«Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері Алматыдағы колледжде өздері қамқорлық танытқан «Жарқын болашақ» қайырымдылық жобасының қатысушыларымен кездесті.
Онда «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас демеушілігімен ел өңірлеріндегі үздік орта арнаулы білім орындарында оқуға мүмкіндік алған Жаңаөзен жасөспірімдерінің алғашқы оқу жылы қорытындыланды.
Алматы қаласында жаңаөзендік 12-22 жас аралығындағы 92 өскелең ұрпақ өкілі 14 оқу ошағындағы 2022-2023 жылдар аралығындағы оқу кезеңін тәмамдауда.
«Бірінші оқу жылы студенттер үшін өте маңызды. Себебі, осы кезде болашақ армандар мен жоспарлар көкжиегі айқындалады, жаңа достар пайда болып, ересек өмірге қадам жасалады. Жоба арқасында мұнайлы өңір жастарына келешекке үлкен жолдама сыйланады деп үмітенеміз», - деп атап өтті Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.«Bilim Foundation» корпоративтік қоры іске асырудағы жоба барысында Жаңаөзен қаласынан 177 жасөспірім еліміздің 9 өңіріндегі 45 білім беру ұйымында білім алуда. Олардың басым бөлігі, яғни 161-і колледждерде орта арнаулы кәсіби білім алса, қалған 16 оқушы мектеп қабырғасында оқуға ден қойған.

