Соңғы екі күнде әлеуметтік желілерде ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуды көздеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айнұр Полатованың Talapai атты стартап жобасы туралы жиі айтылып жатыр. Филология факультетінде оқитын Айнұр онда таратылған мәліметтің біразы бұрмаланғанын айтады. Құрамына «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» секілді бес ұлттық ойын кіргізген Talapai жобасы расымен көрген адамды таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, сөмке тәрізді ағаштан жасалған, сыртында оюы бар қорабына қызықпау мүмкін емес. Мұны әлемдік деңгейге шығарғысы келген 22 жастағы Айнұр былтыр Швейцария тауларының етегінде киіз үй стилінде бутик ашқан әйгілі Louis Vuitton-ға хат жолдаған. Сән үйіндегілер де бұл жобаға таң-тамаша болса керек, екі аптадан соң жауап жазып, Парижде кездесіп, ақылдасуға дайын екенін айтқан. Еуропаны аралап, ұлттық ойындарымызды дәріптегісі келетін Айнұрға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Стартап жоба әзірлеп жүр дегенге сізді ақпараттық технология факультетінде оқитын болар деп болжап жүрсек, филолог маман екеніңізді білген кезде таңғалысымызды жасырмадық.
– Мен – Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тумасымын. №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында оқыдым. Алғашында, физика және математика пәндеріне қатты қызығып, түрлі жарысқа қатысып жүрген едім. Бірақ 9-сыныптан бастап шығарма, өлең жазуға ынтам бар екенін байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі назарымды сол арнаға бұрып, қолдау көрсетті. Сосын үш жыл қатарынан Ақтөбенің атынан көп сайысқа қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрдім. 11-сынып оқып жүргенде біраз грант ұтып алдым. Сөйтіп, болашағымды филологиямен байланыстырамын деп Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ филологиясы мамандығына оқуға түстім. Ал магистратураны басқа қалада оқығым келді. Негізі ол кезде Түркияның Стамбул университетіне оқуға түскен едім. Бірақ ата-анам жібермей қойды. Онда Астанада оқығаным дұрыс болар деп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Қазір осында магистратураның 1-курсында оқимын.
– Ұлттық ойындарды стартап арқылы жаңғырту идеясы қайдан келді?
– Мен – бір орында отырмайтын адаммын. Үнемі бірдеңе істеп жүруім керек. Іске асырғым келетін идеям жетерлік. Ал Talapai жобасы туралы идея биыл тамыз айының соңында туындады. Астанаға келген соң бірдеңемен айналысуым керек болды. Көпшілігіміз әлдебір идеяны ойлаймыз да, ұзақ уақыт ішімізде пісіріп, бірден бастай алмай жүреміз ғой. Ал маған бірден бастап кету керек. Негізі, нақты идея антикафеден туындады. Бізде не көп, шетелдің ойындары көп. «Ал сол ойындардың орнын алмастыратын қазақы дүние бар ма екен бізде?» деген сұрақ маза бермеді. Әу баста ойыма қорапшадағы асықтар келді. Бірақ оны немен байланыстыратынымды білмей, бас қатырдым. Сосын Астанада ұлттық академиялық кітапханадан бастап өзге кітапханаларды аралап, ұлттық ойындарымыз туралы еңбектер мен энциклопедияларды ақтардым. Олардың арасынан үстел ойынына келеді-ау дегендерін теріп алдым. Ережелерін өзара салыстырдым. Белгілі этнографтардың пікірін оқыдым. Филолог маман болған соң зерттеу, талдау процестерімен жете таныспын. Сөйтіп, бар тапқанымды бір жүйеге келтірдім. Бастапқыда бұл жобаға жеті ойын кіріктіремін деп жоспарлаған едім, бірақ қаражат тапшылығына байланысты бес ойын ғана енгізуіме тура келді. Олар – «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі және «Тоғызқұмалақ» ойындары. Тағы төрт-бес ойын әзірлеп қойдым. Бұйырса, қаражат мәселесі шешілген соң оларды да шығарып қалармын деген ойдамын.
– Жасөспірімдерді тапанша кезеуге, тіпті суицидке итермелейтін ойындар қаптап жатқан кезде сіз ойлап тапқан Talapai жобасы ұлттық тәрбиеден ажырап бара жатқан қазақты түп қазығына тартатын таптырмас құрал десек, артық айтпаспыз.
