Екі апта бұрын Кельн (Германия) қаласында өткен Еуропа қазақтарының құрылтайында бірінші рет жастар кездесуі ұйымдастырылды. Еуропаның әр өңірінен келген қандастар көкейінде жүрген мәселелерін ортаға салып, өз ұсыныстарын айтты. Көпшілігі Қазақстанда жұмыс істеу, азаматтық алу, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға қатысты сауалдарға жауап алды. Ал Англиядан келген Сафа Жаңалтай өзіне он жыл бойы маза бермей жүрген ұлт мәселесінің маңызына тоқталды. Оның сөзін тыңдап отырған үлкендер көңілі босап, көзіне жас алды. «Қазақ екенімізді ұмытпайық! Өзара қазақша сөйлесейік! Өз мәдениетімізді насихаттайық!» деп үндеу тастаған Сафаның өзі де көңілі босап отырғанын жасырмады. Сафаның мұндай бастама көтергеніне разы болған көпшілік ду қол шапалақтап «Жарайсың!» десті. Ертеңінде құрылтай аясында ұйымдастырылған көрмені аралап жүрген Сафаны әңгімеге тартып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
[caption id="attachment_225364" align="alignright" width="370"] Қырғыз жазушысы Ш.Айтматовпен[/caption]
– Түркиядан Франция, Германия, Англияға көшкен үлкендерден «Өкініштісі сол, өзіміз ана тілімізді жақсы білгенімізбен, балаларымызға үйрете алмадық. Біздің жастар қазақ тілін білмейді» дегенді жиі естимін. Бірақ кеше дөңгелек үстел басына жиналған Еуропа жастарын қазақша сөйлеуге шақырған сізге ерекше риза болып, топ ішінен жарып шығып, мұндай игі бастама көтергеніңізге тәнті болдық. Алдымен сұрайын дегенім – қазақ тілін Англияда арнайы курсқа барып үйрендіңіз бе? Әлде?
– Негізі, мен өмір бойы Англияда тұрып келемін. Ондағы Рединг қаласында туып-өстім. Бірақ туыстарым Қазақстанда тұратындықтан, бұрын ол жаққа жиі барып тұратынмын. Алғаш рет атажұртқа 1995 жылы бардым. Ол кезде кішкентай бала болғандықтан, көп нәрсе есімде қалмады. Содан кейін 2006 жылы ата-анаммен бірге саяхаттап бардым. Сол кезде тұрғындардың көбі қазақша емес, орыс тілінде сөйлейтінін байқадым. Бірақ ол кезде қазақша еркін сөйлей алмайтынмын. Одан соң атажұртқа демалысқа емес, бір-екі жылға тұрақтап, тіл үйренуіме мына бір жайт түрткі болды. Бір күні YouTube платформасын ақтарып отырсам, әнші Ерболат Құдайбергеннің «Мен қазақпын» әніне түсірілген бейнебаянын көзім шалып қалды. Әлгі әнді естіген кезде өне бойым шымырлай жөнелді. Әні мен әуені келіскен әлгі туындыдан алған әсерімді сөзбен сипаттай алмаймын. Сол кезде «Сафа, сен – қазақсың. Бірақ сенің Қазақстанмен онша байланысың жоқ. Қазақ тілін де жетік білмейсің. Бұлай болмайды. Бірдеңе істеуің қажет» деп өз-өзіммен сөйлескенім бар. Мен әлгі әншіні танымаймын. Өмірімде көрген емеспін. Бірақ оның орындауындағы «Мен қазақпын» әні мені желпіндіріп, санамда «төңкеріс» жасады десем, артық айтпаймын. Сосын келесі жылы «Қайтсем де, қазақ тілін толық меңгеремін» деп Қазақстанға саналы түрде бардым. Сіз жаңа айтып өткендей, Еуропадағы қазақ жастары расымен қазақ тілін онша білмейді. Көпшілігі ата-аналарынан үйренгенін қайталайды. Бірақ олардың ата-аналарының да білетіні шамалы. Атажұртқа тіл үйрену үшін барғандағы екінші мақсатым да сол – «Жастар тіл білмейді» деген пікірді жоққа шығару еді. Елге барған соң, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылған даярлық факультетінде оқыдым. Бір қызығы, сол жылы сабаққа қатысқан жалғыз қазақ мен болдым. Қалғаны – АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай елінен келген шетел азаматтары. Олар «Еуропадан келген қазақ қазақша үйреніп жүр ме сонда?!» деп таңғалды. Шынымды айтсам, оған дейін Қазақстан десе, бойымды патриоттық сезім тулады деп айта алмаймын. Бірақ Алматыға келіп тіл үйренген соң бәрі өзгеріп сала берді. Онда барған кезде алғашында айналаммен араласуға қиналдым. Көпшілігі мен жетік білетін ағылшыншаны түсінбейді. Қала берді, екінің бірі орысша сөйлейді.
