Алғыс айту күні: Елордада мерекеге орай қандай шаралар өтетіні белгілі болды

Алғыс айту күні: Елордада мерекеге орай қандай шаралар өтетіні белгілі болды

Алғыс айту күні: Елордада мерекеге орай қандай шаралар өтетіні белгілі болды
ашық дереккөзі
Елімізде 1 наурызда Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл мерекеде елордалық театрлар медицина қызметкерлерін, эпидемиологтарды, педагогтарды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін спектакль көруге шақырады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты. «Алғыс айту күні қарсаңында біз пандемия кезінде алғы шепте болған және қиын кезеңде көмектескен барша жұртқа, яғни ауруханалардан шықпай науқастардың жанында болған дәрігерлер мен медицина қызметкеріне, балаларымызды онлайн оқытқан мұғалімдерге, кез келген ауа райында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, «Біз біргеміз!» акциясына атсалысқан волонтерлерге алғыс білдіреміз», - деп хабарлады қалалық Мәдениет басқармасы. Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау органдары және этносаралық келісім қызметкерлері үшін спектакль өткізуде. 28 ақпанда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері «Nomad city hall» концерт залында Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» премьералық спектаклін көрсетеді. Драма Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы», «Қош, махаббатым» және «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімелеріне негізделген. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 1 наурыз күні елордалық дәрігерлерді Петр Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсына шақырады. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяровтың айтуынша, «Астана Опера» ұжымы осындай қиын кезеңде ерлік көрсетіп жүрген дәрігерлерге алғыс білдіріп, құрмет көрсетеді. Сол күні «Жастар театры» ұжымы құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» сахналық повесін ұсынады. Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры білім саласы қызметкерлерін Алғыс айту күнімен құттықтап, «Тыңда ...» атты музыкалық кеш ұйымдастырмақ. Театр әртістері музыка тілінде оркестрдің сүйемелдеуімен мұғалімдерге еңбегі үшін алғыс білдіреді. Сондай-ақ жастар саясаты саласының қызметкерлеріне арнап 1 наурыз күні М.Омарованың «Шәмші» мюзиклінің премьерасын жас көрермендер музыкалық театрының әртістері ұсынады. Ал 2 наурызда М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметкерлерін Р.Баердің «Смешанные чувства» мелодрамасына шақырады. Барлық спектакль сағат 19:00-де басталады. Айта кету керек, іс-шаралар тиісті санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып өтеді.