Азат елдің армиясы − тәуелсіздік тірегі

Азат елдің армиясы − тәуелсіздік тірегі

Азат елдің армиясы − тәуелсіздік тірегі
ашық дереккөзі
Армия − елдің айбыны. Мемлекет тұтастығы мен қауіпсіздігінің ең басты кепілі. Демек, елдің Қарулы күші қаншалық мықты болса, сол елдің өсіп-өркендеуі мен дамуы да соншалық қалыпты жағдайға айналады. Сондықтан өзге елдер сияқты Қазақстан үшін де әскери күштердің маңызы ерекше.  width= Іргетасы осыдан 30 жыл бұрын қаланып, кейін айбарлы армияға ай­налған Қазақстан Қарулы Күштері тәуелсіз Отанымыздың тірегіне айналды. Қазір ол құрлықта және теңіз бетінде он бес жарым мың шақырымға жуық шек­арамызды кірпік қақпай күзетіп, қорғап тұр. ­­Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он­жыл­­дығында жүз берген оқиғалар күллі әлем­де жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті. Күн сайын болып жатқан өзгерістердің соңы КСРО атты алып империяның шаңы­ра­ғын шай­қалтып, оны әбден тұралатты. Осын­дай кез­де ел болашағын ойлаған Қа­зақстан бас­шылығы да бұдан әрі тәуелсіз дер­бес саясат жүр­гізу қажетін терең сезінді. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесінің қаулысымен Мем­­лекеттік егемендік туралы декларация қа­­былданды. Декларацияда Қазақ КСР-інің мем­­лекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқық­тық тәуелсіздігінің бағдар­ла­масы берілді. Сон­дай-ақ, аса маңызды бұл тарихи құ­жатта «Президент − Республи­ка­ның бас­шы­сы, ең жоғарғы әкімшілік-ат­қарушылық би­­ліктің иесі ретінде таныла отырып, Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурстар, халықтың мәдени және тарихи қа­зыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-те­х­никалық әлеует Республика егемендігінің не­гізін құрай отырып, оның ерек­ше мен­шігінде болатыны» көрсетілді. Осын­дағы ең маңызды − «Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі мен Пре­зидентке бағынатын, со­лардың бақы­лауында болатын өз ішкі әс­керлерін, мем­ле­кеттік қауіпсіздік және ішкі істер орган­дарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» де­ген пункт болды. Бұл бүгінгі Қазақстан Қарулы Күш­те­рін құрудың ең ал­ғашқы қа­дамы еді. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Пре­зидентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мем­лекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін еліміздің қорғаныс саласы толық түрде өз қолымызға тиюіне байланысты, аталған құрылым Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Ал еліміз толық тәуелсіздігіне қол жеткіз­геніне жарты жылдай уақыт өткенде 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің барлық мүлкімен еліміздің қарауына өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы міндеті Қазақстан Президентіне берілді. Ал еліміздің қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайын­далды. Солайша 1992 жылы 7 мамырда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қарулы Күштерінің құрылғанын заңды түрде бекітті.  width= 2003 жылы Құрлық күштерінің өңірлік қол­басшылықтары құрылды. Ол мынадай төрт өңірлік қолбасшылықтан тұрады: «Астана» өңірлік қолбасшылығы (Ақмола, Қа­рағанды, Қостанай және Солтүстік Қа­зақстан облыстарының әкімшілік ше­кара­сында орналасқан. Қолбасшылық штабы Қара­ғанды қаласында), «Шығыс» өңірлік қол­басшылығы (Шығыс Қазақстан және Пав­лодар облыстарының әкімшілік ше­кара­ларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Семей қаласында), «Батыс» өңірлік қол­бас­шылығы (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Атырау қаласында), «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығы («Оңтүстік» Алматы, Жам­был, Түркістан және Қызылорда облыс­тарының әкімшілік шекараларында орна­лас­қан. Қолбасшылық штабы Тараз қаласында). Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағынысты бөлімдер мен Әуе қорғанысы күштері әскерлерінен басқа аумақтық бөлініс шегінде орналасқан әскери бөлімдер кіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің 7 мамыр 2003 жылғы жарлығына сәйкес құрыл­ған Әскери-теңіз күштерінің негізгі әс­кери қимыл аудандары – Каспий теңізі ше­кара аймақтары. Ал уақыт жағынан бәрінен бұрын, 1998 жылы 1 маусымда құрылған Әуе қорғанысы күштері Қазақстан Республикасының әуе ше­бі қорғанысын қамтамасыз етіп, Мем­лекеттік, әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылынан қорғау және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа құрылымдарына авиациялық көмек көрсету міндетін орындайды. Қазақстанның Қарулы Күштері − Қа­зақ­стан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күш­тердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әс­кери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қам­тиды. Соғыс уақытында құрамына Қор­ғаныс министрлігіне қарайтын әскер түр­лерiнен басқа Ішкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң ше­кара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және ау­мақ­тық қорғанысты басқару мен құру орган­дары кiредi. Әскери мамандар даярлау – стратегиялық мәні бар іс Бүгінгі армияны жасақтау Қарулы Күштер қа­тарын сарбаздармен толтырып, оларды то­лық қаруландырумен ғана шешілмейді. Әс­керді құрылымдау, жаттықтыру, дайындау, әс­кери арнаулы маман иесі етудің бәрі ар­найы мамандардың қатысуынсыз ше­шіл­мейді. Бұл тұрғыдан алғанда, елімізде әскери ма­мандар даярлайтын арнаулы оқу орын­дарының барының қайта құрылымдалып, жоғының ашылуы заманға сай жан-жақты жетіл­ген армияға ие болу үшін атқарылған маңызды шаруа. Кеңестік кезеңде елімізде бірлі-жарым әс­кери оқу орындары болғанымен, онда қа­зақ­тардан әскери мамандардың мүлде аз дайын­далғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерін құрған шақта оны жер­гі­лік­ті ұлт өкілдерінен шыққан әскери ма­ман­дармен толықтыру оңайға соқпады.  width= Барлық саладағы әскери мамандарды даярлайтын орта және жоғары арнаулы әс­кери білім беретін оқу орындарының мін­детіне еліміздің Қарулы Күштеріне қажетті командирлер, тәрбиешілер мен әлеуметтік-құқық саласының кызметшілері, инженер-тех­никтер, т.б. арнаулы мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, әскери білімін көтеру, дайындықтарын жетілдіру жатады. Әскери оқу орындарында әскери басшылық саласына маманданып, жалпы тактика мен арнаулы әскер түрлерінің тактикасын оқып үйренеді, қару мен әскери техниканы мең­геріп шығады. Бұдан басқа қоғамдық ғы­лым­дарды оқып игеріп, әскери педагогика мен әскери психологияны, армиядағы саяси-ұйым­дастырушылық жұмыстарын меңгереді. Тәуелсіздіктен бергі жерде Қазақстанда көп­теген әскери оқу орындары Қарулы Күш­терімізге керекті маман даярлаумен табысты түр­де айналысып келеді. Соның бірі − Алма­ты жоғары әскери академиясы. 1918 жылы Түркістан әскери округінің училищесі ре­тін­де ашылған бұл оқу орны 1969 жылы Орта Азия әскери округінің училищесі, 1970 жыл­дан Маршал И.