24 мамырда Мәжілістің пленарлық отырысы өтті. Депутаттар жиында бірнеше заң жобасын талқылады, соның ішінде жаңа заң жобалары да бар. Атап айтқанда, қоғам назарындағы Ұлттық қор қаражатын балаларға беру, заңсыз елден шығарылған активтерді қайтару мәселелері бар. Активтерді қайтару туралы заң жобасы қаралды Палатаның комитеттері заңсыз сатып алынған активтерді төрт ілеспе жобамен, атап айтқанда «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Салық және Әкімшілік кодекстерге, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекетке қайтармақ. Сонымен қатар «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгеннен кейін Бас прокуратураға қарайтын заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады, ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын болады. Бұдан басқа, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылмақ. Қорытындыда қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылды. Заңнама және сот-құқықтық комитетінің қорытындысы бойынша, заң жобаларын қабылдаудың мынадай оң әлеуметтік-экономикалық салдары бар: қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою. Осылайша, комитет активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылатынын, заң жобаларын жұмысқа алуға дайын екенін мәлімдеді. Магеррам Магеррамов, Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық комитетінің хатшысы: 11 кодекс және 13 заңға түзету енгізіледі – Аталған бес заң жобасын «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №3 Жарлығын орындау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі. Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу. Ілеспелі заң жобалар негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді, сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету енгізілмек. Атап айтқанда, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады. Жалпы, 11 кодекс және 13 заңға түзету енгізу көзделіп отыр. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы талқыланды Мәжілісте Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдерге қатысты заң жобасының қорытындысын әзірлеу мәселесі қаралды. Заң жобасы Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу мақсатында әзірленген. Бастама бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы шоттарында жинақталатын болады. Балалар қаражатты кәмелетке толған кезде тұрғын үй немесе жинақ есебінен білім алу үшін жұмсай алатын болады. Естеріңізге сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде алғаш рет ұлттық байлықты 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге бөлу туралы бастама көтерілген еді. Яғни, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бірдей бөлінетін болады. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан мен Түркия арасында сауда процесі жеңілдетілмек Түркиямен ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдету туралы келісім өткен жылдың мамыр айында жасалған болатын. 24 мамырдағы жалпы отырыста депутаттар келісімді ратификациялады. Құжат күшіне енгеннен кейін Қазақстан мен Түркия аумақтары арасында тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы электронды ақпарат алмасу арқылы тиімділік артып, кедендік бақылау мерзімі қысқаруы қажет. Келісім мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қарауынан өткен. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын қабылдауды ұсынып, жалпы отырыстың қарауына енгізуге болады деп мәлімдеді. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасын қолдайтынын білдірді. Сұйытылған газ айналымы реттеледі Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл құжат 2023 жылғы 11 қаңтарда бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мәліметінше, жұмыс тобына 65 түзету келіп түскен, олар жауапты министрліктер, ведомстволар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралған. Сұйытылған газды пайдаланудың барынша ашықтығын қамтамасыз ету заң жобасының бірқатар нормалары арқылы іске асырылмақ. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева заң жобасы сұйытылған газды қарапайым тұрғындарға қолжетімді ету үшін әзірленгенін айтты. Екатерина Смышляева, Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы: Сұйытылған газ қолжетімді болады – Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы газ саласын сапалы қайта жүктеуді тапсырды. Сұйытылған газ – шектеулі ресурс. Бір жағынан, газ тапшылығы өндіріс көлемінің төмендігімен байланысты. Бағаны үнемі шектеу зауыттардың жұмысын тиімсіз етеді. Екінші жағынан, газ нарығы өте жабық, жосықсыз делдалдық және көлеңкелі экспорт бар. Бұл мәселені шешудің екі нұсқасы бар. Біріншісі – барлық бағаларды реттеуді болдырмау. Ресурстың құны нарықтық болады, бірнеше есе өседі. Бірақ жоғары бағамен өндіріс пен импорттың өсуіне байланысты тапшылық жойылады. Тағы бір жол – тапшы тауардың айналымын ашық басқару. Төмен баға сақталады, тапшылық нарық пен тарату жүйесінің ашықтығы есебінен азаяды. Сұйытылған газ нарығын реттеудің нарықтық және әлеуметтік моделі арасында екіншісі – әлеуметтік модель таңдалды. Азаматтарымыз үшін сұйытылған газдың қолжетімділігі – заң жобасының басты міндеті. Бұл заң жобасы – тапшы ресурстарды басқару процестерін автоматтандыру кезеңдерінің бірі. Бұдан басқа, заң жобасында энергетика саласындағы уәкілетті органға сұйытылған газға өндірістен бөлшек саудаға дейінгі баға белгілеу әдіснамасын айқындау құқығын беру көзделген. Заң жобасында ұсынылған сұйытылған газ нарығын реттеу моделі оны қарапайым тұтынушыға қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс қарауындағы мәселелер
Мәжіліс қарауындағы мәселелер
