академиясының мүшесі, Петербор Ғылым академиясының құрметті мүшесі де болды. 1880 жылдың 7 шілдесінде Моммзеннің үйі өртеніп, кітапханасы жанып кетті. «Римнің тарихы» атты іргелі еңбектің төртінші томы бүлінгенімен, толық жойылып кеткен жоқ. Сонымен бірге ол Пруссия және Рейхстаг Палатасы өкілдігінің депутаты болып та сайланды. Саяси көзқарасы тұрғысынан Моммзен ұлтшыл-либералдарды жақтады. Антисемитизмге қарсы сөз сөйлегенімен, «еврейлер мәселесінен» «герман ұлтының ассимиляциялануы» проблемасының шешілуін көрді. Славян халықтарына сенімсіздікпен қарап, чехтарды жабайыларға теңеді. Мысалы, 1897 жылы Австро-Венгрияда чех мәселесі шиеленіскен шақта, веналық Neue Freie Presse газеті Моммзеннің шовинистік рухта жазылған хатын жариялады. Үлкен дау-дамай туғызған хатында Моммзен «чехтардың бас сүйегі логика жасауға жарамаса да, ұруға жарап тұр» деген тұрғыдағы ұлтты қорлайтын сөздерді айтуға дейін барды.
Теодор Моммзен мен әйелі Маридің он алты баласы болды. Атасының есімін алған немересі Теодор Эрнст Моммзен
АҚШ-та аты шыққан профессор медиевист болды, Германияда қалған тағы бір немересі Вильгельм де атасының жолып қуып, тарихшылық жолды таңдады. Вильгельмнің балалары, ағайынды егіздер Ганс пен Вольфганг Моммзендер де әйгілі неміс тарихшылары ретінде қалың бұқараға танылды.
1902 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткер болғандар:
1. Хартман Гризар (1845-1932) – неміс жазушысы, тарихшы. Инсбрук университетінің құрметті профессоры болған. Дін мамандарының журналын ашқан. 1870 жылы басқыншылар жаулап алған Римнен Санкт-Андреге қашқан. Өмірінің соңғы жылдарында Германияда өмір сүрген.
2. Хьюстон Стюарт Чемберлен (1855-1927) – ағылшын-неміс жазушысы, әлеуметтанушы, философ, нәсілшілдік теориясының негізін салушылардың бірі. Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында Британияға қарсы мақалалар жазды. Неміс отандық партиясының мүшесі болды. Чемберленнің идеологиялық концепциялары кейіннен Гитлердің теорияларында көрініс тапты. Ұлтшыл Германияның көсемдері мен идеологтары Чемберленнің идеяларын жоғары бағалады. Ұлтшыл-социалистердің нәсілшілдік доктринасының негізінде осы идеялар жатыр деген де пікір бар. Айталық Йозеф Геббелтс оны «біздің рухымыздың атасы» деп атаған.
3. Бернард Бо́занкет (1848-1923) – ағылшын философы, саяси философия жөніндегі еңбектердің авторы және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ұлыбританиядағы саяси және әлеуметтік ғылым мәселелеріне байланысты ықпалды тұлға. Неогегелиандық философиялық қозғалыстың көсемі. Дүниетанымының қалыптасуына ежелгі грек философтары Платон мен Аристотель және Гегель мен Кант еңбектерінің ықпалы күшті болды. «Идеалды қоғам» туралы дербес теориясы бар.
4. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуіріндегі ағылшындардың аса көрнекті жазушысы. Кеңінен танымал шығармасы – «Өзімшіл» романы. Бұл туындысында суреткер жер қожайыны мен оның келінінің жан әлеміне психологиялық талдау жасайды. Шығармашылық жолын ақын ретінде бастаған. 1858 жылы әйелі оны тастап, бес жасар ұлын өзімен бірге алып кетіп, дүние салады. «Ричард Феверелдің басынан кешкендері» тұңғыш романының негізінде осы бір оқиға жатыр. Өмірінің соңында ағылшын әдебиетінің мэтрі болып мойындалды. Теннисоннан кейін Авторлар қоғамының президенті болды. Құрмет орденімен марапатталды.
5. Джон Морли (1838-1923) – ағылшын қайраткері, тарихшы, газет редакторы. Еңбек жолын журналист ретінде бастап, парламент мүшесі болып сайланады. Түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Империализм мен ағылшын-бурск соғысына қарсы сөз сөйледі. Оппозициялық көзқарасына байланысты биліктен кетуге мәжбүр болды. Негізінен ғылыми жұмыстармен айналысқан. Вольтер, Руссо, Дидро туралы монографиялар жазған.
6. Льюис Моррис (1833-1907) – ағылшындардың танымал ақыны. Алты рет Нобель сыйлығына ұсынылған. Елизавета ханшайымның мектебінде оқыған. Мектепте оқып жүрген кезінде байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алады. Кейін Оксфордта оқып, классиктердің еңбегін зерттейді. Адвокаттық қызметпен де айналысқан.
