Ғалымдар коронавирустан айыққаннан кейінгі ең қауіпті уақытты атады

Мичиган университетінің ғалымдары коронавирустан айығып, ауруханадан шыққаннан кейінгі алғашқы бір жарым аптада науқастар үшін қайтадан ауруханаға түсу немесе асқынулардан өлу қаупі бар екенін анықтады. COVID-19 індетінен жазылғаннан кейінгі ең қауіпті уақыт туралы Journal of the American Medical Association басылымы жазды. 

Зерттеушілер коронавирусқа шалдығуына байланысты ауруханада жатып шыққан 2200 ардагер, сондай-ақ пневмониямен ауруханада жатқан 1800 пациент және жүрек-тамыр аурулары бар 3500 адам туралы мәліметтерді талдаған.

Алғашқы 10 күнде ауруханадан шығарылған науқастардың жүрек жеткіліксіздігінен немесе коронавируспен байланысты емес пневмониядан емделген адамдарға қарағанда өлу қаупі 40-60 пайызға жоғары екені белгілі болды. Алғашқы екі айда ауруханадан шығарылғандардың 9 пайыз қайтыс болса, 20 пайызы қайтадан ауруханаға түскен. Алайда, 60 күннен кейін бұл қауіп өзге екі ауруға қарағанда аз болды.

Пациенттердің жасы маңызды фактор болып табылады: 70-80 жас аралығындағы ардагерлердің жартысына жуығы ауруханадан шыққаннан кейін 60 күн ішінде қайтыс болған. Ауруханаға қайта түскен ардагерлердің 22 пайыздан астамы реанимацияға түсіпті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ғалымдар коронавирус жұқтырған науқастар үшін ең қауіпті күнді атаған болатын.

Back to top button