Конев атындағы Алматы жо­ғары әскери училищесі аталды. Кейін 1997 жы­лы 11 ақпанда Алматы Жоғарғы әскери ака­демиясына айналдырылды. Ал 2002 жылы Әскери академияның орнына Құрлық әс­ке­рінің институты мен Ұлттық қорғаныс әс­кери университеті атты екі жоғары әскери оқу орны пайда болды. Құрлық әскерлерінің әскери институты құрлық әскерлері мен әуе десанттары үшін командирлер дайындаса, Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті − Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университеті әскери саланың барлығын қам­титын тоғыз факультеттен тұрады. Олар­да магистратура бағдарламалары бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және же­дел-тактикалық басқару буынының әске­ри кадрларын даярлайды. Сонымен әскери кадр­ларды қайта даярлап және біліктілігін арттырады, іргелі және қолданбалы әскери-ғылыми зерттеулер жүргізеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметі акаде­мия­сы арнаулы, көпсалалы оқу орны. Онда ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел, техникалық және басшы қызметкерлерін дайындайды. Сондай-ақ, мамандарды қайта дайындау және біліктілігін арттыруды да міндетіне алады. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Би­гел­динов атындағы Әуе қорғаныс күш­терінің әскери институты – еліміздегі авиа­ция мамандарын даярлайтын әскери жоғары оқу орны. 1974 жылы ашылған. Институт Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жы­лы 4 маусымдағы № 688 «Ақтөбелік жо­ғары азаматтық ұшқыш авиацияны Кеңес Ода­ғының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атын­дағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына ауыстыру туралы» қаулысымен құрылған. Сонымен қатар бұл білім ордасы Ұжым­дық қауіпсіздік келісімі ұйымы мүше мем­лекеттерінің Қарулы Күштеріне әскери кадрларды бірігіп даярлайтын оқу орын­дар­дың тізіміне қосылған.  width= Әскери-теңіз институты − ҚР ҚМ Жоғары әс­кери-теңіз училищесі ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 1 наурыздағы №314 қаулысына сәй­кес Ақтау қаласында кәсіби-техникалық мек­тептің базасы негізінде құрылған. ҚР Үкі­меті 2003 жылдың 10 шілдесі №684 «ҚР ҚМ кәсіби білім беру әскери-оқу мекеме­лерінің атын ауыстыру туралы» қаулысымен «Әскери-теңіз институты» мемлекеттік ме­кемесі болып өзгертілді. Еліміздегі өз сала­сын­дағы бұл жалғыз ЖОО Әскери-теңіз күш­­тері мен ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бө­лімдері кемелері мен жағалау бөлім­дерін­дегі, сонымен бірге теңіз кемелерінде, ішкі жүзу кемелерінде және ҚР азаматтық флоты­ның өзен-теңіз жүзу кемелеріндегі қызметке ар­налған мамандарды, сондай-ақ кемелерді жүр­гізу, кеме байланыс құрал-жабдықтары, ке­ме іштен жану қозғалтқыш­тары мен электр құрал-жабдықтары маман­дарын даяр­лайды. Бүгінгі армия заманауи әскери үрдістер­ден шет қалуға болмайды. Сондықтан әскери бай­ланыс пен әскери инженерия саласы да­мымаған армия әлсіз саналады. Осыны ерте бастан ескерген еліміздің әскери саласына жауапты тұлғалар қазақ Қарулы Күштерін құрғаннан бері бұл салаға мықтап назар ау­дарды десе де болады. 1995 жылы Азаматтық авиация академия­сы жанынан әскери факультет ашу туралы шешім қабылданды. Әскери факультет ұшуды радио­техникалық қамтамасыз ету маманды­ғы бойынша мамандар даярлауда ерекше рөл атқарды. 