Былтыр Microsoft компаниясы Microsoft Translator тілдер тобына қазақ тілінің қосылғанын ресми түрде хабарлаған болатын. Сондай-ақ, биыл ақпан айында қазақ тілінің Microsoft Teams платформасына енгізілгені белгілі болды. Соңғы екі жылда өз өнімдерін қолдану тілдері қатарына қазақ тілін енгізіп жүрген бұл алпауыт компанияда отандасымыз
Алмас Мырзатай жұмыс істейді. Microsoft-тың Атланта қаласындағы кеңсесінде инженер-программист болып қызмет ететін Алмас оған дейін әйгілі Porshe компаниясында еңбек еткен. Жұмысынан қолы қалт еткен уақытта Абайдың шығармаларын ағылшын тіліне аударып жүрген, алдағы уақытта бағдарлама жасақтау бойынша қазақ тілінде курс ашқысы келетін Алмасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
Біздің анықтама:
Туған жылы: 1995
Туған жері: Алматы
Білімі: Эмори университеті, Джорджия технология институты (АҚШ, Атланта)
Қызметі: Microsoft компаниясының Атланта қаласындағы кеңсесінде инженер-программист
– 8-сыныпты аяқтаған соң, Алматыдан Америкаға оқуға жалғыз аттанып, мектепті сонда аяқтапсыз. Америкаға белгілі бір бағдарлама бойынша барып, қалып қойдыңыз ба, әлде оқушыларға арналған грант ұтып алдыңыз ба?
– Негізі, мен – Алматының тумасымын, бірақ мен туған соң жиырма күннен кейін ата-әжем мені өз қамқорлығына алған. Бізде әдетте ата-әжелер тұңғыш немересін бауырына басады ғой. Сөйтіп, мен де Жезқазғанда сол кісілердің тәрбиесінде болдым. Сосын Алматыға келіп, 7-сыныпқа дейін №146 мектепте оқыдым. Кейін Жезқазғанға қайта барып, онда қазақ-түрік лицейінде екі жыл оқыдым. 8-сыныпта оқып жүргенде сынып жетекшім Азамат ағай бір жыл оқуды Америкада жалғастыру мүмкіндігі бар екенін айтты. Шыны керек, әдепкіде шетелде оқуды армандамадым. Ағайдың бұл айтқанына дұрыс мән бермедім. Оның үстіне, ата-анама айтуға жүрексіндім. Өйткені америкалық мектептегі бір жыл оқудың ақысын төлеу керек болды. Кейіннен мұндай мүмкіндіктің бар екенін өзгелерден естіген олар оқуыма қаржы жағынан көмектесетіндерін айтып, алаңдамай оқып келуіме қолдау білдірді. Десек те анам басында мені жалғыз жіберуге қорықты. Атам мұндай мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау керек екенін айтып, ақыры анамды көндірді. Бұған қоса, бұл қазақ-түрік лицейімен тығыз байланыс орнатқан мектеп болғандықтан, ай сайын стипендия төленетін болды. Сөйтіп, 14 жасымда Америкаға оқуға келдім. Алғашқы оқу жылында қосымша курс алып, түрлі клубтардағы жиынға қатыстым. Бұдан бөлек, штат деңгейінде, әлемдік олимпиадаларға қатыстым. Сондай-ақ, мектепте робот құрастыру сыныбын аштым. Үлгерімім өте жақсы әрі мектепте белсенді болғандықтан, мектеп әкімшілігі маған тағы бір стипендия тағайындап, оқуды осы жерден аяқтауыма мүмкіндік берді.
– Университет бітіре сала әлемдегі ең ірі автокөлік өндірушілердің бірі – Porshe компаниясының бас кеңсесіне жұмысқа тұрыпсыз...
