Қарағандыда микроқаржы ұйымына қарақшылық шабуыл жасаған екі ер адам Астана қаласында ұсталды деп хабарлады turkystan.kz Рolisia.kz-ке сілтеме жасап. 5 мамыр күні сағат 18:00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарлама түскен. Онда белгісіз екі адам шағын несие беру ұйымына бас көктеп кіргені, 30 жастағы менеджер әйелді тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, кассадан 1 млн 29 мың теңге алып кеткені туралы айтылған. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
«Ауыр қылмысты ашу мақсатында департамент аппаратының криминалдық полициясының, сондай-ақ Қарағанды қалалық полиция басқармасының және оның аумақтық полиция бөлімдерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылды. 7 мамыр күні жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында Астана қаласында күдіктілер – 23 және 25 жастағы екі ер адам ұсталды. Айғақ заттар тәркіленді», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің санкциясына сәйкес, ұсталғандарға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.