2001 жылы 15 қазанда Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің №1330 қаулысымен Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери факультет толыққанды әскери жо­ғары оқу орнына айналып, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инсти­туты (РЭжБӘИИ) жаңадан құрылды. Солай­ша, бұл оқу орны қазіргі күнде Орта Азия елдеріндегі радиотехникалық мамандықтар бойынша офицер-инженерлер даярлайтын тұңғыш және жалғыз әскери жоғары оқу ор­ны болып отыр. Елімізде бұлардан басқа Қазақстан ІІМ Ішкі әскері Петропавл жоғары әскери инс­титуты, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет кор­пусы секілді білім ордалары мен жоғары оқу орындары жанындағы офицерлер даярлай­тын әскери кафедралар, курстар бар. Елорда­дағы армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан», Алматыдағы Бауыржан Мо­мышұлы атындағы және Қарағанды, Шым­кент қаларындағы әскери бағыттағы орта арнаулы мектептер де болашақ әске­ри­лер дайындауға мол үлестерін қосып жатыр. Қысқа мерзім ішінде өз Қарулы күштерін құрып қана қоймай, оған керекті мамандарды дайындайтын әскери оқу орындарын қалып­тастыру − Қазақстан Республикасының бұл саладағы жетістіктерін паш етсе керек. Армияның күші қарулану деңгейінде Қазақстанда кеңестік дәуірде үлкен әс­кери күш шоғырланған-ды. КСРО тараған шақ­та елімізде 200 мыңнан астам жеке құра­мы бар қуатты арсеналға ие және сол тұстағы жоғары техникамен қаруланған армия бар еді. Бұлардан басқа Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш ай­лағы, бірнеше әскери қару-жарақ қоймасы болды. Қазақстанда мұншама әскери күштің шо­ғырлануына өткен ғасырдың екінші жар­тысында КСРО мен Қытай арасында болған қақтығыс себеп болып, шекараны нығайтуға қатты мән берілген-ді. Сондықтан Қазақ­стан­да 68, 80, 155, 203-мотоатқыштар дивизиясы, 78 танк дивизиясы, 22 арнаулы бригада, 57 арнаулы десанттық бригада тұрды. Сонымен бірге жерімізде әрбірінде 48 оқ тұм­сығы қойылған үш дивизиядан тұратын КСРО-ның Стратегиялық зымыран арнаулы кешендері, 240 қанатты зымырандармен жарақтанған, 40 Ту-95 ұшағынан тұратын бомбалаушы 79-авиация армиясы, Се­мейдегі 1350 танкке ие 5202-танк диви­зия­сы бар болатын. Мұның сыртында 5203, 5204-әскери қоймаларда мыңдаған түрлі қару-жарақтар, артиллериялық қарулар бол­ды. Ал еліміздің оңтүстік облыстарында төрт мотоатқыштар дивизиясы, Талдықорған мен Аягөздегі әс­кери ұшақ базалары болды. Міне осының бәрі Кеңес Одағы тарағанда елімізде қалған еді. 1989 жылы Ауғанстаннан шы­ғарыл­ған 40-ар­мия да Қазақстанға орна­лас­қан-ды. (Оның үстіне Кеңес Одағының ядролық оқ тұмсық­ты арсеналдары қазақ же­рінде қалды). Он жылдық ауған соғысын бастан өткер­ген 40-армия сол елден шығарылып, Қазақ­станға орналастырылған соң 32-армия бо­лып қайта құрылып, оның командованиесі Ал­матыда еді. (Ол кезде Орталық Азиядағы бар­лық қарулы күштер штабы Ташкент қа­ласында орналасқан Түркістан әскери окру­гіне қарайтын). Міне осы армияның коман­дирі (кейін ҚР Қорғаныс министрінің орын­басары болған) Анатолий Семёнович Рябцев 1992 жылдың ақпан-сәуір айларында ТуркВО қолбасшылығы мен оның командирі генерал-полковник Г.Кондратьевке бағыныш­ты­лы­ғын тоқтататынын, бұдан былай тек Қа­зақ­стан Президенті Н.Назарбаевқа бағынатынын айтып жеделхат жіберді. Сөйтіп Ауғанстаннан шық­қан армия Қазақстанның Қарулы Күш­те­рінің құрамына алынып, кейін тара­тылды. Міне, Қазақстанның Қарулы Күштері құры­лар алдында елдегі әскери күштің сал­ма­ғы осындай еді. Бірақ таратылған армия­ның орнына өз қарулы күштерін құрып, әс­кери мамандарды өз күшімен даярлай бас­та­ған Қазақстан аз ғана уақытта көздеген мақ­­сатына жетті.  