– 4-курста оқып жүргенде жүзден астам компанияға түйіндеме жібергенмін. Бірақ ешқайсысынан жауап келмеді. Оның үстіне, ол кезде президент болған Дональд Трамп иммигранттардың, шетелдік студенттердің Америкаға көптеп келуіне қарсы еді, сондықтан бірден жұмыс табу қиын болды. Оған қоса, ол уақытта университетте компьютерлік бағдарламалау бойынша зерттеу жүргізетін зертханада және жатақханада тәрбиеші болып жұмыс істедім. 1-курс студенттеріне бағдарлама жасақтаудың қыр-сырын үйретіп, сұхбат ұйымдастыруға жауапты болдым. Бұдан бөлек, оларға бір жыл бойы студенттік өмірге төселуге, дұрыс курс таңдауға, емтиханды ойдағыдай тапсыруға көмектестім. Сөйтіп жүргенде бір күні бір топ адам жыл сайын ұйымдастырылатын жұмыс жәрмеңкесіне бардық. Бұл жәрмеңкеге қатысатын ірі компаниялардың көбі шетелдік студенттерді жұмысқа алмайды, Porshe де солардың қатарында. Мұны білген мен Porshe-нің өкілдеріне түйіндемемді тастау бекер деп ойладым. Бірде досым Porshe-нің әлгі өкілдері көпшілікке сый ретінде ойыншық кішкене көлік таратып жатқанын айтты. Естелік болсын, ала салайық деп олардың қасына барып, әлгі сыйлықты біз де алдық. Сол кезде мүмкіндікті пайдаланып, Porshe-нің рекрутерімен сөйлесіп, түйіндемемді тастап кеттім. Бірақ әлгінде айтқандай шетелдік студенттерді қабылдамайтынын ескеріп, олардан жауап күтпедім. Екі апта өтер-өтпес уақытта әлгі рекрутер қоңырау шалып, кадр бөліміне хабарласуым керек екенін айтты. Сөйтіп, ұзаққа созылған, төрт кезеңнен құралған процесс басталып кетті. Бірақ мен ол кезде тұңғыш дербес компьютерді ойлап тапқан ІВМ компаниясына да құжаттарымды тапсырып, жұмысқа тұруды көздеп жүргенмін. Сол уақытта ІBM өкілдері презентация жасау үшін мені Чикаго қаласына жіберген еді, бірақ олар жұмысқа алатынын-алмайтынын мамыр айында нақты айтамыз деген болатын. Ал наурыз айында төртінші кезең аяқталған бойда Porshe-нің өкілдері хабарласып, жұмысқа қабылдауға әзір екенін, екі-үш күнде жауап беруім керек екенін айтты. Оларға басқа компанияның жауабын күтіп отырғанымды айтып, бастапқыда онда жұмыс істеуден бас тарттым (күліп). Сосын екі күннен соң кадр бөлімінен қайта хабарласып «Жасаған презентацияңыз менеджерге қатты ұнады. Қажет болса, сізді мамырға дейін күтеміз» деді. Сөйтіп, мамыр айы келгенде ІВМ өкілдері барлығы маусым айында нақты белгілі болатынын айтып, уақытты созып жүрді. Ақырында ол жұмыстан бас тартып, Porshe компаниясына жұмысқа тұрдым.
– 2020 жылғы 3 маусым күні Microsoft әкімшілігі қазақ тілінің Microsoft Translator тілдер тобына қосылғанын хабарлап, Microsoft Translator-дың блогында «Қазақ тілі, қош келдің! (Welcome, Kazakh!)» деп жазба жариялаған болатын. Сондай-ақ, биыл ақпан айында қазақ тілінің Microsoft Teams платформасына кіріктірілгенін мәлімдеді. Мұндай кезде қазақ тіліне қатысты жаңалықтарды бірінші еститін боларсыз?
– Негізі, Microsoft – үрім-бұтағы алып бәйтеректің тамырындай тарам-тарам болып кеңге жайылған компания. Мысалы, Microsoft-тың бір тарамы – Microsoft Оffice-тің Word, Excel, PowerPoint және OneNote сияқты бағдарламалары күн сайын жаңарып отырады. Одан бөлек, күніне поштаға бес жүзден астам хат келеді. Мұның барлығын қарауға, бақылауға уақыт таба алмайсың. Айына бір рет дивизиялар, соның ішінде белгілі бір өнім әзірлеуге жауапты командалар үлкен жиналыс өткізеді. Бұл жиында әр команда өз бағыты бойынша атқарған жұмысын пысықтап, алдағы уақытқа жоспар құрып, болжам жасайды. Сол себепті Microsoft-та қазақ тіліне қатысты жаңалықтарды бірінші естимін деп айта алмаймын.
