Жақында сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі жарияланғаннан кейін әлі тергеу изоляторында отыр деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев олардың қай жерде екенін айтты.
«Жоқ, ол (Боранбаев) әлі тергеу изоляторында. Мәсімов ҰҚК-нің тергеу изоляторында. Әзірге ол қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне келген жоқ», – дейді Мейрам Аюбаев.Мейрам Аюбаевтың айтуынша, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары ішкі істер, арнайы органдар, құқық қорғау және сот органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған қылмыстық-атқару жүйесінің екі мекемесінің бірінде жазасын өтейтін болады. Қазақстанда барлығы мұндай екі мекеме бар: біреуі (орташа қауіпсіздік) – Өскеменде, екіншісі (ең жоғары қауіпсіздік) – Семейде.