Қазақша сөйлесе де, арасына орысша сөздер қосады. Ал мен олардың айтқанын түсіне алмай, әлек боламын. Бірнеше айдан кейін қазақшамды жетілдіріп алған соң, қазақ тілін білетіндердің өзі қазақша сөйлегенді құп көрмейтінін түсіндім. Көшеде немесе дүкендерге жүргенде өзіміздің қарадомалақ аға-бауырларымызға қазақша сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Бұл менің намысыма тиді. Бірақ 2013 жылы елге барғанда көп өзгеріс болғанын байқадым. Сол кезде қала ішін аралап жүргенде көп адамның қазақша әңгімелескенін естіп, ерекше күй кешкенім есімде.
– Елде жүрген екі жылдың ішінде ана тілін үйреніп қана қоймай, ағылшын тілінен курс ашыпсыз.
– Иә, тіл үйренемін деушілерге ағылшын тілінен сабақ бердім. Содан кейін виза мерзімі аяқталған соң, Англияға қайтуға мәжбүр болдым. Уақытша тұру мерзімін ұзартатын құжатты толтырып, өтініш жазып, тағы біраз уақытқа қалғым келген еді. Бірақ бұған жауапты мамандар ол үшін Англияға барып құжат жинауым керек екенін айтты. Сосын Англияға келген соң, қажет құжаттарды жинап, қайта барамын деп жүргенмін. Бірақ одан кейін соның бір реті келмей қойды.
– Құрылтай тарихында бірінші рет ұйымдастырылған Еуропадағы қазақ жастарының басқосуына арнайы ұлт мәселесін көтеру үшін келгенге ұқсайсыз.
– Дәл солай. Жалпы, мен Еуропа қазақтарының құрылтайына жыл сайын қатысуға тырысамын. Бұл мәселені бұған дейін де қозғағым келіп жүрген. Мысалы, өткен жылы Парижде өткен құрылтайда да осы мәселені қозғағым келген. Бірақ ол кезде ондай мүмкіндік болмады. Биыл жастар арасында мұндай форматтағы басқосу бірінші рет ұйымдастырылып тұрғандықтан, маған маза бермей жүрген бұл мәселені бүкпесіз, ашық айтқым келді. Расымен бұл мәселе мені көптен бері мазалап жүр. Мен өмір бойы Англияда тұрып келемін. Қазақтардан, қазақ мәдениетінен, қазақ тілінен жырақ ағылшын тілді ортада өсіп-өндім. Адамдар «Сен қайдан боласың? Ұлтың кім»? деп бэкграундымды сұрағанда оларға: «Атажұртым – Қазақстан. Қазақпын», – деп жауап беретінмін. Олар:
– Сен қазақ тілін білесің бе?
– Жоқ.
– Онда қай тілде сөйлейсің?
– Түрік.
– Сен түрікке ұқсамайсың ғой. Неге түрікше сөйлейсің? Өз тілің ше?, – деп одан сайын тығырыққа тірейтін. Негізі, осы сұрақты өзіме де жиі қоятынмын. Одан бөлек, «Біз неліктен өз мәдениетімізден гөрі, түрік мәдениетіне баса назар аударамыз?», «Неліктен өзара түрікше сөйлесеміз?», «Неліктен той-томалақта түрік дәстүрін ұстанамыз?» деген секілді сұрақтар да мазалайтын. Жалпы, осындай құрылтай секілді жиындарда да көпшіліктің түрік мәдениетіне жақын екенін анық аңғаруға болады. Бұл мені расымен қынжылтады.
