– О, батыр! Атың кім?
– Николай.
– Ұлтың кім?
– Неміс.
– Осы ауылдың баласысың ба?
– Иә.
Фотограф Ернар Алмабектің осындай диалогпен басталған видеосы 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельді бір-ақ күнде танымал етті. Жұрт қазақтың ұлттық ат спорты ойынын серік еткен неміс баласының қазақ тілінде еркін сөйлегеніне сүйсінді. Расында, атпен шауып келіп, фотографтың камерасына іліккен Николайдың екі беті аяздан алмадай қызарған бейнесі ауылда алаңсыз жүрген сәттерді көз алдымызға келтіргендей.
Фотограф шабандоз баланы Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына ролик түсіруге барғанда кездейсоқ кездестірген. Камера көзімен бүгінгі қоғам келбетін кескіндеп жүрген маманның бір топ баланың ішінен Николайға назар аударуы да бекер емес еді.
[caption id="attachment_213150" align="alignnone" width="1600"] Николай Ернар Алмабекпен бірге[/caption]
«Бұған дейінгі видеоларымның бәрі Тоғызбұлақта түсірілген. Жалаңаш – біздің ауылдың орталығы. Сол жолы барғанымызда балалар көкпар тартып жүр екен. Негізі, ол жерді түсіреміз деген ой болмаған еді. Өтіп бара жатқан кезде жанымдағы әріптестерім «Дрон ұшырып, түсіріп алсақ қайтеді» деп ұсыныс айтты. Содан тоқтай қалып, видеоға түсірдік. Дронды жинап жатқан кезде екі бала атпен шауып келіп, су сұрады. Одан кейін тағы біреуі келді. Ол да су сұрады. Бірақ оған су жетпей қалды. Бар суды екі бала ішіп қойған болатын. Көкпар тартып қатты шөлдеген болуы керек, «Су таусылды» десек те, «Машинаңызды қараңызшы» деп өтініп, ентігіп тұр. Фотограф болған соң жан-жағымдағы кейіпкерлерді қарап жүретінім бар. Фактурасы, бәрі жақсы болса, суретке түсіремін. Анықтап қарасам, сап-сары бала екен. Атын сұрасам, «Николай» деді. Одан кейін таңғалып, ұлтын сұрадым. Әкесі неміс, анасы қазақ екен. Жалаңашта тұрады. Бұған дейін түсірген бейнежазбаларым әлеуметтік желіде жақсы қаралатын. Бірақ Николайды түсірген видео әдеттегіден көп қаралып, бірден қоғам назарын аударды», – дейді Ернар Алмабек.

«Қала балаларының ойын-сауық орталықтарына, кафеге барып туған күн тойлайтынын көріп үйреніп қалғанбыз. Ат құлағында ойнайтын балалардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылығы, үлкенге деген құрметі жүрегімізді жылытты», – дейді фотограф.Ал алты жасынан атқа қонған Николай көшеде жұрт танып, отандық телеарна мен газет журналистері хабарласып, сұхбат алғанда біраз қобалжығанын, мұндайға енді үйреніп жатқанын айтады. Шабандоз бала Қостанайда дүниеге келген. Тоғыз айында ата-анасы Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына көшіп келген екен.
[caption id="attachment_213156" align="alignleft" width="417"][caption id="attachment_213155" align="alignnone" width="2048"]Әкесімен (Сурет Николайдың жеке мұрағатынан)[/caption] «Жамал Ермегияев атындағы қазақ орта мектебінде 9-сыныпта оқимын. Әкеме осы ауылдың табиғаты, тыныс-тіршілігі ұнаған соң көшіп келген. Әжем 94 жасқа келіп дүниеден өтті. Мені жақсы көретін еді, атыма тілі келмей «Нұрсұлтан» деп атайтын. Үлкен атам мен апам Алматыда тұрады. Алты жасымда атқа мінуді Нұркен атам үйретті. Атамның мамандығы – гидрогеолог, қазір зейнеткер. [caption id="attachment_213152" align="alignright" width="413"]
Николай анасымен бірге (Сурет Николайдың жеке мұрағатынан)[/caption] Әкемнің ұлты – неміс, фермер және техника жөндеумен айналысады. Ал анам – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Үйде екі баламыз. Аделина есімді қарындасым 5-сыныпта оқиды. Әдебиетке деген қызығушылығы зор, жылда мұқағалитану байқауларына қатысады», – дейді Николай.

«Өзім орыс тілінің маманы болған соң үйде кейде орысша сөйлеп қалсақ, «Мама, біз қазақ емеспіз бе? Неге орысша сөйлейсіздер?!» деп отыратын», – дейді анасы.[caption id="attachment_213154" align="alignright" width="434"]

«Мектеп жасына жеткенде атқа мініп, үйдегі азын-аулақ малды қайырып келетінмін. Тоғыз жасымда бір тайым болды. Соны үйретіп жүретінмін. Он бір жасымда сол атыма мініп, достарыммен ауылда өтіп жатқан көкпар ойынын көруге жиі баратын болдық. Содан қызығушылық пайда бола бастады. Мұны байқаған жерлес Есбол және Нұрым ағаларым маған қолдау көрсетіп, ұлттық спортқа баулыды. Сондықтан атам мен осы ағаларыма алғыс айтқым келеді. Қазір де ауылда үлкен көкпарлар өтіп тұрады. Оған да барып тұрамыз. Командалық көкпарда ойнасам деген арманым да бар. Өкінішке қарай, қазір командалық көкпар қатты дамымаған. Ат баптаумен айналысамын. Құлагер, Тайбурыл деген аттарым бар», – дейді шабандоз.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