23 Қыркүйек, 20:59 411 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

COVID-19: Қ.Тоқаев әлем елдерін вакцина дайындауды саясиландырмауға шақырды

Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында  сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

«Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды. Алайда, халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек»,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет.

Сондай-ақ, Президент індетке қарсы екпені дайындау мен оны тасымалдау тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

«COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ бас хатшысы әлем елдерін вакцина жайлы жалған ақпараттармен күресуге шақырған еді.

А.Гутерриштің сөзінше, вакцинаға бүкіләлемдік игілік деп қарау керек. Өйткені COVID-19 эпидемиясында шекара жоқ. Сондықтан әлем елдерінің барлығына қолжетімді вакцина жасалуы тиіс дейді бас хатшы.

Еске сала кетсек, жуырда коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағы18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 ерікті қатыспақ.

 

Соңғы жаңалықтар