«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордадағы «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубына барып, ерекше қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Мұнда аталған клубтың негізін қалаушы Садық Байымбетов және өзге де жаттықтырушылар ерекше қажеттілігі бар балаларды аптасына 3 күн тегін жаттықтырады.
«Бұл шуақты мереке қарсаңында AMANAT» партиясы еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шара ұйымдастырып жатыр. Мәселен, бүгін осы «Жас жауынгер» клубының бүлдіршіндерін қолдап келіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, партия клуб мүшелеріне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Бала құқығын қорғау, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау шаралары сайлауалды бағдарламамызда да жан-жақты қамтылды. Ел ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер. Сондықтан, партия балақайларға барынша қолдау көрсетіп, кейінгі жас толқынның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін салуға дайын», – деді партия Хатшысы Дәулет Кәрібек.

«Осы клубқа үш жылдан бері келіп жүрмін. Бокс және күреспен айналысамын. Мұнда тек дене шынықтырып қана қоймай, жаңа дос таптық. Осы жерде уақыт өткізген ұнайды. Бүгін де қызықты жаттығу өтті. 1 маусым – біз үшін ең қуанышты әрі жыл сайын асыға күтетін күн. Сондықтан бүгінгі іс-шараға ұйытқы болып, жарқын көңіл-күй сыйлаған «Жастар Рухына» алғысымды білдіремін», – деді клуб мүшесі Амаль Ескенеев.


Суретті түсірген: Мейірбек Тажқұранов