Айтылды – орындалды
Айтылды – орындалды
Бұл бастама халықпен кері байланыс орнатудың өте тиімді жолы деп айтуға болады. Себебі қазіргі кезде әлем бойынша уақыт тапшылығы қатты байқалады. Ғалымдар мен сарапшылар адамдардың бұрынғыдай ұзақ мәтіндерді оқуға, баяндамаларды тыңдауға уақыты ғана емес, құлқы да аса бола бермейтінін айтуда. Оған ақпараттың көптігі себеп болып отыр. Әкімдер мен шенділердің есеп беру жиындарына көп адам жиналмайтыны жасырын дүние емес. Оған қоса, қазір ақпарат таратудағы әлеуметтік желінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда да, бастама өте тиімді деп айтуға болады. Бұл жобаны әрі қарай министрлер, әкімдер де қолға алса, артық болмайтыны анық. Яғни бұл – есеп берудің ұтымды, заманға сай бейімделген кішігірім түрі деп айтсақ, жаңылыспаған болар едік.
Жазбалардың барлығы талқылау, пікір білдіру үшін ашық екенін де қоса кеткен жөн. Жоғарыда бастаманың екі тиімді тұсын айтып өттік. Үшіншіден әлеуметтік желіде кез келген адам өз ойын, ұсынысын немесе келіспеушілігін я наразылығын ашық жазып пікір қалдыра алады. Оған қоса, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіде сағаттап отыратыны белгілі жайт. Айдар бойынша жарияланған жазбаларға айтылған пікірлерді шолып шығып, мәселеге қатысты өз ойын немесе мәселенің толыққанды орындалып-орындалмағанына пікір айтушылар да кездесетінін байқадық. Яғни, бұл жерде халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы еліміздегі ақ жағалылар халықпен кері байланыс орнату мәселесіне аса көңіл бөлмейтіні айтылып та, жазылып та келеді. Ақорданың бұл бастамасы басқаларға да қозғау болады деген үміт жоқ емес. Жазбаларда, сонымен қатар, бала құқығы сияқты қоғамдағы ең басты әрі өзекті мәселелер де қамтылған. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңінде» кәмелетке толмаған балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылғанымен, проблеманың әлі де болса ушығып тұрғаны айтылды. Сондықтан мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейілінше қатаң жазалануы керек екені туралы нақты тапсырма берілген болатын. Ал жазбада мұндай қылмысқа барғандарға қарсы санкция күшейтілгені, қаралатын қылмыстар ауқымы кеңейгені, қылмыскерлер қауіпсіздігі жоғары түзету мекемелерінде жазасын өтеуге міндеттелгені, жеңіл жазаға немесе жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға тыйым салынғаны жазылған. Енді мұндай қылмыс алқабилер сотының қарауына берілмейтін болды. Одан бөлек 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне берілген тапсырмалардың орындалғаны туралы да мәліметтер жарияланыпты. Президент мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың шеберлік-жоспарларын жұртшылықпен жүйелі түрде талқылауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Туризм және демалыс орындарын дамыту мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің анықтығын қамтамасыз ету мақсатында қазір 13 ұлттық парктің жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы облысындағы Шарын, Алтынемел, Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің экологиялық туризмін дамытудың тұжырымдамалары әзірленді. Оның ішінде, туристік бағдарлар мен жолдарды дамытуға; күрделі құрылыс жұмыстарынсыз-ақ туризм нысандарын салуға; заманауи қарсы алып, шығарып салу орталықтарын, қазақ ауылдарын, керуен сарайларын салу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Басқа да ұлттық парктерде экотуризмді дамыту тұжырымдамаларын әзірлеу, бекіту жұмыстары жүргізіліп, тапсырманың орындалып жатқаны айтылған екен. Қазіргі кезде елімізде туризм саласына көп көңіл бөліне бастады. Жақында ғана Түркістан қаласында Керуен-Сарай туристік кешені ашылған болатын. Ол да тапсырманың жүзеге асырылғанының шынайы дәлелі болды.
Билік пен халықтың арасы алшақтамағаны қай кезде де маңызды. Билік халық үшін жұмыс істейді, ал сол жұмысты бағалайтын да – халық. Атқарылған жұмысты таныстырып, нәтижесімен бөлісу, бір жағынан ел алдындағы борыш. Осының барлығын негізге ала отырып, іске асырылып жатқан бастама қай жағынан алып қарасақ та тиімді деп сенімді түрде айта аламыз.