Келесі аптада Францияда мектептердің жұмысы жанданады
Келесі аптада Францияда мектептердің жұмысы жанданады
2 ай бойы карантинде болған Франция қалыпты өмірге оралуға дайындалып жатыр.
11 мамырдан бастап елдегі шектеу шаралары алына бастайды. Десе де, індет басылмай тұрған Париж қаласы мен Майотт аралында бірқатар шектеулер күшінде қалмақ. Ел үкіметін, әсіресе, Париж метросы алаңдатып отыр. Әзірге қоғамдық көліктің бұл түрін рұқсат қағазбен ғана пайдалануға болады. Яғни, онымен тек жұмысқа баратындар қатынай алады. Бұл талаптың орындалуын тәртіп сақшылары қадағаламақ.
Франция мектептері келесі аптаның ортасында ашыла бастайды, бірақ оқушылар білім ордаларына бір ай ішінде біртіндеп оралады. Ата-аналарының қалауы бойынша балалар оқуын үйінде жалғастыра алады.
Сондай-ақ, дүйсенбіден бастап елдегі шаштараздар, кітап пен гүл сататын дүкендер мен бутиктер жұмысын бастайды. Ал мейрамханалар мен кафелердің қашан ашылатыны белгісіз.
Әзірге Еуроодақ аумағында қатынау мәселесі де шешілген жоқ. Францияның ішкі істер министрі Кристоф Кастанердің айтуынша, санитарлық ахуал тұрақталғанда ғана ережелер жеңілдетіледі. Бұл жөнінде шешім өзге елдермен бірлесе қабылданады. Жаңа қаулы шыққанша шекаралар ашылмайды.
Соңғы дерек бойынша, Францияда 138 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Олардың 26 мыңнан астамы көз жұмды.
Айта кетейік, әлемде коронавирус індетіне шалдыққандардың жалпы саны 4 012 841 адамға жетті. Вирус жұқтырғандардың 1 млн 385 мыңы індеттен айықса, 276 216 адам көз жұмды.