Ың-шыңсыз өткен президенттік сайлау
Бұған дейін кейбір сарапшылар Украинада кезектен тыс президенттік сайлаудың өтпеуі мүмкін екендігін алға тартқан. Себебі, елдегі экономикалық, саяси жағдайы небір күмәнді ойларға жетелеген еді. Дегенмен, Украинада кезектен тыс президенттік сайлау ың-шыңсыз өтті. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл сайлауға сайлаушылардың 60 пайызы қатысқан. Ең өкініштісі, Донецк пен Луганск облыстарында сайлау учаскелерінің кейбірі қаруланған ресейшіл сепаратистердің күшімен ашылмай, халықтың тек 14 пайызы ғана өз үміткерлерін таңдау құқығын пайдаланған. Сондай-ақ, сайлау кезінде сепаратистер бақылауындағы Луганск облысында белгісіз қарулы адамдар дауыс беру бюллетендерін алып қашқан соң, қауіпсіздік күштерімен атыс болып, бір адам қаза тауып, тағы бірі жараланған. Ал экс-президент Янукович елде өткен сайлауды құрметтейтінін, бірақ оны заңды деп тану үшін мемлекеттің Оңтүстік-шығыс бөлігінің белсенді қатысуы керектігін тілге тиек етті. Сонымен, сайлау қорытындысына сәйкес, Петр Порошенко 54, 38 пайыз дауыс жинаса, экс-премьер Юлия Тимошенко 13,21 пайыз, ал Украина «Радикал партиясының» жетекшісі Олег Ляшко 8,46 пайыз дауысқа ие болған. Сондай-ақ төртінші орыннан халықтық депутат Анатолий Гриценко көрінсе, Украинаны байырғы ядролық қарулы мемлекет мәртебесіне айналдыруды көздейтін Сергей Тигипко 4,97 пайыз дауысты қанағат тұтқан. Алайда, сайлауалды дебат кезінде «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко президенттік сайлау екі кезеңмен өтетіндігін айтқан болатын. «Сайлауды бір кезеңмен ғана өткізу тоталитарлы жүйемен өмір сүретін мемлекеттерге ғана тән. Сондықтан екінші кезең міндетті түрде өтеді. Меніңше, бәрі демократиялық тұрғыда жүзеге асатын болады» деген еді. Оның тағы бірде: «Егер қарсыластарым жеңіп жатса, Украинаның тағы да төңкерісті басынан кешуі ғажап емес» деген пікір айтқаны есте. Десе де, сайлаудың екінші кезеңі өтпейтін болды. Есесіне, 55 пайызға жуық дауыс жинаған Петр Порошенко жеңісін тойлауға кірісіп кеткен. Ол тіпті, «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличконы Киев мэрі қызметімен алдын-ала құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Порошенко премьер-министрлік қызметті уақытша атқарып келген Арсений Яценюктің осы лауазымды қызметте қалатынын жеткізді. Ал Порошенконы президент ретінде ұлықтау рәсімі маусым айының 8-10 аралығында өткізу жоспарланып отыр.
Петр Порошенко кім?
Украинаға ғана емес, бүкіл әлемге аты әйгілі Петр Порошенко «шоколад королі» ретінде танылған. Forbes тізіміндегі миллиардерлердің бірі. Әкесінің арқасында жастайынан кәсіптің көзін тапқан Порошенко университетте оқып жүріп-ақ ақшаның дәмін тата білген. Сол кезде алғашқы миллиондарын тауып, көптің қолы жете бермейтін жекеменшік «Волга» көлігін де мінген екен. Қазір Порошенконың байлығы – 1 миллиард 600 мың доллар. Украиналық ауқаттылардың ішінде 6-шы орында тұр. Негізі қаржылық әлеуетін жақсартып алған кейбір ауқаттылар мемлекетті басқару ісін қолға алғысы келетіні жасырын емес. Кезінде Техастан шыққан миллиардер Росс Перо да АҚШ-та президенттік сайлауға бірнеше мәрте қатысып, бағын сынаса, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони да осы қатардан шыққан ауқатты жеңімпаз. Ал Берлускониге қарағанда, Петр Порошенко қазірдің өзінде кәсібінің бір бөлігін жоғалтып алатынын сезеді. Себебі, ол бұған дейін бизнестен гөрі саясаттың маңызды екенін дәлелдеген көрінеді. Дегенмен, Порошенко кешегі Еуромайданға қаржылай қолдау білдірсе де, өзі неге көрінбеді? Егер ендігі өмірін саясатпен байланыстырғысы келсе, неге Кличко, Яценюк сияқты халықтың жағына шықпады? Сонымен, Порошенко кім? Ол 1965 жылы Одесса облысы, Болград қаласында дүниеге келген. Әкесі ауыл шаруашылығы саласында инженер-механик қызметінен бастап, зауыт директоры лауазымына дейін көтерілген. 