Қазақстанда 104 оқушыдан коронавирус анықталды
Қазақстанда 104 оқушыдан коронавирус анықталды
Жаңа оқу жылы басталғалы бері елімізде 104 оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Оқу жылы басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 104 жағдайы тіркелді. Оның 33-і – кезекші сыныптарда оқитын балалар. Олармен қарым-қатынаста болған 550 адам анықталып, оның ішінде 7 адамнан коронавирус анықталды. 71 бала – қашықтан оқып жүріп жұқтырып алған оқушылар. Олармен қарым-қатынаста болған 240 адам анықталып, ішінен 15 адамның індетті жұқтырғаны белгілі болды», - деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алексей Цой қазан айынан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынастарын жандандыруды тоқтата тұру қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, министр бүгінге дейін әуе қатынастары ретке келтірілген елдермен әуе рейстерін арттырмауды, одан бөлек Түркия Республикасына рейстер санын азайтуды ұсынды.