Жаңалықтар

Президент халықаралық еріктілер жылын жариялауды ұсынды

ашық дереккөзі

Президент халықаралық еріктілер жылын жариялауды ұсынды

БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы БҰҰ-ға мүше елдерді әлемдегі аштықты толық жоюға жолында күш біріктіруге шақырды. Осы орайда, Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын екендігін баса айтты. «Біз бірде-бір адамды, әсіресе, дағдарыстың тауқыметін тартқан әйелдерді, жастарды, балаларды, қарттарды, мүгедектерді қолдаусыз және көмексіз қалдырмау жөніндегі міндетімізді нақтылауға тиіспіз. «Ұрпақтың азып-тозуына алып келетін апатты» болдырмау үшін білім беру жүйесі тарихындағы ең үлкен тоқырауға жол бермеуіміз керек»,- деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі замандағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге азаматтық қоғам мен жеке сектордың белсенді атсалысуы өте маңызды. «Биыл волонтерлік қозғалыстың бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін бергеніне куә болдық. Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын. Биыл Қазақстанда волонтерлер жылы деп жарияланды», - деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдерін коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісін саясиландырмауға шақырды. Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.