– Иә. Бұл жайттар да менің осы стартапты іске асыруыма түрткі болды. Мен – үйдің кенжесі болсам да, туысқан аға-әпкелерім балаларының үнемі телефонға телміріп отыратынын айтып, шағымданады. Жай ғана телміріп қоймай, психикасын бұзып алған іні-сіңлілерім бар. Қанша жерден оларды жаныма жақын тартып, ақылымды айтсам да, көбі бері бұрылмай, ештеңеге қызықпайтынын айтады. Ал мен білім, ізденіс жағына ұмтыламын. Сондықтан айналамда сондай орта құрғым келеді. Бірақ ол ортаға іні-бауырларым онша тартыла бермеді. Talapai-ды әзірлеу кезінде оларға да пайдасы тисе екен деген ұстанымды есте ұстадым. Күткенімдей, олар қазір мұны мойындап, қызығушылық танытып жүр.
– Әр ойын сөмке тәрізді ағаштан жасалған, сыртында ою қашалған қорапта ұсынылған. Әрі бұл жай ағаш сөмке емес, функционалды сөмке екенін байқадық. Оны ашып, ойын ойнауға болады. Керемет құрастырылған!
– Бұл идея туындаған кезде графикалық дизайнердің көмегі керек екенін түсіндім. Сөйтіп, дизайнер іздестіре бастадым. Бастапқыда студенттермен жұмыс істегенім дұрыс деп санадым. Жалындап тұрған, жаңашылдыққа құмар жастардың тың идеялары бар шығар, әрі бұл қаражат жағынан да тиімді болар деп ойладым. Бірақ олардың жұмысы көңілімнен шықпады. Маған сапалы дүние керек болды. Сөйтіп, ұлттық оюларымызды жаңғыртып жүрген мықты маман Жанғазы Сейдахметовпен кездесіп, идеямды ортаға салдым. Жобаны қалай елестетенімді, қалай көретінімді айттым. Қағаз бетіне түсіріп бердім. Оған да бұл идея қатты ұнап қалса керек. Бірден келісе кетті. Мен бұл жобаның тиімді болатынына әу баста сендім. Алдымен, өз-өзіме сендім. Өзіме сенбесем, бұл жобаны бастамас едім. Сосын осындай идеям бар екенін бір-екі адамға ғана айттым. Ал айналамдағыларға, әсіресе ата-анама айтсам, олар «Керек емес. Шығындаласың» дегендей сөздерді еститін едім. Менің кері қайтқым келген жоқ. Сол үшін маған расымен сенеді-ау деген бір-екі адамға ғана айттым. Әзірлеу барысында сол кісілердің айтқанын тыңдап, қанаттанып отырдым. Егер басқалардың айтқанына құлақ ассам, бәлкім, орта жолда тоқтап қалар ма едім?!
– Кеше жарияланған бір сұхбатыңызда ЕҰУ бизнес-инкубаторы ұйымдастырған байқауда қаржылай сыйлық ұтып алғаныңыз туралы айттыңыз.
– Сұхбат демекші, байқап қарасам, мен туралы дерек көп сайтқа шығыпты. Мен бір ғана сайтқа сұхбат бергенмін. Одан кейін ЕҰУ-дың баспасөз қызметкерлері хабарласып, қажет мәліметті жазып алған. Бірақ кейбір тұстарын бұрмалап, дұрыс жеткізбепті. Оны басқа сайттар дереккөз ретінде пайдаланған. Маған мұндай нәрсе ұнамайды. «Сәуірде Парижге барады екен», «Сөмке жасайтын қыз» деп жарыса жазғаны тіпті ұнамады. Мен Парижге сәуірде емес, жазда баруды жоспарлап отырмын. Сосын мен сөмке жасаумен айналыспаймын (күліп). Ал қойған сұрағыңызға жауап беретін болсам, ЕҰУ бизнес-инкубаторы студенттермен тиімді жұмыс істейді. Алматыда ҚазҰУ-да оқып жүргенде мұндай мүмкіндіктер бола бермейтін. Ал мұнда маған ұнайтыны, жасампаз студенттерді өздері іздейді, өзің барсаң да бетіңді қайтармайды. Бұл туралы естіген мен оларға барып, идеямды жайып салдым. Жаңылыспасам, олар екі айда бір рет қаржылық сыйақысы бар жарыстар ұйымдастырып тұрады. Сол жарыстардың біріне қатысып, 2-орынды иелендім. Екінші орын иегеріне 100 000 теңге беріледі. Бұл жобаға кеткен шығынды өз қалтамнан өтегендіктен, 100 000 теңге маған кәдімгідей көмек болды.
– Бірақ сапалы істелінген бұл жобаға жүз мыңнан да көп қаражат кеткен шығар. Мұны санаулы адамға ғана айтсаңыз, сізге ешкім қаржылай қолдау көрсете алмаған болар?