width= Әрине, ел басшылығы КСРО-дан мұраға қал­ған ядролық арсеналдан бас тартты, де­генмен сол кездегі елімізде қалған әскери қару­лар өз армиямызды жабдықтауға пай­даланылды. Бірақ уақыты өткен қарулардың орнын жаңа қарулармен толықтырып, заманға сай жарақтануды мақсат еткен елдің армиясы бүгінде үлкен әскери әлеуетке ие. Елімізде 6 жарым миллиондай адам әс­керге жарамды деп танылған, ал жыл сайын 250 мыңнан аса жастар әскерге шақыру жа­сына толады. Қазір Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштеріне бө­лінген Қазақстан армиясы қатарында 110 мың­ға жуық адам әскери қызметін өтеп жатыр. Қазақстан Республикасы қорғаныс сала­сына 2006 жылы 80,5 миллиард теңге бөлсе, 2016 жылы ол 434,1 миллиард теңгеге жет­кен. Ашық мәліметтерге көз салсақ, Қазақстан ар­миясында жеті жүздей танк, мың жарым­нан аса жаяу әскерге арналған ұрыс көліктері, жеті жүздей барлау көліктері, мыңға жуық сүйрелмелі және өзі жүретін артиллерия, төрт жүздей дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын жиырмадай кеме, үш жүзге жақын ұшақ (оның үштен бірі тосқауылшы жойғыш ұшақ), екі жүздей шабуылдаушы жойғыш, бомбалағыш ұшақ, жетпістей жүк ұшақ, тікұшақ, жиырмадан аса оқу-жаттығу ұшағы, шабуылдаушы тікұ­шақ­тар бар. Бұлардан басқа Испаниядан алынған әскери жүк ұшақтары, Ресейден әкелінген Су-30СМ, Ми-17, Ми-171 ұшақтарын да ай­тып өтсек болады және ресейлік бірнеше С-300 зенитті-зымыран кешені бар. Global Firepower халықаралық ком­па­ниясының осы жылдың басындағы зерттеуіне сәйкес, 138 елдің ішінде Қазақстан әскери әлеуе­ті жөнінен 62-орында тұр. Басылым қор­ғаныс шығындарының деңгейі, техно­ло­гиялар мен жабдықтардың арсеналы, армия саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа әскери техниканың саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және ұрысқа әсер ететін басқа мәліметтерге қатысты 50 фактор негізінде бағалаған көрінеді. Бүгінде елімізде қорғаныс өнеркәсібі де дамып келеді. «Қазақстан Аселсан Ин­жи­ниринг», «Семей Инжиниринг» АҚ, С.Киров атын­дағы зауыт, «Гранит-Талес Электроникс ЛТД» БК, «Орал» кеме зауыты, Kazakhstan Paramount Engineering бірлескен кәсіпорын­дары бар. Оларда жасалып шыққан отандық «Арлан» бронемашинасы, танктер мен әскери кемелер еліміздің Қарулы Күштерін жабдық­таумен шектелмей, өзге елдерге де сатылып жатыр. Бұл Қазақстанның болашақта қару жасау саласында күшейіп, әскери жағынан мықты елге айналуына әкелуі бек мүмкін. Сосын ерекше бір айта кететін нәрсе − қа­зақ армиясының БҰҰ бітімгерлік миссия­сы­на қатысуы. Шын мәнінде, мұндай халық­аралық мәні бар миссияларға кез келген елдің әскері жіберіле бермейді. Бұл жөнінен қа­зақ армиясы әзірге Орталық Азиядағы жал­­ғыз мемлекет. Кезінде ауған-тәжік ше­кара­сында өз миссиясын ерлікпен атқарған қазақ сарбаздарының батырлығын күллі әлем таныды. 2003 жылдан бастап бес жыл­дай уақыт Иракта соғыс болған жерлерді ми­надан тазарту, жергілікті халықты сапер­лікке үйрету т.б. жұмыстарды шеберлікпен ат­қарып, 4 миллионнан аса жарылғыш зат­тың көзін жойған, өзге де елдерде болып, бі­ліктіліктің жоғары дәрежесін көрсеткен қа­зақ әскерилерінің табысы мақтаныш етуге тұрарлық. 30 жылдық белестен бір қарағанымызда, құрлықта және теңіз бетінде он бес жарым мың шақырымға шамалас шекарасын толы­ғымен даусыз бекітіп алған Қазақстан Рес­публикасы бүгінде азат Отанның ты­ныш­тығын қорғап, халқын барлық қауіп-қатер­ден сақтап, әлемдік үдеріспен бірге дамып ке­леді. Ал сол табысқа жету жолында елі­міз­дің Қарулы Күштерінің төккен тері мен жұм­саған қажыр-қайраты өлшеусіз.