1989 жылы Киев мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған Порошенко әкесі басқарған 50 кәсіпорынға да иелік етіп келеді. Отбасылы, 4 баласы бар. Бүгінде үлкен ұлы әкесінің жолын қуып, «Roshen» кондитерлік империясында үлкен бастықтың бірі. Петр Порошенко елдегі нағыз ұрымтал сәтті уысынан шығармаған екен. Қайта құру кезінде Украинада алғашқылардың бірі болып сыртқы нарыққа шыққысы келген кеңестік кәсіпорындарға ақыл-кеңес беретін сервистік орталық ашқан да сол. Мұнымен қоса, ол какао-боба саудасымен айналысып, Еуропадан сатып алған шикізатты шетелдің көптеген кондитерлік фабрикаларына қайта сатқан. Осылайша, Порошенко 1991 жылы өзінің алғашқы миллионын түрлі қоспа сату арқылы тапқан екен. Ақшаның тәтті дәмін татқан миллиардер аракідік көлік сатуды да кәсіп етсе, бүгінде «Roshen» кондитерлік империясын басқарған «кәмпит королі». Қазір «Roshen» Global Top 100 Candy Industry рейтингінде әлем бойынша 18 орынға жайғасқан. Кәмпит бизнесінен бөлек, Порошенконың иелігінде Луцк автозаводы, «Ленинской кузницы» верфиі, Днепровск крахмал комбинаты, «Агропродинвест» азық-түлік компаниясы, сондай-ақ «Пятый телеканал» және «Пятый элемент» фитнес-клубы бар. Ал оның саясаттағы мәнсабы 1998 жылы Жоғарғы радаға депутат болудан басталғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, 2009 жылы Сыртқы істер министрі, 2011 жылы Экономика және сауда министрі қызметтерін атқарған.
Саясаттанушылар
Порошенкодан не күтеді?
Иә, 48 млн. халқы бар Украинаны басқару Порошенконың қолынан келе ме? Әуелгі кезекте қалтасының қамын ойлап келген миллиардер қарапайым бұқараның мәселесіне қаншалықты бас ауырта алады? Оның билікке келудегі мақсаты не? Ол сайлауалды насихат шараларында әуелі Украина мен Ресейдің ара-қатынасын жақсартуға тырысатынын айтқан болатын. Әрине, оның бұл ойы Ресейге жаққаны айдан анық. Сондықтан да қазір Ресей президенті Путин де, премьері Медведев те, Сыртқы істер министрі Лавров та Украинада өткен президенттік сайлауды құрметтейтінін және жаңа президенттік таққа отыратын Порошенконы да қолдайтынын айтуда. Тіпті, Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екі жақты мәселені реттеу үшін жаңа президентпен ешқандай делдалсыз әңгіме өткізуге дайын екендігін тілге тиек еткен-ді. Соған қарағанда, қашан да өз мүддесін биік санайтын ресейлік билік Порошенконы «оңай шағылатын жаңғаққа» теңеп тұрған сияқты. Шын мәнінде, Петр Порошенко кешегі Янукович сияқты жұртты алдаусыратып, түптің-түбінде Ресей саясатының тасасына тығылатын саясаткер ме, әлде күресуден шаршаған халықтың қамын ойлайтын қамқор басшы бола ма? Саясатта өзін көрсетіп үлгермеген ауқатты миллиардер халық үшін басын бәйгеге тіге ме, жоқ па, ол тағы белгісіз. Мәселен, саясаттанушы Виталий Третьяков: «Жаңа президент уақытша фигурант. Ол ештеңені шеше алмайды. Оған АҚШ көмектесті. Өйткені қазір АҚШ Украинаның ішкі мәселесін реттеп отыр», – десе, Славянск халықтық мэрі Вячеслва Пономарев: «Украина құрдымға кетеді. Порошенко майданды қаржыландырған, АҚШ пен Еуроодақтың таңдауы. Олар тағы да ХВҚ-нан несие алып, қарапайым тұрғындарға төлетуге мәжбүрлейді», – депті. Ал сайлауалды дебаттарда Петр Порошенко Ресеймен арадағы қатынас туралы: «Егер Украинаның шығысындағы шекараға қауіп төнсе, біз барлық әскери құралдарымызбен қорғанатынымызды Ресей білуі керек. Біз өз мемлекетімізді қорғаймыз… Ресейлік газға деген тәуелділікке келсем, бүгінде