– Мен сізге шынымды айтайын. Бұл жобаға 1 миллионнан да көп қаражат жұмсадым. Айтып тұрмын ғой, бұл туралы ата-анам білген жоқ. Айналамдағы бір-екі адам ғана білді. Соның біреуі «Сен неге олай жасап жатырсың? Стартап деген бұлай жасалмайды» деп ақылын айтты. Бірақ мен әр ұсақ-түйекке мән беретіндіктен, ешкімге жар салмай, басынан аяғына дейін өзім жасап шыққым келді. Расында, бұл – өте маңызды жоба. Бұған жүрдім-бардым қарай салуға болмайды. Бұл – мен ойлап тапқан ойын емес, халықтың ойыны. Дизайн құрастыру, қайта жаңғырту жағынан үлесім бар шығар. Бірақ ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды халық назарына шығаруды көздеген менде көпшіліктің көңілінен шықса екен деген ниет басым болғандықтан, әзірлеп жатқан дүниемнің сапалы болғанын қаладым.
– Біз, журналистер былтыр жыл соңында Швейцария тауларында орналасқан Санкт-Мориц курортында Louis Vuitton-ның киіз үй стилінде бутик ашқанын жарыса жаздық. Біз оған ақжолтай жаңалық ретінде қарасақ, сіз оған өз шығармашылығыңызды танытатын, төл мәдениетімізді насихаттайтын мүмкіндік ретінде қарапсыз. Сол жаңалық шыққан кезде Louis Vuitton сән үйіндегілерге бірден хат жаздыңыз ба?
– Жоқ, бірден жазбадым. Биыл қаңтар айының ортасында жаздым. Оларды бірінші қызықтыру үшін өзімді таныстырып, ұлттық ойындарды зерттеп, соның негізінде стартап жобалар әзірлеп жүргенімді айттым. Менің жобаларымның бірінің сыртқы концепциясы Швейцария тауларында ашқан сол дүкендерінің құрылымына ұқсайтынын, бұл бір жағынан ойын, екінші жағынан сөмке екенін тілге тиек еттім. Мұның олар үшін әлем қызыға қарайтын тың идея екенін де қоса кеттім. Есіңізде болса, былтыр Louis Vuitton Месси мен Роналдуды қатыстырып, шахмат ойынын жарнамалаған еді ғой. Сол секілді дүниелерді байланыстырып, неге осындай формадағы сөмке жасамасқа дегендей идеяларымды ұсындым.
– Әлемнің әр түкпірінде апта сайын сән көрсетілімін өткізетін, небір алпауыттармен келісімшарт жасасатын Louis Vuitton-дағылар жауап жазады деп күтпеген боларсыз?
– Жоқ, күтпедім. Шыны керек, олардың жауап беруі мен үшін маңызды болмады. Себебі осы жобаны әзірлеу кезінде «жоқ» деген жауапты естуге дайын болуды үйрендім. Бірақ айым оңынан туып, Louis Vuitton-дағылар екі аптадан соң жауап берді. Онда менің идеям ұнағанын, алдағы уақытта мені күтетінін айтып, қосымша көмек үшін Louis Vuitton кеңсесіне хабарласу керек екенімді жазған. Сондай-ақ телефон нөмір жазып жіберген. Әлгі нөмірге хабарласқанымда олар жақынырақ танысу үшін мені Парижге шақырды. Сәуір айында Германияның Франкфурт қаласындағы Гёте атындағы университетке академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға бармақпын. Сосын жазда ары қарай Парижге бару ойымда бар. Осы тұста бірдеңе айта кетейінші. Қазір ою-өрнектеріміз әлемнің әр жерінде қолданылып жүр. Ұлттық дүниелеріміздің басқа елде ұтымды пайдаланылуы маған ұнамайды. Мен оған жай қарап отыра алмаймын.
Ел ішінде жаңалық таралғалы бері көпшілік жақсы пікір жазып жатыр. Арасында «Ертең Louis Vuitton идеяңды ұрлап алады. Ал сен далада қаласың» дегендей, бірді-екілі жағымсыз пікір жазып жатқандар да бар. Олар Louis Vuitton-ға хат жазған кезде, өз ойымды нақты жеткізгенімді, мен тек белгілі бір келісіммен жұмыс жасайтынымды білсе екен деймін. Мен ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоямын. Әкем «Халқыңа пайдаң тимесе, күн кешудің мәні жоқ» дегенді жиі айтатын. Түркияға оқуға жібермей, осында ұстап қалғаны да сондықтан болар. Өйткені менің ата-анам – өте патриот жандар. Мұны көріп өскен мен жастайымнан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп өстім. Сондықтан менің идеямды ұрлап алуға, Қазақстанның атын өшіріп тастауға жол бергізбеймін. Парижге барғанда қасыма еріп баратын, француз тілін жетік білетін, білімі мен біліктілігі жарасқан сенімді адамым бар. Сондай-ақ мені қолдайтын тағы екі-үш адам еріп баруға дайын отыр. Мен өз құқығымды, өз ұлтымның құндылықтарын жерге таптатып қоятын адам емеспін. Бар болғаны, мұны ұтымды пайдаланып қалғым келді. Сондықтан киіз үй бестемшесімен байланыстырып осындай ұсыныс жасадым.