[caption id="attachment_225366" align="alignnone" width="1280"]
Жары Элифпен[/caption]
Мұндайды байқаған кезде ішім удай ашиды. Менің әкем Үндістанның Кашмир өлкесінде дүниеге келген. Он үш жасында Түркияға отбасымен бірге көшіп келген. Ал анам – Түркия қазағы. Екеуінің ата-анасы, ата-әжесі көпті көрген кісілер екені айтпаса да түсінікті шығар. Біздің ата-бабаларымыз ұлт үшін, ұрпақ үшін өздерін құрбан етті. Олар өз үйлерін, құнарлы жерлерін тастап, болашақ ұрпағы бейбіт елде береке тапсын деп бас сауғалап кетті. Біздің болашағымыздың жарқын болуы үшін жанын аямаған оларға біз қарыздармыз. Олардың бізге мұра етіп тастап кеткен игі істерін біз, жастар жалғастырмасақ, кім жалғастырады? «Сенің ана тілің осы. Біліп жүр» деп санамызға құйып кеткен қазақ тілінде біз, қазақтар сөйлеспесек кім сөйлеседі? Басқа ұлт өкілдері «Сендер өзара қазақ тілінде сөйлеспейді екенсіңдер ғой. Керек етпесеңдер, ана тілдеріңді біз дамытайық» деп біз үшін біздің тілді үйренбейді ғой? Бұл істі қазірден бастап қолға алмасақ, алдағы уақытта ұлт ретінде жоғалып кету қаупі бар. Мен кей кезде ойлаймын, кезінде ата-бабаларымыз Түркия емес, айталық, басқа материкте жатқан, бізбен бауырлас емес, бір этникалық топқа кірмейтін, мүлде басқа мәдениетті ұстанатын Нигерия еліне қоныс аударса, біз бүгінде нигериялықтардың мәдениетін насихаттап, олардың тілінде сөйлеп жүрер ме едік? Ойлап қараңызшы. Еуропада таразы басын тек түрік емес, неміс, француз, ағылшындардың да мәдениеті басып кетеді. Ал қазақ мәдениеті айдалада қалып қояды. Менің ішімді жегідей жейтіні осы. Бұл – хардшип жағдай. Мен бұл туралы көп ойланамын. Түркия қазақтарының көшу тарихын білетін боларсыз. Қытай үкіметінен қысым көрген олар Алтайдан үдере көшуге мәжбүр болды. Егер олар жылы орындарын суытпай, сол жерде қалып қойса, біз қазір қытайлықтардың тұрмыс салтын қабылдап, олардың мәдениетін ұстанатын едік. Ондағы көптің ішіне кірген соң, біз тұтас ұлт ретінде жойылып кетер едік қой. Сондықтан оқшауланып, ұлт пен ұрпақ болашағын бәрінен биік қойған, көш бойы небір қиын күндерді бастан кешірген ата-бабаларымызға қарыздармыз. Бірақ өкініштісі сол, Еуропадағы жастардың көбі мұны байыбына барып түсіне бермейді. Ата-әжелеріміздің көздің қарашығындай сақтап, алақанымызға салып берген құндылықтарын елемейді. Қазақша білмейтіндеріне алаңдамайды. Оған онша бас қатырмайды. Бұл, әлбетте, көңілге селкеу түсіреді. Мен жастарды еш кінәламаймын. Бәлкім, олардың ата-аналары мұның маңызы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп бере алмаған шығар. Жалпы, бізде кейбір кісілер ата-бабаларының бұл жерге, бейбіт күнге қалай жеткенін түсіне бермейді. Бірақ оларға бүгінде Еуропа жерін жалпағынан басып жүрген біз жолы болғыш адамдар екенімізді түсіндіргім келеді. Оларға бізді осы күнге ата-бабаларымыздың арқасында жеткенімізді айтқым келеді. Үлкендеріміз қазақ екенімізді санамызға сіңіру үшін бар ғұмырын сарп етті. Сондықтан біз де қол қусырып отырмай, әрекет етуге тиіспіз. Мен расымен болашақ ұрпақ үшін алаңдаймын. Бұлай жалғаса беретін болса, бізден тарайтын ұрпақ «Ата-бабамыздың жолын жалғастыра ала ма? Ұлт ретінде жоғалып кетеміз бе?» деген сұрақтар көкейімде тұр.
Әлбетте, мен Түркия халқына ризамын. Оларды өте құрметтеймін. Жетпіс жыл бұрын құшағын ашып, жылуын аямаған, қонақжайлылық көрсетіп, бауырмалдық танытқан оларға алғысым шексіз. Дегенмен біздің жеке ұлт екенімізді естен шығармасақ деймін. Мен әкесі немесе анасы түрік бауырларымызды еш сөкпеймін. Бірақ арамызда мен секілді ата-анасы таза қазақ жастар жетерлік. Олар әлі күнге дейін түрік мәдениетіне қызығады. Менің оларға қызықпа, ұстанба демеймін. Бәрібір өсіп-өнген ортасы әсер етпей қоймайды. Бірақ олар түп-тамырын, қайдан тарайтынын, қандай ұлт екенін ұмытпауға тиіс. Ең бастысы, өз ана тілін жетік білуі қажет. Бұл – тек Еуропа жастарына емес, Қазақстандағы жастарға да қатысты мәселе. Өйткені елдегі жастар орысша сөйлеуге бейім екенін сіз жақсы білесіз. Бүгін құрылтайға Қазақстаннан келген біраз кісілер орысша шүлдірлеп жүр. Жаңа бір кісіге сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Мен орысқа тіпті ұқсамаймын. Қазақ екенім бет-әлпетімнен-ақ байқалып тұр.