Германия мен Еуропада энергияның балама көзіне ауысуы мүмкін. Германия ресейлік газға соншалықты мәжбүр емес… Біз ХВҚ-нан және халықаралық қаржы ұйымдарынан қарызға ақша алмаймыз. Бүгінде қаржы тапшылығы бүкіл елде қауіп төндіріп тұр. Ресей өз сценарийінің екінші баспалдағын ойластырып жатқан болар, алайда олардың тұсауына түспеуге кепілдік беремін… Сондықтан да біз Ресеймен диалогты жалғастырамыз. Бірақ бұл пікірталаста Қырым мәселесіне соқпау мүмкін емес. Қырымды соғыс арқылы емес, ақылға салып, арнайы келіссөздермен қайтарып алуға тиіспіз. Украина заңсыз өткізілген референдум мен Қырымның оккупациясын ешқашан мойындамайды. Ол үшін халықаралық сотқа жүгініп, Еуропаның адам құқығын қорғау жөніндегі соттың тетіктеріне сүйену қажет. Біз Қырымның Украинаның жері екенін дәлелдей аламыз. Еліміздің стратегиялық даму жолын украиндықтар таңдады, бұл жол – Еуропалық интеграция» деген болатын. Сондай-ақ, Порошенко орыс тілінің мәртебесі туралы да тілге тиек еткен. «Орыс тілінде сөйлейтін азаматтар қысым көрмеуі керек. Егер шенеунік осы мемлекетте жұмыс істеп, нан тауып жүрсе, сол елдің тілін меңгергені жөн. Украинада мемлекеттік тіл – украин тілі болады», – деді.
Көгілдір отынды қайта сылтау етіп…
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Киев тұтынған газы үшін қарызының бір бөлігін төлесе, онда Мәскеу Украинамен энергетикалық келіссөздерді қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Медведев бұған қоса Ресей Украинаға сататын көгілдір отын бағасын қайта қарауы мүмкін екенін де ескертті. «Газпром» компаниясы бұған дейін Украинаның Ресейге 3,51 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қарыз екенін жариялаған еді. Ақпан айында Украина президенті Виктор Янукович биліктен кеткен соң Ресей газды 1 мың текше метрі үшін 268.5 АҚШ долларынан 485 АҚШ долларына дейін қымбаттатып жіберген. Ал Украина маусым айынан бастап көгілдір отынды Еуропа үшін ғана алып отырмақшы. «Газпром» басшысы Алексей Миллер: «Егер Украина маусым айына үстеме ақша төлесе, Еуропаға тасымалданатын газ көлеміне қол жеткізеді. Көгілдір отын керек пе, ақшасын төле! Қазіргі талап сол!», – депті. «Газпром» мәліметіне сенсек, Украинаның қарызы 3,5 млрд.долларға жеткен. Дегенмен, президент әуелі көгілдір отын үшін берешегін қайтарудың қамын ойластыру қажет. Еурокомиссия да осыны талап етуде. Халықаралық валюта қоры Украинаға 17 миллиард доллар аударса да, қазіргі билік газ үшін қарызын қайтаруға асығар емес. Ал Премьер-министр Арсений Яценюк бағаның түсіп, текше метріне 268 долларға жетуін қалайды. «Украина Ресейден «Черноморнефтегаз» компаниясына тиесілі 2 миллиард текше метр газ үшін 1 млрд. доллар төлеуді талап етуде. Қырым автономды республикасы аумағындағы «Черноморнефтегаз» арқылы алған 2 млрд. 200 млн текше метр газды Украинаға қайтару мәселесі бойынша Ресейден жауап күтеміз. Ал оның құны «Газпромның» бағасымен есептегенде, 1 млрд. АҚШ долларына тең. Егер 29-на дейін «Нафтогаз» бен «Газпром» арасында тиісті келісімге қол қойылмаса, ресейлік «Газпроммен» тек сотта кезігеміз», – деді Яценюк. P.S. Донецк жұрты сеператистердің арандатуымен президенттік сайлаудың әділ өтпегенін айтып, наразылық танытқан еді. Ал бір-екі күнде Донецк әуежайының үстінде қалықтаған тікұшақтар оқ жаудырып, жергілікті тұрғындардың зәре-құтын қашыруда. Жұрт далаға шығудан қорқып қалған. Донецк мэрі Лукьянченконың айтуынша, Донецк аумағында Украина мен Донецк халықтық республикасының әскери бөлімшелері өзара қақтығысып, салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Кейбір дерек көздері құрбан болғандардың барын алға тартады.
Динара Мыңжасарқызы