7. Арчибальд Робертсон (1853-1931) – ағылшын жазушысы, епископ, Лондондағы Ханшайым колледжінің жетінші ректоры. Заң ғылымдарының докторы болды.
8. Герберт Спенсер (1820-1903) – ағылшын философы және әлеуметтанушы. Эволюционизмнің негізін салушылардың бірі. Әлеуметтануда органикалық мектептің негізін қалаған. ХІХ ғасырдың аяғында ғалымның идеялары кеңінен танымал болды. Әлеуметтанудағы көзқарасы Сен-Симон мен Конт идеяларының заңды жалғасы болып саналады.
9. Ференц Кемен (1860-1944) – венгр жазушысы.
10. Карл Вейтбрехт (1847-1904) – неміс жазушысы, тарихшы. Штутгарт университетінің ректоры болған.
11. Герхарт Иоганн Роберт Гауптман (1862-1946) – жаңа драматургияның негізін салған немістің әлемге әйгілі жазушысы. 1912 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
12. Густав Фальке (1853-1916) – неміс жазушысы әрі ақын. Гете мен Байронның ізбасары болды. Жаңа заман ақындары Лиленкрон мен Фалькелердің поэзиясынан да тағылым алды. Немістердің таза ұлттық қаламгері. Әдебиет саласындағы жаңа ағымдарға еліктеген жоқ.
13. Теодор Цан (1838-1933) – неміс қаламгері, протестанттық теолог. Негізінен ұстаздық қызметпен айналысқан. Мектептерде, колледждерде сабақ берген. Өмірінің соңында Лейпциг университетінде дәріс оқыған.
14. Уильям Батлер Йейтс (1865-1939) – ирландықтардың күрескер ақыны, драматург. 1923 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
15. Венту́ра Ферна́ндес Ло́пес (1866-1944) – испан жазушысы, ақын, драматург. Дін қызметшісі болған. «Қарақшы» атты романы және «Ұйқы» деген поэмасы бар. Топед университетінің профессоры.
16. Гаспар Нуньес де Арсе (1832-1903) – испан ақыны, драматург, саяси қайраткер. 1901, 1902 және 1903 жылдары Нобель сыйлығына ұсынылған.
17. Хосé Эчегарáй-и-Эйсаги́рре (1832-1912) – испан драматургі. 1904 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
18. Джозуэ Карду́ччи (1835-1907) – италиялық ақын. 1906 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
19. Фогаццаро Антонио (1842—1911) – италиялық жазушы.
20. Бьёрнстьерне Мартиниус Бьёрнсон (1832-1910) – норвег жазушысы. 1903 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
21. Арне Гарборг (1851-1924) – норвегтердің натуралистік мектебінің романисі. Алғашқы романдары 1880 жылдары жарық көрді. Шығармалары ауыл мен қаланың қарым-қатынасы арасындағы проблемаларға, норвег зиялыларының қалыптасуының қиын кезеңіне арналды. «Жастық» және «Азаматтар» романдарында ХІХ ғасырдың аяғындағы норвегтердің әдеби ортасының өмірі суреттелген. Гарборг неміс әдебиетінің дамуына қатты ықпалын тигізді. «Шаршаған жандар» туындысы жазушының негізгі шығармасы болып саналады.
22. Генрик (Хенрик) Юхан Ибсен (1828-1906) – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы норвегтердің ең әйгілі драматургі. Еуропалық жаңа драманың негізін салушы. Ең атақты пьесасы «Қуыршақтардың үйі». Ибсеннің драмалары әлі күнге дейін әлемдік театр сахналарында қойылып келеді. Туындыларының негізінде көптеген фильмдер де түсірілді.
23. Генрик Сенкевич (1846-1916) – тарихи романдарымен әлемге танылған поляк жазушысы. 1905 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді.
24. Анатолий Фёдорович Кони (1844-1927) – ресейлік заңгер, сот, мемлекет және қоғам қайраткері.
25. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) – әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушы шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді.
26. Юхани Ахо (1861-1921) – фин жазушысы, журналист, аудармашы. «Темір жол», «Юха» романдарының авторы.
27. Марсель Барриер (1860-1954) – француз жазушысы, романист және эссеист.
28. Шарль Вагнер (1852-1918) – француз жазушысы, «Әділеттілік», «Қарапайым өмір» атты туындылары бар.
29. Эмиль Золя (1840-1902) – әлемге әйгілі француз жазушысы. Әдебиеттегі натуралистік қозғалыстың теоретигі және көсемі. Елу томға жуық әдеби мұрасы бар. Романдары, повестері мен әңгімелері әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.
30. Фредерик (Фредери) Мистраль (1830-1914) – провансалдық ақын. 1904 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
31. Гастон Пари (Парис) (1839-1903) – Орта ғасыр әдебиетін зерттеген (1858 ж) ғалым.
32. Поль Сабатье (1858-1928) – француз жазушысы әрі тарихшы.
33. Александр Баумгартнер (1841-1910) – швейцариялық ақын.
Амангелді КЕҢШІЛІК