Моңғолиядағы қазақтілді KAZNEWS.MN порталы марапатталды
Моңғолиядағы қазақтілді KAZNEWS.MN порталы марапатталды
Бүгін Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапаталды. Аталған марапаттау рәсімінде «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің (inform.kz) 100 жылдық мерейтойына орай тағайындалған арнайы сыйлықты Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақ тілінде ақпарат тарататын KAZNEWS.mn порталы иеленді. Сонымен қатар, бұл сыйлық Ресей Федерациясының «ТАСС» агенттігіне де берілді.
– Бір ғасырлық тарихы бар «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің негізгі дамуы – еліміздің тәуелсіздік алған кезінен басталды. Сол кезде біз халықаралық ақпарат агенттігі атандық. Ақпарат агенттігіне биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай, арнайы жүлде тағайындап, оны шетелдік әріптестерге беретін болдық. Сондықтан Дәуіт қалам мүсіншесі мен сертификатты 100 жыл бойы әріптес болған Ресей Федерациясының «ТАСС» ақпарат агенттігіне және Моңғолиядағы қандастарымыздың KAZNEWS.mn ақпараттық порталына беруді ұйғардық, – деді «ҚазАқпарат» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Омаров «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімінде.
KAZNEWS.mn порталы – Моңғолияның Байланысты реттеу агенттігінің рұқсатнамасымен 2011 жыл 11 қараша күнінен бастап қазақ тілінде сапалы әрі сенімді контент таратып келе жатқан бірегей веб-сайт. Сонымен қатар, онда Моңғолияның және Баян-Өлгей аймағындағы қандастардың тыныс-тіршілігі тұрақты жарияланады.
Одан бөлек, «Монғол заман» (екі аптада бір рет шығады), «Шарапат» (айына бір рет), «Жаңа дәуір» (айына бір рет), «Білім» (айына бір рет) қатарлы 4 газет, «Шұғыла», «Ару жұлдыздар», «Инабат», «Тарлан тағзым» (айына бір рет) қатарлы 4 журнал, «Дербес», «Саян», «ТВ 4», 3 аймақтық телеарна, Баян-Өлгей қазақ радиосы және Bai.olke.com қатарлы ақпарат құралдары қазақ тілінде хабар таратады.