– Кеше Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Әлихан Байменовпен кездескеніңізді көрдік. Құрамына тоғызқұмалақ енген Talapai жобасы туралы естуі бар ма екен?
– Әлихан аға бұған дейін бұл жобаны көргенін, бір сайттан оқығанын айтты. Бірақ оған қазір Италияда жүрген, ол кісінің қоғаммен байланыс орнатуға жауапты маманы Айжан нақтылап жеткізіпті. Ал Айжанға «Осындай қазақ қызы осындай дүниелер жасап жүр» деп Италия қазақтары айтқан екен. Елдегілерден емес, сыртта жүргендерден естігеніне қатты таңғалдым. Мен үшін үлкен масштаб болды. Себебі елден жырақта жүрген біреу насихаттайды деп мүлде елестетпеген едім. Мен – қарапайым адаммын. Мұндай таңдай қақтыратын жаңалық болып жатса да, ешкімге айтпай, іштей қуанып жүре бердім. Бірақ Әлихан ағай
«1 наурыз – Алғыс айту күніне орай алғысымды айтайын» деп арнайы шақырды. Кездестік, ұлттық ойындарды таныстырдым, жоспарларымды бөлістім.
– Әлихан ағайға айтқан жоспарларыңыз туралы біз де біле отырсақ.
– Қазіргі жоспарым – Германияға барып, тек оқу емес, ұлттық ойындарымызды насихаттау. Кеше Әлихан аға Франкфуртқа жақын жерде орналасқан бір қалада қазақтар көп тұратынын, олардың тоғызқұмалаққа қатты әуес екенін айтып қалды. Алдымен, Германияны, сосын Еуропаны аралағым келеді. Жай аралап қоймай, жүрген жерімде ұлттық ойындарды насихаттауды көздеп отырмын. Әрбір ойынның ережесін үш тілде әзірледім. Оны не үшін жасадым дейсіз? Шетелдіктерге көрсетіп, «Бізде де қызық ойындар бар. Ешкімнен кем түспейміз» деп таныстыру үшін. Сондықтан Парижге барып, жобамды ойдағыдай қорғап шықсам деймін. Елге келген соң, атқаратын шаруа көп. Тасада қалып келген басқа ойындарды жаңғыртып, түрлі чемпонат ұйымдастырғым келеді. Мектеп бағдарламасына бестемшені пән ретінде енгіздірсем деймін. Мәдениет министрлігіне бірнеше ұсыныс жасағым келеді. Істегім келетін тірлік өте көп. Бірақ қазір мені басқа нәрсе алаңдатып тұр. Наурыз айының ортасында Франкфуртте болуым керек еді. Бірақ виза алудағы қиындықтар салдарынан онда уақытылы бара алмайтын секілдімін. Дәлірек айтсам, виза алуға ақша жетпей тұр. Үш айға берілетін Шенген визасын алу оңай. Ал алты айға берілетін оқу визасын алу күрделірек. Германияда оқу үшін онда тұратын әр айға арналған шот ашып, онда 932 евро салуың керек. Алты айға қажет соманы есептесек, маған 2 млн 700 мың теңге қажет екен. Ал мен барлық қаражатымды Talapai жобасына салғандықтан, менде дәл қазір ондай қаржы жоқ болып тұр.
– Сізге хабарласқалы бері байқағаным, көпшіліктен мұндай реакцияны күтпеген сіз жобаларыңызды пысықтап, тыныш жүргенді қалайтын секілдісіз.
– Дәл айттыңыз. Расымен, мұндай реакцияны күтпедім. Әрі мені танысын деген мақсатты тіпті көздемедім. Күн сайын жобамды жетілдіріп, өз жайыммен, тыныш жүрген қызбын ғой. Шыны керек, солай тыныш жүре бергенім дұрыс еді (күліп). Өйткені қазір мен туралы жазатындар, айтатындар көбейіп кетті. Анда шақырады, мында шақырады. Бәрі қарбалас болып кетті. Мысалы, бүгін таңғы тоғыздан түскі үшке дейін бірнеше түсірілімге қатысамын. Ал бұл уақытыңды, күшіңді тәрк етеді.
– Іске сәт! Еңбегіңіз жана берсін!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