WhatsApp желісінде Қазақстанның әрбір азаматы «кем дегенде 193 817 лв» ала алатыны туралы ақпарат тараған болатын. Stopfake.kz сайты бұл ақпараттың фейк екенін анықтады деп хабарлады turkystan.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 наурызда Парламент Мәжілісінің сайлауы өтетіні жөнінде, сондай-ақ экономиканы қалыпқа келтіру, соның ішінде құқылы азаматтарға қаржылай көмек көрсету жоспары туралы мәлімдеді. Егер сіз Қазақстан азаматы болсаңыз, кем дегенде 193 817 лв» алу мүмкіндігіңіз бар», - делінген таратылған хабарламада.

«Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір азаматына төлем жасау бағдарламасы туралы сол кезде де, қазір де айтылып жатқан жоқ. Сонымен қатар таратылымда сома «лв» белгісімен көрсетілген. Бұл қазақстандық теңгенің емес, лев – болгар валютасының белгісі. Онымен қоса, төлемді ресми интернет-ресурстан емес, worldcup-a2.buzz сайтынан алу ұсынылған. Сайттың басты бетінде батырма орналастырылған, соған өту арқылы төлем алуға болады-мыс.

Алайда оны басқаннан кейін пайдаланушыдан арнайы жолға «ұялы телефон» нөмірін енгізуі сұралады. Осындай үлгідегі безендіруі және контенті бар сайттар мемлекеттік органдарға тиесілі еместігі және нақты мемлекеттік бағдарламаларға жанама болсын қатысы жоқ екені анық. Қорыта айтқанда, бұл ақпарат – пайдаланушылардың жеке деректерін осылай жинайтын алаяқтардың ісі», - делінген Stopfake.kz сайтында.