Мүгедек жандарды жұмысқа алмаған мекемелер өтемақы төлейді

«Nur Otan» өңірлерде халықпен кездесуді жалғастыруда. Бүгін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Атырау облысына барды.

Атырау мұнай өңдеу зауытының еңбек ұжымымен кездесуде экология, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және т.б. мәселелер талқыланды.

Партия алдағы 5 жылда өңірде кемінде 100 мың жұмыс орнын ашуға, 10 жаңа денсаулық сақтау нысанын, 11 мектеп пен 56 балабақша салуға уәде береді. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға 7 мың пәтер берілмек, ол үшін шамамен 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Өңір тұрғындары үшін тағы бір маңызды мәселе – экология. Бұл ретте «Nur Otan» ластаушы шығарындылар көлемін 12 пайызға төмендету үшін бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту ниетте.

Бұдан соң сайлауалды штаб мүшелері қоғамдық ұйым мүшелерімен, паралимпиада өкілдерімен және басқа да ерекше қажеттілігі бар белсенді азаматтармен кездесті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» партиясы 2014 жылдан бері «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеді. Осы жобаның арқасында ерекше қажеттілігі бар 40 мың азамат жұмысқа орналасып, 24 мыңнан астам нысан қайта бейімделді, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзия бөлмесі ашылды. Таяудағы 5 жылда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тағы 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жұмысы жалғасын табады», – деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, қоғамда ынтымақтастық ахуал қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасады. Жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі орталықтар ашу жоспарлануда. Жұмысқа орналастыру квотасын орындамайтын жұмыс берушілер үшін өтемақы төлемдері енгізіледі, ол ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға бағытталады.

Тұрақты күтімді қажет ететін және жеке көмекшінің қызметін пайдаланбайтын барлық бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қосымша әлеуметтік жәрдемақы ұсынылады. Бұл ретте 2025 жылға қарай мүгедектігі бар мұқтаж азаматтар 100% техникалық құралдармен және оңалту қызметімен қамтамасыз етіледі.

«Барша балаға – тең мүмкіндік» қағидатын іске асыра отырып, партия барлық колледж бен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ 70% мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивтік білім берудің енгізілуін қамтамасыз етеді. Оңалту орталықтарының саны артып, ерекше қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі. Асыраушысынан айырылған балалар бір мезгілде мүгедектігі және асыраушысынан айрылуы бойынша 2 жәрдемақы алады», – деді ол.

Билеуші партияның жоспарында зағип және көру қабілеті нашар жандар үшін кітапхана қорын кеңейту, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттерді көбейту, ымдау тілін онлайн-аудару бойынша арнайы бағдарламаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету де бар.

Осы күні нұротандықтар тағы да бірқатар кездесу өткізді, оның ішінде «Atyrau-Avtopark» автобус паркінің жүргізушілерімен жүздесті. Өзекті тақырыптар бойынша емін-еркін сұхбат құрып, «Nur Otan»-ның өңір мен қалада өмір сапасын жақсарту жөніндегі бастамалары туралы әңгіме өрбіді.

Back to top button