Министр қазақстандықтарға қатаң қарантин қайта енгізілуі мүмкін екенін ескертті
Министр қазақстандықтарға қатаң қарантин қайта енгізілуі мүмкін екенін ескертті
Қауіпсіздік талаптары сақталмаса, алдағы уақытта карантиндік шаралар қайта енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Бұған дейін болған карантиннен сабақ алуымыз керек. Осы орайда, денсаулық сақтау жүйесін тиісті дайындықтан өткіздік, яғни ауруханадағы орындар мен дәрі-дәрмек, жабдықтар және басқа да қажетті заттар толықтырылды. Ең маңыздысы – ол әр адам қауіпсіздік ережесі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек», - деді министр.
Алексей Цой тұрғындардың қоғамдық орындарда сақтық шараларын мұқият орындамайтынына қынжылыс білдірді.
«Құқық қорғау органдары біздің аумақтық департаменттерімізбен бірлесе осы бағытта қажетті шараларды қабылдауда. Өкінішке қарай, айыппұлдар да салынуда. Ай сайын айыппұл саны артып келеді. Бұл, өз кезегінде бізде режимнің орындалмай тұрғанын байқатады. Еліміздегі жағдай тұрақты. Дегенмен, тиісті талаптарды орындамасақ, карантин енгізілуі мүмкін. Індетке тосқауыл қою өзімізге байланысты. Сондықтан барлығын орындасақ, каратин енгізілмеуі ықтимал.», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында халықаралық рейстерді жандандыруды тоқтатуды ұсынған болатын. Сондай-ақ, Алексей Цой бүгінге дейін әуе қатынастары ретке келтірілген елдермен әуе рейстерін арттырмау, одан бөлек Түркия Республикасына рейстер санын азайту қажеттігін айтты.
Айта кетсек, 26 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге әуе рейстері жанданды. «Air Astana» әуе компаниясының хабарлауынша, әзірге бұл рейске тек Қазақстан мен Ресей Федерациясының азаматтары және ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар адамдар қабылданады.
Сондай-ақ, 20 қыркүйектен бастап Қырғызстанға халықаралық рейстер қайта жаңартылды. «Air Astana» компаниясының ұшақтары Алматы – Бішкек бағыты бойынша аптасына 2 рет ұшады.