– Жеке сайтыңызға кіргенімде латын әліпбиіне ауыстыратын Qazconverter бағдарламасын жасағаныңызды байқадым. Бірақ қазір бұл бағдарлама істемейтін секілді. Мұндай жобалар аса қажет уақытта мұны ары қарай дамытуға неге тырысып көрмедіңіз?
– Мен бұл бағдарламаны екі жыл бұрын елде латын әліпбиіне ауысу енді-енді талқыланып жатқанда жасағанмын. Сол уақытта веб-сайт жасаудың қыр-сырын үйреніп жүрген едім. Сосын өзім де бірдеңе үйренейін, өзгелерге де пайдасы тисін деп осы бағдарламаны әзірледім. Бірақ мен мұны латын әліпбиінің ескі нұсқасы бойынша әзірледім. Сол кезде бұл жобам көпшілікке анау айтқандай жаңалық болмады, ешкімнен қолдау таппады. Бұған қоса, ол уақытта латын әліпбиіне түгелдей ауысу мүмкін еместей көрінді. Бірақ мен Qazconverter-ді бір ай бойы дамытуға тырыстым. Instagram-да Qazconverter-дің атынан арнайы бот-парақша ашып, ол ботты арнайы енгізілген хэштегтер арқылы қолданушылардың парақшасындағы суреттеріне лайк басып, пікір қалдыратындай етіп жасап қойдым. Кейіннен оны Instagram жауып тастады. Өйткені бұлай жасау – дұрыс емес. Сосын мен де Qazconverter-ді жабуыма тура келді. Жұмыс пен оқуды қатар алу қиынға соғып жүрген уақытта басқа маңызды бағдарламаны құрастыру, оны дамыту оңай емес. Жалпы, бағдарлама жасақтау бойынша орыс және қазақ тілінде онлайн курс жасауға бұрыннан қызығып жүрмін. Магистратураны аяқтаған соң, осы істі шындап қолға алуды жоспарлап отырмын.
Алмас ата-әжесімен бірге[/caption]
– Сөз соңында өзіңіз секілді жастайынан білім, ғылым жолын қуып жүрген оқушыларға не айтасыз?
– Уақытыңызды қадірлей біліңіздер деймін. Өз басым уақытты өте қадірлеймін. Өйткені біздегі ең қымбат зат – уақыт. Сосын мектеп оқушыларына айтарым – кітапты көптеп оқыңыздар. Үй тапсырмасы ретінде үзіндісін ғана оқуға беретін шығармалардан бөлек, өзге кітаптар оқыңыздар. «Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтпайды. Сосын тағы бір маңызды жайт, біреудің жетегіне ермей, айтқанына көнбей, күндіз-түні, жатса да, тұрса да ойынан кетпей, қызығушылығы орасан сала бойынша оқыңыздар дегім келеді. Түсінемін, мектеп қабырғасында жүргенде болашағыңды қай саламен байланыстырғың келетінін анықтау қиын. Десек те белгілі бір салаға құштарлығың артып, ұмтылып тұрғаныңды түсінген сәт келгенде оны уыстарыңызға мықтап ұстап алып, әрмен қарай дамыта беріңіздер. Ойыңыз бен бойыңызға сай келмейтін сала бойынша жұмыс істеудің қажеті жоқ. Мысалы, бізде экономика бойынша төрт жыл білім алып, ақыр аяғында басқа мамандық бойынша жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Олардың жұмысына ынтасы жоқ екені жүзінен-ақ көрініп тұрады. Ештеңеге қызықпайтын олар таңертең сағат тоғыздан кешкі беске дейін алтын уақытын бекерге өткізіп жүреді. Сол себепті осындай күйге түспес үшін мектепте оқып жүргеннен бастап өз салаңызды адаспай тауып алуға тырысыңыз.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