– Дөңгелек үстел басында отырған елуге жуық жастың сізді ұйып отырып тыңдағанын аңғардық. Бұл кездесуден соң, «сең» орнынан қозғалар.
– Мен де солай үміттенемін. Кездесуге келгендердің көпшілігіне әсер еттім деп ойлаймын. Оңашада қалғанда құндылықтар туралы ойланып, ой түйер. Менің бастамамды қолдап, қол қусырып отыра бермей, анығында бірдеңе істеу керек екенін түсінген болар. Қазір оларда көп нәрсені өзгертуге мүмкіндік бар. Шынайы қаласа, мен көтерген мәселелердің шешімін таба алатыны анық.
– Жиында неліктен ағылшын тілінде сөйлегеніңізді енді түсіндім.
– Неге ағылшынша сөйледім дейсіз? Үстел басында отырғандардың бәрі түсінсін деп, әдейі сол тілде сөйледім. Қазақша сөйлесем, онда жиналғандардың тоқсан пайызы түсінбейтін еді. Түрікше сөйлесем де, біраз адам мен жолдағым келген месседжді түсінбес еді. Осы құрылтай аясында өткен бұл жиналысқа Англиядан әдейі келгендіктен, осылай сөйлеймін, осылай жеткіземін деп дайындалып келдім.
[caption id="attachment_225371" align="alignleft" width="504"]
Отбасымен[/caption]
– Кезінде Алтай губернаторы, Шыңжаң аралас өлкелік үкіметінде Қаржы министрі болған тұңғыш қазақ Жанымхан Тілеубайұлы, Үрімшіде көшбасшы болып, Кашмир өлкесінде, кейін Түркияда біраз игі істер атқарған саяси қайраткер Дәлелхан Жаңалтай секілді текті тұлғалармен туысатын сіздің ұлт мәселесіне неліктен алаңдап жүргеніңіз белгілі болды. Әкеңіз Бешір аға да ұлтшыл азамат екенін көпшілік айтып жүр.
– Иә, Жанымхан, Дәлелхан аталарымның, әкемнің ізбасары болған соң, жалпы Жаңалтай тегін арқалап жүрген соң, мойнымда үлкен жауапкершілік бар екенін сеземін. Бірақ әулетімде маған ешкім «Сен – Жаңалтайдың ұрпағысың. Сен осындай болуың керек. Сен осылай істеуің қажет» деп бұйыра сөйлеп, игі іс жасауға мәжбүрлемеген. Бұл маған өздігінен келді. Бұл – менің ішімді жарып шыққан шынайы сезім. Ішкі дауысым.
– Ол сезім Қазақстанға екі жыл тұрақтап, қазақ тілін үйреніп қайтқалы бері күшейе түспесе, азаймаған шығар.
– Дәл солай. Соңғы рет Алматыға 2013 жылы барған едім. Сол кезде көп нәрсені терең түсініп қайттым. Есептеп қарасам, мен мұны он жыл бойы ішімде сақтап жүріппін. Кеше дөңгелек үстелде бір ақтарылып, жеңілдеп қалдым. Жалпы, бұл айтқаным мәселе күйінде қала салмай, оң нәтиже берсе екен. Қазақстан мен Еуропадағы қазақ жастарының арасында көпір орнатылуы қажет. Қазақстанда Еуропа қазақтарының қатысуымен түрлі жиындар, фестивальдер өткізілсе құба-құп болар еді. Бірақ ол жиындардың басым бөлігі жастарға бағытталса екен деймін. Өйткені біз – болашақпыз! Еуропада қазақ деген мықты ел, текті халық екенін таныстыратын – бізбіз! Ұлттық құндылықтардың иесі – бізбіз!
– Алматы демекші, алдағы уақытта Алматыға бару жоспарда бар ма?
– Бұйырса! Демалып қайту жоспарда бар. Одан бөлек, жарым Элифке Алматыны көрсеткім келеді. Негізі, Алматы маған қатты ұнайды. Табиғатына тамсанудан шаршамаймын. Аспанмен теңесіп тұрған тауларды көру үшін алысқа барудың қажеті жоқ, көшеге шықсаң жеткілікті. Алматыдан бөлек, Астана, Түркістан, Көкшетау қалаларында болдым. Алдағы уақытта ел мақтап жүрген Ақтау қаласына саяхаттап қайтқым келеді. Қазақстанда туыстарымнан бөлек, достарым да бар. Қазақ тілін ұмытпау үшін әлеуметтік желі арқылы олармен бейнебайланыс жасап, үнемі хабарласып отырамын.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